ЖЕР ДАУЫ ЖӘНЕ САЯСИ МҮДДЕ

ЖЕР ДАУЫ ЖӘНЕ САЯСИ МҮДДЕ

ЖЕР ДАУЫ ЖӘНЕ САЯСИ МҮДДЕ
ашық дереккөзі
385

Кремльдің «ұртоқпағынан» құтқару үшін. Ал грузиндік биліктің басына келген жаңа үкіметтің жетекшісі Иванишвили «соғыстың басталуына Грузия өзі кінәлі» деп салды. Мәскеулік бағытты ұстанған премьер мен Кремльмен жағаласқан президенттің алдағы саяси додада қайсысы басым түспек?  

2008 жылдың 8 тамызынан кейін Ресей Абхазия мен Оңтүстік Осетияны тәуелсіз мемлекет ретінде мо­йындады, ал Грузия РФ-мен арадағы дипломатиялық қатынасты үзді. Арада бес жыл өткенде РФ премьері Дмитрий Медведев: «Ресей Грузиямен дипломатиялық қатынасты үзген жоқ. Бірақ белгілі бір жағ­дайда қатынасты қайта қалпына келтіруге дайынбыз. Ол үшін Грузия болған жайтты мойындауы тиіс. Бұрынғыға қайтар жол жоқтығына мен сенімдімін», – деп мәлімдеді. «Болған жайт», «бұрынғыға қайту» деп астарлағаны – Грузияны Абхазия мен Оңтүстік Осетияны егемен ел ретінде мойындауға шақыруы. Бар кінәні Саакашвилиге артқан ол: «Біздің қатынасымыздағы соңғы жылдардағы ең жағымсыз жайттар осы шешімді қабылдаған Саакашвили мен оның жанындағылар саяси сахнадан қара үзгеннен кейін бар түйткіл өздігінен шешілмек», – деді. Қазіргі грузин үкіметіне көңілі толатынын жасырмаған Медведев Кремль қойған талаптарды грузиндік әріптесі Иванишвилидің командасы орындайтынына сенімді. Алайда ол осыдан екі ай бұрын Ресеймен арадағы байланыстың жақын күндері қалпына келуі екіталай екендігін жеткізген болатын. Бүгінде гүржілер мен орыстар арасындағы дипломатиялық қатынас тоқтап тұр. Халықаралық республикалық институт (IRI) өкілдері жүргізген сауалнама нәтижесінде 4 мың грузиннің 82 пайызы Ресеймен қатынасты жақсартуға мүдделілік танытқан. Алайда олардың 57 пайызы Ресейді саяси және экономикалық тұрғыда төнген қауіп деп көрсетіпті. Ал 61 пайызы Грузияның NATO-ға мүше болуын қаласа, 67 пайызы Еуропалық Одаққа іш тартады. 

2008 жылы РФ президентінің міндетін атқарған Д.Медведев жуырда халықаралық БАҚ өкілдеріне: «Мен Бас қолбасшыға ешқашан «Грузияға қарсы соғыс ашыңдар, ол жақтағы саяси ахуалға ықпал етіңдер, Саакашвилиді жазалаңдар» деп бұйырған емеспін. Біздің көздегеніміз – Ресейдің қауіпсіздігін қамтамасыз ету», – деп «ағынан жарылып», Саакашвилидің өзіне және оның әріптестеріне аса ұнамайтынын ашық айтты: «Маған және менің әріптестеріме Саакашвили ұнамайды». Соғыс басталған кезде Ресейдің әскери ұшақтары Грузияның бірқатар қаласын атқылағаны белгілі. Бірақ бұл ақпаратты жоққа шығарған Медведев ресей әскерилері тек грузиндердің әскери базаларына оқ жаудырғанын айтып, болған жайтты мойындаудан бас тартты. Гүржілерге қарсы соғыс ашуда қазіргі президент Путиннің де ықпалы зор болғанын ешкім жоққа шығара алмайды. Президенттік тақты өз еркімен Медведевке босатып беріп, премьерлік міндетті мойнына алған, арада 4 жыл өткенде президенттік сайлауда қайта билік басына келген Путиннің ықпалын қазіргі премьер Медведев те ашық айтады: «Абхазия мен Оңтүстік Осетияны егемен ел ретінде тану және әскери күш қолдану туралы шешімімді мен Путинге бірден айттым. Екеуміз көшеде қыдырып жүргенбіз. Ол мені екі сөзге келместен құптады». Бүгінде Кремль гүржілердің қазіргі премьері Иванишвилидің: «Сендер барлығың (Саакашвили мен оның жақтастары – Н.Ж.) арандатып, ұрысты бірінші бастадыңдар» деген сөзін қит етсе, мысалға кел­тіруді ұнатады: «Мүмкін мұны айту оған қиын болған шығар. Бірақ Иванишвилидің бұл сөзі – батырлық» (Д.Медведев).Саакашвилиді Ресей билігінің ұнатпайтын себебі, Грузия президенттігіне екі мәрте сайланған Саака­швили батыстық бағытты ұста­нып, АҚШ-пен серіктестікке ұмтылды. Посткеңестік «шекпеннен» шыққан гүржілер басшысы Кремльдің «ұртоқпағына» көнбейтінін бірнеше рет ашық мәлімдеді.Саакашвилидің қарапайым халыққа жаққан тұсы: құқық қорғау саласында реформа жүргізіп, елдегі сыбайлас жемқорлықты түбірімен жоюға күш салды.

Грузиядағы үстіміздегі жылдың 27 қазанында өткізілетін президенттік сайлауға Михаил Саакашвили қатыса алмайды. Өйткені гүржілердің Атазаңы сайлауға қатысу құқығын 2 мерзіммен шектеген. Ал күздегі дауыс беруде жеңіске жеткен үміткердің инаугурациясынан кейін 2012 жылдың 15 қазанында қабылданған өзгертулер мен толықтырулар күшіне енеді. Аталған құжат билік тізгінін ел президентіне емес, премьер-министр мен үкіметке берген. Саяси науқанда бақ сынасатындар қатарында Грузияның Лейбористер партиясынан Шалва Нателашвили, «Грузиндік арман» – Демократиялық Грузиядан Георгий Маргвелашвили, «Біртұтас Грузия» Демократиялық қозғалысынан Нино Бурджанадзе, Христиандық-демократиялық қозғалыстан Георгий Таргамадзе, Біртұтас ұлттық қозғалыстан Давид Бакрадзе бар. Бүгінде президент пен премьер арасына сызат түскен. Парламенттік сайлаудан кейін Саакашвили Бидзин Иванишвилиді «менің көзімді құрту үшін Путиннен 2 млрд. доллар алды. Осының арқасында Путин бұған дейін мен келісім бермеген барлық мәселені шешіп алмақ», – деп айыптады. Кремльмен арасы әлдеқашан суып кеткен Саакашвили Ресейді іштартатын қандастарына да өкпелі: «Грузияда кейбіреулер «Ресей бізге деген көзқарасын өзгертіп қалар» деген үмітте. Бірақ Ресей ешқашан пікірін өзгертпек емес. Қасқырдың бөлтірігін қанша асырағанмен, орманға қарап ұлиды ғой. Ресей темір сымнан шектеулер қойып, адамдарымызды ұрлап, халықаралық сахнадағы Грузияның беделіне нұқсан келтіруін қоймай отыр». Иванишвилиге есе жіберген өз үкіметінің биліктен ерте айрылғанына қынжылған ол «егер уақыт болғанда тәуелсіздікті нығайту, әлеуметтік ахуалды жақсарту, құқықтық саланы тәртіпке келтіру сияқты бірқатар шараны атқарар еді», – дейді. Ал билікке бизнестен келген миллиардер Иванишвили болса, Саакашвилидің «советтік басқару стилі» 56 жасқа келген өзін саясатпен айналысуға мәжбүрлегенін айтады. РФ президентіне бүйрегі бұратынын жасырмай, ашық айтатын ол бірде тіпті, «Путин билік басына келгелі Ресей анағұрлым еркін өмір сүре бастады. Ал Грузия Саакашвилидің кесірінен қысымға ұшырап отыр», – деген. Путинді жақсы көргендіктен болар, Иванишвили 2008 жылы Грузияға Ресей әскері басып кіргенін орыстардан емес, грузиндердің өзінен көрді. Арада аз уақыт өткенде Грузияның қорғаныс министрі Ираклий Аласаня Абхазия мен Оңтүстік Осетияны әскери күш қолдану арқылы қайтарып алуды көздемейтіндіктерін айтты: «Абхаздармен және осетиндермен керісуді қаламаймыз. Керісінше, олармен экономикалық, инфрақұрылымдық және басқа да салаларда тығыз қарым-қатынас орнатқымыз келеді. Содан кейін барып саяси мәртебе мәселесіне көшеміз». Ресейдің құрамына өту арқылы Оңтүстік және Солтүстік Осетияны біріктіруді көздеген оңтүстік бөліктегі осетиндер көсемі Леонид Тибилов: «Осетин халқы жасанды жолмен екіге бөлінді. Оны біріктіру үшін заңдық және саяси жұмыстар атқарылуы тиіс», – деп мәлімдеді. Оның бұл мәлімдемесін ресми Тбилиси үнсіз қалдырды. 

Иванишвилиді грузин саясаткерлері «Ресей агенті» деп атайды. Бүгінде миллиардерлер қатарындағы ол мол байлыққа 90-жылдары Ресейде кенелген. Қолындағы ресейлік активінің үштен екісін сатып жібергенін айтқан ол «Газпромдағы» үлесін өзгеге қимапты. Ол Абхазия мен Оңтүстік Осетияны Грузияның құрамына қайтарып алу туралы сөз қозғауға аса бейіл емес. Сондықтан да өзге саясаткерлер, мысалы, Саакашвилидің жақтастары Ресейден жер дауын даулап жатқанда, Иванишвили «территориялық тұтастықты қалпына келтіру аса қиын шаруа. Оған өте ұзақ уақыт керек. Мен аса қиялшыл емеспін, бұл өте қиынға соғады бізге», – деді. 

Қазіргі кезде Иванишвили жетек­шілік ететін «Грузиндік арман» саясатына қарсы шыққандар бар. Мәселен, Парламенттегі депутаттық мандатынан өз еркімен бас тартқан «Халықтық партия» көсемі Коба Давиташвили «Грузиндік арман» өкілдеріне бас­ты бәсекелес ретінде президенттік сайлауға түсетінін мәлімдеді.

Кремльдік бағытты ұстанған, бірақ еуропалық елдермен ынтымақтастыққа мүдделі екендігін ресми түрде мәлім­деуден шаршамайтын Иванишвилиге Вашингтон жақтан жағымсыздау хабар жетті өткенде. 2012 жылы Ауғанстандағы әскери шараларды өткізуге атсалысқан Тбилисиді мақтаған америкалық билік келешекте Грузиямен арадағы дипломатиялық байланыс­тар деңгейі төмендеуі мүмкін екендігін, өйткені АҚШ грузиндік жаңа биліктің демократиялық қоғам құруға деген талпынысына көңілдері толмайтынын айтты. Мұның соңы не болары әзір белгісіз. Бірақ Саакашвилидің билік басына Вашингтонның көмегі арқылы келгенін ескерсек, гүржілер қоғамы NATO мен Еуропалық Одаққа бүйрегі бұратыны анық. Демек, Иванишвилидің жақтастары президенттік сайлауда жеңіске жетсе, Кремльге деген ыстық сезімін суыта тұруға мәжбүр.  

Өз мүддесін өзгеден қашан да жоғары қоятын ресейліктер тек қара бастың қамын ойлайды. Сондықтан шығар, кез келген уақытта өзгелерге күмәнмен қарайды. Жуырда ресейлік «Независимая газета» жариялаған сараптамада «грузиндер таңдаған президент кремльдік бағытты ұстанады, алайда, Ресей грузин билігі ешқашан өзінің ұлттық мүддесін шетке ысырмайтынын ескергені абзал» делінген. Бұл тәуелсіз елдің саясатын кремльдік «ұртоқпақ» саясатпен тоқпақтай беруге үндегені болса керек… 

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары