Алтынның сынығы, асылдың тұяғы еді

Алтынның сынығы, асылдың тұяғы еді

Алтынның сынығы,  асылдың тұяғы еді
ашық дереккөзі
1016
«Сен жиырма жастасың. Бұл ақшаң әкеңнің, тамағың шешеңнің мойнында, білегің қыздың мойнында, көкірегің көкте, аяғың жерде, ауызда ән, езуде шылым, жұтқаның арақ, тұтқаның шарап, ойдан ада, оқудан бос, алаң-жұлаң, ерке бұлаң, ботатірсек бозбас, бозбала кезің. Міне, дәл осы тұста жүрегіңді қолыңа алып, шүңкиген шүйкебас көрсең өлердей ғашық боп қалып, еңкілдетіп өлең жаза бастайсың. Сондағы өлеңнің түрі мынау. Өзіңе ғашықпын, Тобылдай тасыппын, Құшақты ашыппын, Сүюге асықтым. Сөйтіп, ұры иттей итиіп, жыртыс аңдыған кемпірдей жыртиып немесе алашағы бар алыпсатардай ыржиып, қызды үйдің босағасын аңдисың. Сол күннен бастап сен адамнан гөрі күндіз ұйықтап, түнде жортатын түз бөрісіне көбірек ұқсайсың. Оқтан да, топтан да сескенбейтін сері, періп кететін перінің тап өзісің. Аузың сарғайып, көзің қарайып, бір қыздан бір қыз сұлу көрініп, әр-қайсысының танауын, құлағын, ернін сүліктей сорып, бет-аузын аш күшікше жалап күн кешесің. Жолатпаған не жалатпаған қыздың досына, не жас жеңгесіне жалынып, «аңдаусызда» олардың да бетінен бір «шөп» еткізесің. Сөйтіп, жүргенде бір өзіңе екі қыз таласып немесе жіптіктей жеңілтек қыздарды «жуандатып» жіберіп, басың дауға, аяғың «жауға» қалатын да тұсың, міне, осы сәт. Сен енді отыз жастасың. Мойныңа бұғалық түскен асаудай арының басылып, кейде араның ашылып, тіпті, екінші рет үйленіп те үлгірген болдырмас болат тұяқсың. Екі-үш балаң бар, келін келіссе одан да көбейтетін шамаң бар, қоңыр қошқардай қойқаңдайтын тұсың. Қабырғаң қатып, буының бекіп, жалғандағы жақсылық пен жамандықтың, қулық пен сұмдықтың, пәле мен жаланың оқуын оқып болған пәтшағар шағың. Ол, ол ма, реті келгенде қыздарға көз қысып, ол аз болғандай қойқиып барып, қол салып жіберуден де тартынбайсың. Яғни, жының басылмаған, кедергіге тосылмаған, азулымен алысатын, жуанмен жұлысатын, күштімен күресетін, тентекпен тіресетін қырма сақал, күзен шақар, «келсең кел», «ә десе мә» әпербақан әйдіктің бірісің. Бұл кезде балаға емес, далаға, жарға емес, жапанға қарайсың. Кейде «бала белде, қатын жолда» деп те кергисің. Неге өйтетініңді өзің де білмейсің. Әйдәй, қырық жастасың. Қылшылдаған жас та емессің, қалшылдаған кәрі де емессің. «Балық та емес, ет те емес» дегендей ары де емес, бері де емес, әрі-сәрі әбігер біреусің. Бурадай бұрқанып, ойда да, қырда да оңай оталып тұратын отызың ойдан шықпай, қырықтың қыл шылбырына бойың үйренбей құландай мөңкіп, арақ иісің мүңкіп, ұлыңнан ұтылып, қызыңнан тұтылып, жастарға ере алмай, қараша төбеде қалқиып қалған қарағым сен боларсың. Ал оның есесіне дүние десе дүлейленіп, алуға келгенде арыстандай атыласың. Оңай олжа дегенде отқа да, опқа да, шоққа да түсіп жүріп, басың айналып, қолың байланып, басқа жаққа да барып келесің. Ей, ол да ештеңе емес-ау, бетінен де қиыны басқа бермесін, шетке шыққан жасамыстар болмаса, қызға тура қарай алмай бетің күйіп, шаштың ағын көрсетпей төбеңе төбетей киіп тұрасың. Мұндайларды біздің қазақ «қырқылжың», «қарасақал», «қумүйіз», «көсеуқара» деп атайды. Оны айтасың-ау, бұл қырық кейде әйеліңді төрт-бес баласымен қоя беріп, басқа әйелге (бірақ, қыз емес) жаңадан үйленуге «право» беретін жерлері де бар. Олай болса, жылан шағудан сақтанғандай сақ жүру қажет, бұл қырық кезіңде. Дегенмен, ата-анадан құрық әкетіп, ағайыннан ырық әкетіп, баланы басқа соғып, әйеліңе әңгіртаяқ ойнатуға, жұтып алып «тойлатуға» келгенде қырғын салар қырқың табылмайтын тамаша жас. Жасасын қырық! Елу! Әлі талай жерді кеземін деп жүргенде, сені еземін деп еңсегей бойлы ерсілеу елуің келіп қалады. Сол кезде қызбен де, келіншекпен де ат құйрығын кесіп қоштасып, үйдегі үйілмеңдей «пәлеңмен» амалсыз достасып, «тостасып», жасты көріп жұбанып, кәріні көріп қуанып, қазығын айналған аттай «әйнәләйіннің» өзі боласың да шығасың. Бұл жылдары әке-шешені «жұмаққа» аттандырып, дүние-байлығыңды мақтан қылып, «әй, балам!» дейтіндерге қақпан құрып, адамдық пен арамдықтың тізгінін қосып ұстайсың. Бала-шаға, келін-кепшікке, жас-масқа ештеңе көрмегендей «ей, арақ ішпеңдер», «әй, шылым тартпаңдар», «өйтпеңдер-бүйтпеңдер» деп ұялмай ақыл айтып отырасың. Талай жазықсыз жұдырықтаған жұдырықтай жарыңа «кемпөшке», «бәйбіше», «біздің ақ қатын» деп мүсәпірсіп сөйлеп, мүләйімсіп күліп, маймыл құсап маймаңдап, қайнысы құсап қайнаңдап тұрасың. «Ұлы сөзде ұяттық жоқ», «әкесі өлгенді де естіртеді», дегендей бұл «шал» деген атың өшкір сөздің жақын жүргені деп біл. Сөйтіп, жүргенде ұл келіннен, қыз күйеуден айрылып, институттағың оқудан шығып, мектептегі ұлың ұрлық қылып, шақшадай басың шарадай, шақшиған көзің «шырадай» болып, өз басыңды өзің ұрып, өкіріп отырғаның. «Сен ит баланы ақылымен қосып неге таппадың?» деп әйеліңе ұмтыласың! «Ақылымен қосып туғызсаң өзің қайда қалдың?» деп ол өзіңе ұмтылады. Сөйтіп, мыжғылап жүріп елуді де мүжіп бітіресің. Адырайып алпыс келеді! Бойыңнан түзулік, қойныңнан қызулық кетіп, төркініне қайтып келген кемпір қыздай қадірсіз халге түсер шақтың басы осы. Кейінгілер «ақсақал» деп төрге шақырғанда сақал-мұрттан жұрдай иегіңді уқалап, іштей күрсінесің. Қайрат күшің аузыңда ғана қалып, «баяғыда тас қопарып, тау тескенбіз» деп өтірік мақтануға әбден үйреніп аласың. Қарақшыдай қалбиған қараңды сыртыңнан қарағанда аңдап басқан аңшыға да ұқсайсың, құмалақ салатын балшыға да ұқсайсың, бөркі қисайған малшыға да ұқсайсың, музейге тапсырған қамшыға да ұқсайсың. Содан былай «армысың» деп келіп ауру, «саумысың?» деп келіп сырқау айналдыра бастайды. Сосын «ойбай, белім», «сегізкөзім», «құлағым», «жүрегім», «тізем», деп дене мүшелеріңнің атын баяғыда қыздардың атын жаттағандай күндіз-түні жаттай бастайсың. Кейде сол жастық шағың еске түсіп, көк орамалдылар көзден бұлбұл ұшып, «жылауық» көзіңнің алды ісіп, мұздай тізеңді өзің құшып, омпаңнан түсіп, обадай омалып отырғаның да осы адалынан бергір алпыстың арқасы. Сонда да «бөрі аштығын білдірмес, сыртқа жүнін қампайтар» дегендей, «ә, елу ер шағың, алпыс дер шағың» деп, өзің­ді-өзің алдап қомпаясың. Бірақ, бар ғой андай-пұндайға ерлігі болмаса да оңашада жүз грамды тартып жіберуге алпыстың еш кемшілігі жоқ. Иә денсаулық үшін! Иә, айтқандай ұмытып барады екенмін, бұл жасыңда жас әйел алғандай жаныңа бір жаңалық қосылады. Пенсия аласың. Содан былай өз атың ұмытылып бұрынғы қызмет-дәрежең жойылып, «пенсионер шал», «пәленшенің үйіндегі қара шал», «түгенше келіннің атасы» атала бастайсың. Көп қамықпаңдар, «үш күннен кейін тозаққа да үйренесің» дегендей, бұған да құлағың үйренеді әлі. Жетпіс! Жетпіс! Түрің құрғың, желкеңе сақалы желкілдеп жетпіс мінсе, кесір келіннің тілімен айтқанда маңдайың қатпарланып, бетің көкпарланып, мінезің «сотқарланып», езуің күлкісіз, көзің ұйқысыз, өзің сүйкімсіз, ербиіп ерсі көрінесің де тұрасың. Ұл-қызыңды айтасың-ау, өзің қыздай алып қызығын көрген кемиек, кетік кемпіріңнің өзі «былай кетші» деп қағып қалғанда, қалбалақтап барып қалпақтай ұшасың. Ол жерде жай жатпайсың, өлеңдетіп жатасың. Мінеки, кәрілік кеп түрімді алды-ау, Тісімді аузымдағы бұрын алды-ау. «Құдай қосқан жарыңнан бөлек жат» деп, Көрпемді ашып қойныма кіріп алды-ау, – деп Сүйекеңнің өлеңін сүйкімсіз даусыңмен өзіңше сүйсініп айтасың. Міне, содан бастап сенің атыңа «қақбас», «қубас», «аяқбосатар», «өлексе», «жалмауыз», «алжыған» деген арам-адалы аралас анықтауыш сөздер қосылады. Осыдан кейін басқа соққан баспақтай көткеншектеп жүретін боласың. Енді кемпіріңе «көке» деп, ұлыңа «әке» деп, келініңе «әже» деп әдеп сақтап күн кешесің. Егер айта алмасаң өз обалың өзіңе, ұлың мен келінің арық қойды ет комбинатына өткізгендей, «өлсе құны сұраусыз» деп қарып-қасерлер үйіне «өткізеді» де жібереді. Бітті шаруа! Алла-акпар! Ал сең соққандай сексенді айтсам, сен де жылайсың, мен де жылаймын. Әйеліңнен таяқ жеген мас емессің, ұят басып қалып шарасыздан шалға тиіп бара жатқан қыз емессің, сап-сау адамның мезгілсіз жылағанынан жаман нәрсе жоқ. Олай болса сенсең бөрікті сексеннің сергелдеңін, онан арғы топшысы сынған томар бас тоқсанның тоңқайып жатқанын айтпай-ақ қояйын. Егер кімде-кім оның қандай екенін білгісі келсе, соның өзіне сексен, тоқсан жылдық ғұмыр тілеймін», – деп жазып кетіпті жарықтық. Есейген соң, Сейіт Кен­жеах­метұлының өмірін өзімше зерттедім. Ол кісі 1939 жылдың 12 қаңтарында Қостанай облысының Жанкелдин ауданындағы Қызбел аумағының «Сарықопа» атты жерінде дүниеге келген. Бабасы 1922 жылдың аштығында, атасы 1932 жылы ашаршылықта аштан өлген. Әкесі Кенжеахмет 1942 жылы соғыста қайтыс болған. Үшеуінде де белгі, сурет қалмаған. Қайда жерленгені де белгісіз. Тек 1981 жылы анасы Сәлиманы өз қолымен жерлеген. Оған жалғыз ұлы Сейіт аға жиі барып, дұға бағыштап тұрған. Сейіт ағаның өмірі жоқшылық пен қиыншылықта тағдыр тауқыметін жастайынан көріп өскен. Әдебиетте алғашқы қадамын сатиралық өлеңдер мен мысалдар жазудан бастаған. Оның тұңғыш туындылары 1957 жылдан бастап «Лениншіл жас», «Егемен Қазақстан», «Қазақ әдебиеті» газеттерінде «Ара», «Мәдениет және тұрмыс», «Парасат». «Қазақстан әйелдері» журналдарында жарияланды. 1965 жылдан бастап әзіл-сықақ әңгімелерімен бірге шағын интермедиялар жазды. Оның сәтті интермедиялары «Тамаша» ойын-сауық отауында 30 жылдан астам уақыт бойы қойылып келді. Сатиралық шығармаларға арналған республикалық конкурстарда бірнеше рет жүлдегер атанды. Этнографиялық-танымдық еңбектері үшін «Ана тілі» газетінің «Ана тілінің саңлағы» құрметті атағын жеңіп алды (1992 ж). «Жеті қазына» атты үш кітаптан тұратын ұлт мәдениетіне арналған ғылыми еңбегі үшін Қостанай облысы меценаттарының «Қазына» атты сыйлығын алды (2002 ж). Сейіт аға жастайынан, жазушы болғанға дейін Торғай өңіріндегі ауызекі әңгімелерді қағазға түсіріп, батыр, би, шешендердің халық арасындағы ұмытылмас сөздері мен билігі алтын арқау етеді. Кенесары, Саққұлақ, Шеген би, Мұса, Алмат, Ноғайбай, Тана мырза сияқты ел арыстары мен сал-серілердің әңгімелері нағыз тәрбиелік, ұлттық қасиеттерді ұлықтайтын көркем әдебиетке келуіне ықпал етті. Атағы елге кең тараған шешен Ахметқанды, төкпе ақын Нұрқанды, танымал молла Қапышты тыңдады. Одан қала берді, аты аңызға айналған әңгімешіл Айсаны естіп өсті. Бұған өз анасы Сәлиманың тәрбиесі қосылды. Сәлима анамыз да діни медресені тәмамдаған, Торғайдағы қолөнер мектебін бітірген тігінші, тоқымашы, оюшы шебер кісі еді. Ұзақ жылдар ауылдық кеңестің төрайымы болған. Әкесінен үш жаста жетім қалған Сейітті қатарынан кем қылмай өсіріп, өнердің өріне шығуға баулыды. Анасының сол еңбегін Сейіт аға ақтады да! Торғайға танымал атақты пешші Темірғалидан үй салуды үйренді, ағаш пен темірден ою ойған ұс­та Мырзахамиттан ұсталықты үй­реніп өсті, өз кәсібінің топжарған жүйріктерінің мектебінен өтіпті. Сондықтан Сейіт ағаның он қолынан бал тамған ұста шебер екенін біреу білсе, біреу білмес. 1962 жылы Амангелді Имановтың суретін Сейіт аға қоқыста жатқан жерінен аман алып қалып Өзбекәлі Жәнібековтің мұражайына тапсырған. Үйіндегі киіз үйімен қоса өзі соққан бесікті және Торғай өңірінен табылған екі мамонттың сүйегін мұражайға өткізген. Оның біреуі Алматыдағы мұражайда, ал біреуі сол мұражайда қасқиып тұр. 1985 жылдан бастап қазақ мәдениеті мен тұрмысын, салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын терең зерттеген ғалым-этнограф ретінде кеңінен танымал болды. Оның «Қазақ халқының салт-дәстүрлері» (2004-2007) «Қазақтың дархан дастарханы» (2006-2007) атты көлемді энциклопедиялық еңбектері қазақ, орыс, ағылшын, қытай, түрік, әзірбайжан т.б. тілдерде басылып шықты. Бұл кітап 2006-2007 жылдары Мәскеуде өткен әлемдік кітап баспаларының көрмесінде екі рет екінші және үшінші дәрежелі диплом мен бағалы сыйлыққа ие болған. 16 сәуір күні Арқалық қаласында Сейіт ағаның үйінде жамбасы жерге тигеніне екі жыл толғанына байланысты республиканың түкпір-түкпірінен зиялы қауым өкілдері, құрбы-құрдастары, шәкірттері келіп, қолдарын жайып дұға бағыштады. Жатқан жерің жайлы болсын, асыл аға.

Жұмамұрат Шәмші

Серіктес жаңалықтары