Шәует Қайсаұлы, Моңғолияның ALGT компаниясының атқарушы директоры: ЖОЛ ҚАТЫНАСЫНЫҢ ЖОЛҒА ҚОЙЫЛМАУЫ

Шәует Қайсаұлы, Моңғолияның ALGT компаниясының атқарушы директоры: ЖОЛ ҚАТЫНАСЫНЫҢ ЖОЛҒА ҚОЙЫЛМАУЫ

Шәует Қайсаұлы, Моңғолияның ALGT компаниясының атқарушы директоры: ЖОЛ ҚАТЫНАСЫНЫҢ ЖОЛҒА ҚОЙЫЛМАУЫ
ашық дереккөзі
183

 Соның бірі Моңғолияның ALGT компаниясының атқарушы директоры – Шәует Қайсаұлы. Біздің кәсіпкермен әңгімеміз Моңғолияның инвестициялық климаты және Қазақстан Моңғолияның қарым-қатынасы жөнінде өрбіді.

– Моңғолияны шетелдіктер байлықтың үстіндегі кедей ел деп сипаттайды. Жалпы, Моңғолияда шетелдік инвесторлардың жұмыс істеуіне не кедергі? Ондағы атақты кен орындарын игеру неге тоқырап тұр? 

– Моңғолияда соңғы үш жылда шетелдік инвестицияның құйылуы тоқырауға айналды. Ол екі түрлі заңға байланысты болып тұр. Біріншісі – пайдалы қазбалар туралы заң, Моңғолия президенті бұл заңға енгізілген соңғы өзгерістерді қабылдамай отыр. «Заңды ретке келтірмейінше, шетелдік инвесторларға жаңа лицензия берілмейді, жаңа келісім шарттар жасалмайды» деген Қаулы қабылданды. Ол жоғары деңгейде, орта дәрежеде инвесторлар арасында ұзақ талқыланды. Бірақ қанша талқылаудан өтсе де, ол заң қабылданбады. Былтыр Моңғолия парламенті сайлауының алдында шетелдік стратегиялық инвестиция енгізуді шектеу жайында заң қабылдады. Ол заң бойынша, шетелдік инвесторлардың инвестициясы белгілі бір мөлшерден асып кететін болса, келісім шартты тікелей Парламентпен немесе Үкіметпен жасасатын болды. Осы екі заңның қабылдануымен шетелдік инвесторлардың Моңғолия экономикасына дәулет енгізуіне тосқауыл қойылды. Әзірге инвестиция құю туралы заңның түсініктемесі, оның қалай өзгеретіні белгісіз. Шетелдік инвесторлар сол заңға қарайлаумен жүр. Бұған дейін инвестиция салған шетелдіктердің біразы кетіп те қалды. Жалпы, Моңғолияның тау-кен байлығын игеруге атсалысып жатқан инвесторлардың қатарынан – австриялықтар мен канадалықтарды көруге болады. Ал ең басты стратегиялық әріптес ретінде әрине Қытайды атау керек. 

– Ресейдің қатысы қаншалықты?

– Ресейліктер өте аз. Олар маңызды рөл атқармайды. Негізгі салмақ қытайлық инвесторларда. 

– Моңғолияның қазба байлықтары туралы айта аласыз ба? 

– Моңғолиядағы ең үлкен байлық – көмір. Қазіргі болжам бойынша, көмірдің қоры жүз миллиард тоннадан астам. Нақты анықталғаны – жиырма миллиард тоннаға жетеді екен. Екінші байлық – мыс, алтын, күміс. Дүниежүзінде қоры жағынан үшінші орынға табан тіреген «ОЮУ толғой» кен орнын қазір австриялық және ағылшын компаниялары игеруде. Биыл маусым айында алғашқы концентратын дайындап шығарды. Бірақ бүгінге дейін мыстың концентратын экспортқа шығара алған жоқ. Мен осы кен орнында 80-ші жылдары жұмыс істеген болатынмын. Сол кезде осы кен орнын алғаш ашып, орнын картада белгілеп, онда алтын мен мыстың өте мол қоры бар, оны әлі де толық зерттеп, қорын анықтау керек деген ұсыныс айтқан едік. Сол кезде бізбен бірге жұмыс істеген кейбір әріптестеріміз Моңғолия кәсібіне еңбегі сіңген қайраткер атағына ие болды. 

– Сіз осы тау-кен саласының маманысыз ғой?!

– Мен 1979 жылы Ташкент университетін геохимия инженері мамандығы бойынша тәмамдағам. Содан бері осы салада үзіліссіз қызмет атқарып келемін. Моңғолияның 21 аймақ, 365 ауылының барлығында дерлік болдым. Негізінен барлау, іздеу жұмыстарын атқардық. Жан-жақты барлау жұмысын алғаш шығыс Моңғолияда жүргіздік. Соның нәтижесінде Моңғолияның шығысында тараған полиметалдық кен орындарының геохимиялық құрылым заңдылықтары, қазіргі жер бетіндегі кеніштің моделін жасадық. Сонымен бірге, мыс, алтын секілді металдардың да кен орнының геохимиялық ерекшеліктерін зерттеген едік. 

– Қазір сіз жұмыс атқаратын компания немен айналысады? 

– Соңғы бес-алты жыл көлемінде негізінен темір кен орындарын зерттеу­мен айналысамыз. Бұл кен орындары кезінде Кеңес одағы тарапынан зерттелген екен. Бірақ толық емес. Өйткені ол кезде Кеңес одағы құрамындағы елдерде темір кен орындары өте көп болған. Сол себепті де бұндағы темір кен орындарына көп назар аударылмаған. Соңғы жылдары Қытай инвестициясының көптеп енуімен темір кен орындарының маңызы артты. Сөйтіп, біз осы темір кен орындарын зерттеуге атсалысып келеміз. Солардың бірі, Моңғолияның Увс аймағының жерінде, екіншісі қазақтар мекен еткен Баян-Өлгий аймағының Бұлғын сұмынының жерінде табылды. Өкінішке қарай, батыс Моңғолияның инфрақұрылымы жақсы дамымаған, сондықтан, ол өнімді шетелге шығару үшін үлкен транспорттық қаражат қажет. Сөйтіп, жаңадан табылған темір кен орындарын игеру ісі тоқырап тұрғаны бар. 2012 жылдан бастап, Моңғолия Үкіметі инфрақұрылымдарды қайта құру, жаңарту, жақсарту мәселелерін қолға ала бастады. 2015 жылдары Моңғолияның 21 аймағын толықтай тас жолдармен қамтамасыз ету көзделген. Екіншіден, Ресей Батыс Моңғолияны игеру, Тува республикасындағы байлықтарды игеру деген бір жобаны қолға алды. Осы жобалар жүзеге асатын болса, Батыс Моңғолияның, соның ішінде қазақтар тұратын Баян-Өлгий аймағының инфрақұрылымы дамып, аталған кен орындарындағы байлықтарды халықтың ортақ игілігіне айналдыратын күн де туар. 

– Сіздің компанияда қанша адам жұмыс істейді?

– Біз алғаш осы компанияны құрып, темір кен орындарын тауып, жұмыс жақсы жүре бастаған кезде 50-60 адам жұмыс істейтін. Қазіргі дағдарыстың салдарынан темірдің бағалануы түсіп кетті. Қазір мұнда 15-тей адам жұмыс істейді. Негізінен біздің жұмысшыларымыздың басым көпшілігі – қазақтар. Оның ішінде бизнесмендер, білікті мамандар, басқа да жұмысшылар бар. 

– Ал Қытаймен байланыстарыңыз қандай?

– Қытаймен байланысымыз жақсы. Өйткені Моңғолияның негізгі стратегиялық әріптесі Қытай Халық республикасы. Сондықтан олармен бизнестік тұрғыдан байланысымыз бар. Бірақ, Қытаймен бірлескен компаниялар ашу мүмкін емес. Өйткені, ондағы инвестицияны мемлекет бақылайтын болғандықтан, қытай азаматтары жекелеген компанияларды аша алмайды. 

– Моңғолияда Қазақстанның инвес­тициясы бар ма?

– Бар, бірақ өте аз. 1-2 пайыздық ғана болуы керек. Мен өз басым осында ресми кеңселерін ашып, жұмыс істеп жатқан бірнешеуін білем. Бірақ олар тым қарқынды жұмыс істеп кетті деп айта алмаймын. 

– Жалпы, Моңғолия мен Қазақ­станның өзара қарым-қатынасына кері әсер етіп отырған нәрсе не? 

– Моңғолиядағы қазақтардың 40 пайызы Қазақстанға қоныс аударған екен. Солардың осындағы туыстарымен қарым-қатынасы өте ауыр жағдайда. Әсіресе, жұбаныш пен қуанышта барып-келу өте қиын. Біріншіден, Қазақстан мен Моңғолияны байланыстырып тұрған ұшақ қатынасы тоқтады. Қайта жанданады дегелі біраз уақыт өтті. Әзірге жаңалық жоқ. Мүмкіндігі нашар адамдар Ресей арқылы, транзиттік пойызбен немесе машинамен қатынайды. Мүмкіндігі барлары Turkish Air lines компаниясының Ыстамбул-Бішкек-Ұланбатыр ұшағымен қатынайды. Бірақ, бұл рейс қазақтар шоғырланған Баян-Өлгий аймағынан 2000 шақырым алыстағы Ұланбатырға келіп қонатындықтан, бұндағы қазақтардың Қазақстанмен байланысы аса қиын болып тұр. Сондықтан, осы проблеманы біржақты еткен жөн болар еді. Моңғолияға Төтенше және өкілетті елші болып келген Қалыбек Қобландин бұл мәселені шешуді өз мойнына алды деп естідім. Сол секілді екі ел арасындағы сауда айналымы да біраз төмендеп кетті. Бұл да сол жол қатынасының қиындығына орай туындап отыр деп ойлаймын. 

– Ал Ресеймен қарым-қатынасы қандай дәрежеде?

– Ресей Құдайы көршісі болғаннан кейін, Қазақстанмен салыстырғанда қарым-қатынасы едәуір жақсы. Ресей мен Моңғолия арасында виза режимі сақталуда. Ал Қытай мен Моңғолия визасыз қатынайды. Жанар-жағар майды Моңғолия Ресейден тасымалдайды. Дегенмен Моңғолиядағы қазіргі жанармайдың құны тым жоғары.

– Қазақстан саясаттанушыла­ры Қытай экспансиясынан қор­қады. «Қазірдің өзінде Қазақстан эконо­микасының 30 пайызын Қытай бақылайды. Енді он жылдан кейін Қазақстанды Қытай басып алмасына кім кепіл?» деген қорқыныш бар. Моңғолияда ондай қорқыныш жоқ па?

– Әрине, ондай қорқыныш бар. Өйткені Маньчжурияның қол астында 200 жыл болғаны мәлім. Соңғы кездері Қытай кәсіпкерлері Моңғолияның тау-кен саласына, құрылыс саласына және басқа да бизнес саласына көптеп енуде. Моңғол елінде қытай экспансиясынан қауіптену, болашақта оның отарына айналып кетпейміз бе деген қорқыныш барын жасырмау керек. Қытай соғыс ашпайды, қару қолданбайды, алайда экономикалық тұрғыдан мәжбүр ететіні анық.

– Қытай азаматтары көп пе? 

– Аса көп емес. Өйткені Моңғолияның ұлттық қауіпсіздігі туралы заңы бойынша шетелдік азаматтардың саны жалпы азаматтардың 3-4 пайызынан аспауы тиіс. 

– Рахмет!

Әңгімелескен Есенгүл Кәпқызы 

Серіктес жаңалықтары