2852
АБАЙ және ОНЫҢ ДӘУІРІ
АБАЙ және ОНЫҢ ДӘУІРІ
Солардың бірі – Әзімбай Лекеров. Оның қилы да қиын тағдыры туралы біз газеттің өткен №№ 16, 17, 18, 19, 20, 21 сандарындағы «Бесеудің хаты» немесе Лекеров неден жазықты болды?» деп аталынған зерттеу мақаламызда жариялаған едік. Лекеровтің негізгі мамандығы – экономист. Кезінде академик Толыбеков оған қазақтың бірінші экономисі деп баға берген. Алайда ол әдебиетпен де айналысқан жан. Тіптен әлемдік әдебиетті бір кісідей білген. «Абай және оның дәуірі» атты көлемді мақаласы 1934 жылы «Әдебиет майданы» журналының №№ 11-12 сандарында латын қарпінде жарық көрген. Ахмет Байтұрсыновтың: «Абай басқаларға ұқсамайтын өзгеше ақын екен. Оның өлеңдерінің мәнін түсіну үшін үлкен дайындықпен келу керек», – деп айтқаны бар. Әзімбай Лекеровтің ақын өлеңдерін ғылыми тұрғыда талдағанын оқи отырып, Абайды әлемдік ойшыл тұлғалар тағдырымен ұқсастығын аша отырып, автордың білім-біліктілігінің жан-жақтылығына тәнті боласың. Ол Абайды қазақ әдебиетінің классигі атаған алғашқылардың бірі. «Абай бізге не үшін керек? Бірінші, тарихты білу үшін, тарихты зерттеу үшін керек», – дейді ол. Бір Абайдың қайшылыққа толы тағдыры мен қазақ қоғамын барынша ашып берген өлеңдері арқылы жұмбақ жанның шерлі сырына қаныққанын байқаймыз. Оның кезінде «халық жауы» атануына байланысты тарих қойнауында ұзақ уақыт жатып қалған, бірақ әлі күнге мәні мен маңызын жоғалтпаған осы бір құнды Абай өлеңдерін зерттеу-талдау мақаласын бүгінгі оқырмандар назарына ұсынуды жөн көрдік.
XIX ғасырдың екінші жартысында орыс патшасының қазақ өлкесін отарлауы күшейіп, аяқталған еді. Орынбор, Ертіс септерінің Сырдария-Жетісудан шығып түйіскен кезі. Патшаның оң көзі, тірегі, таянышы атты казактың әбден нығайып, еншісіне мол жер алып, қазақ жеріне мүлдем орын тепкен мезгілі. 1870-80 жылдары отарлауды аяқтауды жеріне жеткізу үшін қазақ жеріне ішкі Ресейден қара шаруалар көптеп келе бастады.
Осы мезгілде қазақ өлкесінде тауар, ақша, сауда қатынастары күшейе бастады. Отарлау мақсатымен салынған қорғандар – сауда-саттық, базар орнына айналды, жерді отарлаумен бірге өлкеде егін шаруасы дамуға бет алды. Өлкенің кен байлығы зерттеліп, өнерлі кәсіп орындары қарала бастады, 60-жылдарда Ертіске параход түсті.
1860-70 жылдарда қазақ балалары үшін орысша мектептер ашылды. Дін жолымен қазақты хрестяндыққа айналдыруға болмайтындығына әбден көзі жетіп, түңілген соң миссионерлер үкіметті дүние сабағын оқытатын мектептер ашуға үндеді. Әйтпесе қазақ – түрік, татар, өзбек мәдениетінің ықпалына түседі, себебі XIX ғасыр бойы қазаққа шығыс мәдениеті мен орыс мәдениеті таласып келді.
Сөйтіп қазақ өлкесі толық отар болды. Қазақ елі бас биліктен айырылды. Натуралдық шаруа, ұлық, бектік негізімен құрылған қоғам заман кетіп, жаңа дәуір басталуға айналды. Бұл – сауда, тауар, ақша капитал қатынастарының дәуірі. 1868 жылы патша өкіметінің қазақ өлкесін билеу туралы шығарған ережесі осы жаңа дәуірдің басталғанының тарихи белгісі.
XIX ғасырдың 30-40 жылдарында болған Кенесары-Наурызбай, Исатай-Махамбет көтерілістері бұрынғы хандық, ұлық, бектік, қазақ елінің ерікті заманының ақыры, соңы «кетер аяқ, кетпен таяғы» еді. Бұлар қазақ тарихының бір дәуірін аяқтатушы, осылармен қазақ елінің XV ғасырда тарих бетіне шығып, өз алдына ел болып, ұлық, бектік, хандық жолымен келген тарихы бітеді.
Бұдан кейін жаңа заман басталды. Ол орыс патшасының толық отары болып, қазақ өлкесіне тауар-капитал қатынастарының кең түрде кіруі. Тарихтың заңы бойынша әр дәуірдің өзіне ылайықты кісісі, идеологы болу керек. Осы жаңа заманның басшысы, идеологы болып Шоқан Уәлиханұлы, Ыбырай Алтынсаринұлы, Абай Құнанбайұлы шықты. Басқа елдердің тарихына қарасақ, екі дәуірдің арасында, бет алып келе жатқан буржуазияның идеологы болып көбінесе бұрын қожа болып келген ақсүйек табының өкілдері шыққан. Біздің қазақ тарихында да осылай болды: Ыбырай бидің тұқымы, Шоқан хан тұқымы, Абай сұлтан тұқымы. Бұлар бірінші жаңа туған капитализм заманына оқу, ғылым, өнер еңбек керек болса, соны елге үндеді, соны жырлады, екінші, патша өкіметіне қарсылықты қойып, оған мойын ұсынып бағынды, үшінші, екі мәдениеттің (шығыс, орыс) қайсысына бет бұру керек деген мәселеде, бетті толық орыс мәдениетіне аударды, сол үшін орыс мәдениетінен үлгі алу, орыс патшасымен келісу, оның жүргізген саясатымен үйлесу.
Үшеуінің ішінде (Шоқан, Ыбырай, Абай) қазақ тарихында Абайдың орны ерекше, бөлек. Энгельс феодализм мен капитализм дәуірінің, екеуінің арасында шыққан Еуропаның ірі данышпан адамдарын мынадай деп ыспаттайды:
«Бұл адам баласының басынан кешірген өте зор прогрестік төңкерісі. Бұл өте ірі адамдарды керек қылған және сол күшті ойлы, күшті тілекті, мінезді әр тараптан оқымысы ірі адамдарды туғызған дәуір…
Леонардо да Винчи жалғыз данышпан суретші болған жоқ, ол данышпан математик, механик, инженер болды. Макиавеллий мемлекет көсемі, тарихшы, ақын және жазушы болды». Өз шамасына қарай, Энгельстің осы айтқан ірі адамдарының сыпаттары Абайда да бар. Абай әділ істе (мыслытель) ақын, жазушы, сыншы, композитор. Абай, Бұқар жырау, Махамбеттен арғы-бергі қазақ тарихындағы болған ірі адамдардың қазақ мәдениетінің, қоғамдық ойының, білімінің түйіні (синтезі). Өз дәуірін толық суреттеді, көрсете білді. Өз заманынан, ортасынан оқшау шығып, дәуірінің жаманын-жақсысын, ескісін-жаңасын бәрін бойына сіңіріп, жаңа буржуаздық заманына жөн сілтеді.
Бұған дәлел Абайдың шығармалары. Абайдың кім екендігін, кімнің жыршысы екендігін, ол қай таптың кісісі, қазақ тарихындағы оның маңызы орны қандай, оның шығармаларынан толық көруге болады.
Абай – ағартушы (просветитель). Абайша, ақынның міндеті халықты ағарту. Ақын әділетке, ақылға сүйенеді; ақылдың, әділеттің айт дегенін айтады. Жырла дегенін жырлайды. Ақын көрген-білгенін ақылға сынатып, оның мақұл көргенін алыс-жақынға сөйлейді, көпті дұрыстыққа, жөнге бастайды.
Тәңірінің күні жарқылдап,
Ұйқыдан көңіл ашар көз,
Қуатты ойдан бас құрап,
Еркеленіп шығар сөз.
Сонда ақын белін буынып,
Алды-артына қаранар,
Дүние кірін жуынып,
Көрініп ойға сөз салар.
Қыранша қарап қырымға
Мұң мен зарды қолға алар,
Кектеніп, надан зұлымға,
Шиыршық атар, толғанар.
Әділет пен ақылға,
Сынатып көрген-білгенін,
Білдірер алыс жақынға
Солардың сөйле дегенін.
Абай ақын болған соң өзі міндетіне де осы көзбен қарайды. Міндетінің өнер, кәсіп, білім тарату; наданның көзін ашып, жарыққа тарту; өнерлі талапты жас жігіттерге үлгі беру деп түсінеді. Осындай көзқараспен өзінен бұрынғы қазақтың тойда, аста, сауықта ән салып, мақтау, айтыс өлең айтатын ақындарын сөгеді, мінейді, сынайды. Шортанбай, Бұхар жыраулардың кемшілігін айтып тексереді.
Қазақта ғылыми мағынада өлең жоқ екенін сезеді. Бұрынғы ақындардың кемшілігін, төмен жатқандығын көреді.
Шортанбай, Дулат пенен Бұхар жырау,
Өлеңі бірі жамау, бірі құрау.
Әттең дүние-ай, сөз таныр кісі болса,
Кемшілігі әр жерде-ақ көрініп тұр-ау.
Мақсұтым – тіл ұстартып, өнер шашпақ,
Наданның көңілін қойып, көзін ашпақ.
Үлгі алсын деймін ойлы жас жігіттер,
Думан-сауық, ойда жоқ, әуел баста-ақ.
Қара сөз, афоризмдерінде да ағартушылық пікірлерді көп айтады. Әділ, ой санаға көп мағына беріп, жоғары ұстап, соларды көп үгіттейді.
«Бақпен азған патшадан, мимен азған қара артық,
Сақалын сатқан кәріден, еңбегін сатқан бала артық».
Жаңа заманның негізі егін мен сауда. Енді күш мүлікте. Соның үшін солардың әдісін, айласын үйреніп, не қылсаңда мал тап деп елге насихат айтады.
Егіннің ебін,
Сауданың тегін,
Үйреніп, ойлап мал ізде;
Адал бол – бай тап,
Адам бол – мал тап.
Қуансаң қуан, сол кезде.
Қазіргі заманның тірегі – мал. Ол еңбекпен табылады. Олай болса еңбек істеп, мал табу керек. Бұрын бектік заманында еңбек істеу жаманның нашардың ісі деуші еді. Ол көзқарасты тастау керек. Соңына түсіп, қай жерден болса да мал табу керек. Ұрушылдық, жалқаулық, еңбек істемеушіліктің салдарынан өзі отанынан шықпаушылықты қойып, мал табу үшін шетке кет дейді Абай. Ендігі заманның негізі, Абайша мал, түлік, еңбек.
Жалға жүр, жат жерге кет,
мал тауып кел,
Малың болса сыйламай тұра
алмас ел.
Қаруыңның барында қайрат қылмай,
Қаңғып өткен өмірдің бәрі де – жел.
Тәуекелсіз, талапсыз мал
табылмас,
Еңбек қылмай еріншек адам болмас,
Есек көтін жусаң да
мал тауып кел,
Қолға жұқпас, еш адам
кеміте алмас.
Абай еңбекпен қатар ғылым үйрен, білім ал деп үгіттейді. Бірақ, қазақ баласын ғылым үшін емес, зәкүн үйреніп тілмаш болсын деп мектепке береді. Бұл Абайға ұнамайды, соны кекетіп мынадай өлең жазады:
Интернатта оқып жүр,
Талай қазақ баласы.
Жаңа өспірім, көк өрім,
Бейне қолдың саласы.
«Балам зәкүн білді» деп,
Қуанар ата-анасы.
Ойында жоқ олардың,
Шариғатқа шаласы.
Абай қазақтың оқып жүрген балаларына, тілмаш, адвокат болуды мақсат қылма, ғылым жолына түс. Орыстың ірі, данышпан адамдарынан үлгі ал. Салтыков пен Толстой болам деп ұмтыл дейді.
Ойында жоқ бірінің,
Салтыков пен Толстой.
Я тілмаш, я адвокат,
«Болсам» деген бәрінде ой.
Абайдың кімнің жыршысы екендігін осы келтірген өлеңдер анық көрсетеді. Ол – ағартушы. Жаңа туып келе жатқан буржуазияның идеологы. Ағартушы екендігін өзі туралы жазған өлеңдері толық ыспаттайды. Ал буржуазияның идеологы екендігі ғылым, білім, еңбек, мал, байлық туралы айтқан сөздерінен айқын көрініп тұр. Абайша, дүниенің тұтқасы мүлік, меншік, байлық, оны табу сол – еңбек. Мұндай нәрселерді жырлау буржуазияның идеологына тән екендігі мәдени елдердің тарихынан белгілі. Ақыл, ой, сана, сезім, мал-мүлік, байлық туралы жырлау Абай шығармаларының арқауы, негізгі желісі.
Абай дүниеге ағартушылық көзбен қарайды. Оның тілегі бет алып келе жатқан буржуазияның тілегі. Өз заманындағы қазақтың қоғамына жұртшылығына осы көзбен қарайды. Ол уақыттағы қазақ қоғамы көшпелі дәуірде еді.
Ескінің негізі ыдырап, жаңаның орын теуіп бекімеген кезі. 1868 – жылғы үкіметтің шығарған ережесі бойынша қазақ ісінде Сұлтан билігі жойылып, ыштат сайлауы шықты, қазақтан жаңа «геройлар» – болыс, старшындар шықты. Бұл отарлау әдісімен шыққан ереже еді. Қазақ ісінде талас, тартыс туғызып, өзі мен өзін әлек қып қойып еді…
Бұған ағартушы, идеалистші Абай, бірінші себебіне түсіне алмады, екінші өзінің тілегіне үйлестіре алмады. Абайдың өз заманындағы қазақтың қоғамын, жұртшылығын қатты сынайтын себебі осы.
Қазақ жұртшылығына «пысық» деген пайда болады. Кәсіби шаруа, еңбек істеу емес, қалаға шабу, арыз беру, сөз қуып, өтірік, өсек, шағымды қаракет қылу. Ол күндегі қазақ жұртшылығынан «пысық», «қу» деген атақты алу «герой» деген атақты алумен бірдей еді. Сол «пысықтарды» Абай былай деп суреттейді:
«Пысық кім деп сұрасаң,
Қалаға шапса дем алмай,
Өтірік арыз көп берсе,
Көргендерден ұялмай.
Сыбырдан басқа сыры жоқ,
Шаруаға қыры жоқ,
Өтірік, өсек, мақтанға,
Ағып тұрса бейне су.
Ат – шапаннан кем көрмес,
Біреу атын қойса «қу».
Қазақ жұртшылығына «басшы», «көсем» болып болыс деген шықты. Болыстың барлық мақсаты оязға жағынып, шен алу, қазақтың бұқарасын, қалың еңбекшілерін езу, қанау, соларға үстемдігін жүргізу. Жайшылықта одан мықты, одан күшті, одан білгіш кісі жоқ. Ал сайлау болса, ел іші партия болып, үстінен пысықтар арызды көп берсе, сонда болыс екеңнің мәнісі кетеді, шөмейеді. Кім екендігі сонда білінеді, беті сонда ашылады. Ой жоқ, ескі тілек жоқ, адамшылық жоқ, «Ит басты, сиыр аяқты айуан» секілді екендігі сонда көрінеді.
Болыстарды Абайдың суреттеуі:
Арызшылар көбейді,
Болыстың көті шөмейді,
«Қайтсын» байғұс демейді,
Бір кептірмей терімді,
Күн батқанша шабамын,
Әрлі-берлі далпылдап,
Етек кеткен жайылып,
Ат көтіне жалпылдап,
Оязға жетсін деген боп,
Боқтап жүрмін барқылдап.
Кейбіреуге таяғым,
Тиіп те кетті бартылдап,
Пысықтың көбі бұғып жүр,
Беттесе алмай шаңқылдап,
Ашылып омырауы, күн ыстық,
Қойып кетті алқылдап.
Елі жөнді болыстар,
Мақтанып жүр тарқылдап,
Күлкісі жақсы қарқылдап,
Үні бөлек сартылдап.
Болыстың тілегі ұлыққа жағыну, шен алу. Ұлық ісін мақұлдаса, шен берсе мұратына жеткені. Бұдан басқа тілек, мақсат, идеал бар ма?!
Мәз болады болысың,
Арқаға ұлық қаққанға,
Шелтірейтіп орысың,
Шенді шепкен жапқанға.
Абай өз заманындағы қазақтың үстем табынан құрылған жұртшылықты толық тексеріп, сүйреттеді дедік. Ол уақыттағы қоғамның негізі тауар қатынастары, сауда патша үкіметінің отаршыл саясаты. Осы заманына ылайықты қоғамдық типтер, жұртшылықтың «көсемдері» шықты: болыс, старшын, патша үкіметінің заңын білуді кәсіп қылған зәкүншіктер, Мекеге барып қажы сопы, әулие болдым деп, соны кәсіп қылып, соны қазақ еңбекшілерін қанаудың бір түріне айналдырған қажылар, сопылар. Зәкүншік, қажылар, сопылар туралы Абай:
Ел жайын біліп қансаңыз,
Айтайын құлақ салсаңыз,
Кейбіреуі дүрсіп жүр,
Жер тәңірсіп кер мағыз,
Кейбіреуі зәкүншік,
Оңдырмассып, берсе арыз.
Кейбірі пірге қол берген,
Іші залым, сырты абыз,
Кейбірі қажыға барып жүр,
Болмаса да қаж парыз.
Мұсылмандық ол ойлап,
Өтеген қашан ол қарыз?
Қазақ әдебиетінің тарихында Абайдай өз дәуірін, өз заманын толық сүйреттеп, әдебиетке түсірген кісі жоқ. Және көркем тіл, сыршылдық, өте шеберлікпен суреттеген. Өз заманындағы қоғамда, жұртшылықты өте шеберлікпен сынайды, мінейді. Сынағанда Маркс жолымен, тап көзқарасымен, болмаса, ұлық ақсақалдық дәуірінің негізімен емес, ағартушы, идеалист болып сынайды.
Абайға бұлай деп баға беруге оның өзі туралы жазған өлеңдері, айтқан сөздері дәлел. Дүние жүзі әдебиетінің тарихында екі кісі өзі туралы көп жазған, өз сырын толық ашқан. Ол Гете мен Толстой. Бұлардың қай шығармалары болса да, өздері туралы айтылмай кетпеген. Осылар секілді Абай да өзі туралы көп жазған, сырын ашып айтқан. Абайдың қай шығармасынан болса да оның өзін көруге болады.
Абай өзінше ізденеді, дүниенің сырын ашқысы келеді. Ізденіп дүниенің тірегі деп тапқан: ҒЫЛЫМ, ӨНЕР, ЕҢБЕК. Өз табын, жұртшылықты осыған тартады, бастайды, үгіттейді. Бірақ жұртшылық Абайдың сөзін құлағына ілмейді, өзінің бойына сіңісті кәсібін: партия, талас, тартыс, өтірік, шағым, арыз істеп жүре береді. Алғашқы кезде Абай бара-бара ойланар, түсінер деп есептейді. Бірақ, Абайдың ойы орнына келмейді, жұрт белгілі қалып, белгілі салтпен жүре береді. Абайдың үміті үзіледі. Абай иен тауға барып күңіренген, айқай салған жалғыз адам секілді, жұрт қара жартас «қаңқ» етеді де қояды, тіл жауап қатпайды. Осындай қалді Абай өлеңінде:
Ғылымды іздеп,
Дүниені көздеп,
Екі жаққа үңілдім.
Құлағын салмас,
Тілімді алмас,
Көп наданнан түңілдім.
Екі кеме құйрығын,
Ұста, жетсін бұйрығың.
Жар тасқа бардым,
Күнде айқай салдым,
Онан да шықты жаңғырық.
Есітіп үнін,
Білсем деп жөнін,
Көп іздедім қаңғырып.
Баяғы жартас, бір жартас,
«Қаңқ» етер, түкті байқамас.
Абай мен жұртшылықтың арасында байланыс жоқ. Абай өз алдына, жұртшылық өз алдына. Абай қоғамның жұртшылықтың кемшілігін, жамандығын, мінін көреді. Бұл жұртшылық Абайға қолайлы емес, Абай онымен үйлесе алмайды. Бірақ Абайдың барар жер, басар тауы жоқ, басқа табар елі жоқ, тауып алар жұртшылығы жоқ. Абай ызаланады, күйінеді, жұртшылықтан безіп, үйінде жатып алғысы келеді. Бірақ Абай секілді кісі қоғам жұмысына қатыса алмай отыра ма, амалсыздан баяғы жек көрген, безген жұртшылығына қайтадан келеді, жұмысына қатысады
Әзелде тәңірім, сорлы етті,
Арсыз елмен әуре етті.
Жалғыз үйде күңірентті,
Тағдырға білдік көнгенді.
Адам деген даңқым бар,
Адам қылмас халқым бар,
Өтірік пен өсекке,
Бәйге атындай аңқылдар,
Тұла бойым шімренді,
Барма топқа шақырмай,
Жат үйінде шатылмай,
Шыдармын ба, япырмай…
Жатуға шықпай үйде енді.
Қатынының ойнасын,
Көрсең, білсең қоймасын,
Не ойлар едің өз басың…
Сонымен тең біз де енді.
Абай дос таба алмай, кеңесерге адам таба алмай жалғызсырайды, жалғыздығын сезеді, оның мұндай қалде болуы табиғи нәрсе. Дұрысында Абайға қандай орта, қандай жұртшылық керек? – Оған буржуазия, жұртшылығы, ақын, жазушы, философ, мемлекет көсемі, композитор міне осылардың ортасы керек. Әрине Абай дәуірінде мұнадайлар қазақта жоқ. Сондықтан Абай:
Досты қайдан табасың?
Кеңесерге адам жоқ,
Әрлі-берлі шабарсың,
Жалғыздықтан жаман жоқ, –
деп мұңын шағып, сырын айтады.
Абай өзінің кім екендігін, рөлін, тарихта орнын, міндетін жақсы біледі. Міндетім тарихта із қалдыру, қоғамға үлгілі, ұлтанды іс істеу деп түсінеді. Бірақ, еш нәрсе істей алмадым. Жұрт тілімді алмады, айтқаныма көніп, айдауыма жүрмеді дейді. Ерте оянсам да, ойлансам да дегеніме жете алмадым, жұрттан етек бастыны көп көрдім дейді. Ертең өмір біткенде, ажал кез келгенде, дүниеден не істеп кеттің дегенде мен жауап бере алмаймын деп зарланады.
Амалсыз тағдыр бір күн
кез болмай ма?
Біреуге жай, біреуге
тез болмай ма?
Асау жүрек аяғын шалыс басқан,
Жерін тауып артқыға
сөз болмай ма?
Сонда жауап бере алман мен
бейшара…
Сіздерге еркін тиер, байқап қара…
Екі күймек бір жанға әділет пе?
Қаны қара бір жанмын,
жаны жара.
Жүрегімнің түбіне терең бойла,
Мен бір жұмбақ адаммын
оны да ойла…
Соқтықпалы, соқпақсыз
жерде өстім,
Мыңмен жалғыз алыстым
кінә қойма!
Жасымда албырт өстім,
ойдан жырақ,
Айлаға, ашуға да жақтым шырақ.
Ерте ояндым, ойландым,
жете алмадым,
Етекбасты көп көрдім елден бірақ.
Абай өз тұсындағы жұртшылықтан үміт үзеді, ешнәрсе шығады деп сенбейді. Бірақ алдыңғы тілек, келешек өмірден күдер үзбейді. Бұған дәлел «Қазақты жақсы көрем бе? Жек көрем бе?» деген қара сөзі. Одан мына жерін келтіруге болады.
«Қайратты күнімде: қазақты қиып бөтен жаққа кетпек түгілі өзін жақсы көріп, үміттеніп жүріппін. Қашан әбден біліп, үмітімді үзген кезде өзге жаққа барып, жатты өз қылып үйір боларлық қайрат-жалын сөніп те қалған екен. Сол себептен, бір жүрген қуыс кеудемін деймін, тегінде ойлаймын, бұда жақсы екен деп. Өлгенде: әттеген-ай сондай-сондай қызықтарым қалдау деп қайғылы болмай, алдыңғы тілеу болмаса, артқа алаң болмай өлуге».
Жұрттың Абай туралы бір түсіне алмай жүргені, ол Абайдың өзі туралы айтқандары. Абайдың зарлануы, жылауы, жалғызсырауы. Абай туып келе жатқан буржуазияның идеологы болса, онда оған зарлануға орын жоқ. Себебі буржуазия бет алып келе жатқан келешегі бар тап; ол ескіні көксейді, соның үшін жылайды дейді. Бұлай деп мәселеге үстірт, жеңіл қарау және бұл дұрыс емес. Абайдың қайшылығын түсіну үшін сол уақыттағы қазақ қоғамын, жұртшылығын еске алу керек. Ол уақыттағы қоғамда шым-шытырық, қым-қуыт, толып жатқан қайшылық. Бір жағынан ескі ғұрып ақсақалдық, бектік қатынастар, екінші жағынан жаңа тауар-сауда қатынастары, үшінші жағынан патшаның отарлау саясатынан туған партия, талас, тартыс, өтірік арыз, шағым. Міне, осы қайшылықтардың Абайға әсері тиген. Екінші, Абай бұл ескінің толық кетіп, жаңаның бекіп орнықпаған көшпелі дәуірдің адамы емес, келешектің кісісі. Үшінші, Абай дүниеге ағартушы, идеалист көзімен қарады. Сонымен заманның қайшылығына, оның себебіне түсіне алмады. Осының бәрі Абайға қайшылық туғызады, Абай өз заманындағы қоғаммен үйлесе алмай Грибоедовтің Жатискиі секілді жеке, жалғыз, дара қалады.
Белинскийдің Лермонтов туралы айтқан мына бір сөзі Абайға дәл келеді. «Бір адамның жақсы жаратылысы, терең ойлылығы мен сол адамның ісінің, қимылының төмендігінің арасындағы қайшылық ол адамның ғұрыпының көшпелі қалде екендігінен туады. Ескінің жойылып, жаңаның орнықпаған кезінде ондай адам елес, сағым секілді, ал нағыз, шындықтың кісісі болып ол келешекте ғана көрінеді».
Абай мен Лермонтовтың арасында көп ұқсастық бар. Абайдың Лермонтовты жақсы көруі, оның шығармаларынан көп аударуы да бекер емес. Абай – XIX ғасырдың аяғында «елес» (призрак) болса, ал XX ғасырдың бас кезінде қазақ жерінде тауар-капитал қатынастары күшейіп, дамып, қазақтың буржуазиясы бойы өсіп, бұғанасы қатып, тарихи ролін біліп, саясатқа жармаса бастаған кезде «нағыз, шындықтың кісісі» болды. Абайдың қазақ буржуазиясының идеологы, буржуаздық ойдың әкесі екендігі анық көрінді. Абай мен XX ғасырдың бас кезінде шыққан қазақ буржуазиясының идеологтарының тарихы желісі бір екендігі бесенеден белгілі, ап-айқын.
Ленин Толстой туралы айтқан сөзінде былай деді: «Ресейде 1862-1904 жылдардың арасы көптің көзінде ескінің жойылып, келмеске кетіп, жаңаның құрала бастаған дәуірі. Осы жаңаны жасаушы қоғамдық күш, іс жүзінде кең жалпы ұлттық көлемде, көрнекті ашық қимылмен өзін әр жақтан 1905 жылы ғана көрсетті». Бұл сөзді Ленин сол күнгі Ресейдің, орыс қоғамының қалың қайшылығын ыспаттау үшін айтқан. Толстойдың қайшылығын сол уақыттағы орыс тарихының қайшылығымен байланыстырады.
Міне, осы Ленин айтқандай қазақ тарихында да XIX ғасырдың аяғы ескінің ыдырап, жаңаның құрала бастаған кезі. Осы жаңаны жасаушы ҚАЗАҚ БУРЖУАЗИЯСЫ өзінің қоғамдық күш екендігін XX ғасырда ғана көрсетті. Абайдың қайшылығына түсіну үшін осыны еске алмай болмайды. Толстой секілді Абай да өз заманының қайшылығына түсіне алмай, себебін біле алмай кетті.
Бірақ, Абай кер тартпай: жаңаны, келешекті көксеп кетті. Толстой пәленің, қиянаттың бәрі ғылымда, білімде десе, Абай ғылым, білім, өнер пәледен құтқарады дейді. Бірақ ғылым, білімге ағартушылық, идеалистік көзімен қарайды. Ғылым, білім деген нәрсе тап пен тап күресімен байланысты екендігін Абай түсінбейді. Абайдың көздегені буржуаздық ғылым, буржуаздық білім.
Жұртшылықтың Абай туралы тағы бір түсіне алмай жүргені, ол Абайдың ру партиясына қатысып, болыстыққа таласып, болыс болуы. Бір жағынан ол ақыл, ой, білім иесі, ірі ақын, тарихи адам, бір дәуірдің басшысы болса, екінші жағынан ру партиясы секілді өз бойына ылайық емес өте төмен, нашар жұмысқа қол соғады, қатысады. Бұл қайшылықты түсіну үшін Энгельстің Гете туралы айтқан сөзін еске алу керек.
«Оның (Гетенің – Ә.Л.) қайраты, оның күші, барлық оның рухани бағыты оны күндік өмір, дүние жұмысына қатынасуға еріксіз бастады. Бірақ оны қоршаған өмір өте төмен, аянышты, нашар еді. Өзінің жек көріп, жиренген ортасында өмір сүру, оған байланып, неге десең одан басқа өмір сүрер қимыл қылар орта жоқ. Міне осы мәселеге келіп, Гете әрдайым тіреле берді. Жасы жетіп, ұлғайған сайын өте қайратты, ұлы ақын түкке тұрмайтын Беймардың министрлігіне бойын беріп, жеңіле береді». (Энгельс).
Абайдың да жаратылысы өз әлінше қайратты, жігерлі, күшті. Қайратты адамға ғылым, іс керек, соның үшін ол өз уақытындағы қоғам жұмысына қатынаса алмай отыра алмайды. Абайды қоршаған жұртшылық, орта өте төмен, нашар. Абай оны мейлінше сынайды, мінейді, жек көреді. Бірақ басқа барар жері жоқ, табар бөтен жұртшылығы жоқ. Еріксіз жек көрген, жиренген жұртшылығының жұмысына жұмысына қатысады, қол соғады. Осыдан келіп қайшылық туады, бұл Абайдың өзі туралы жазған өлеңдерінен анық көрініп тұр. Мысал:
Барма топқа шақырмай,
Жат үйінде шатылмай.
Шыдармын ба, япырмай?..
Жатуға шықпай үйде енді.
Қатыныңның ойнасын
Көрсең, білсең қоймасын.
Не ойлар ең өз басың?..
Сонымен тең бізде енді.
Абай ел билеу жұмысында пікірін айтады. Өзінше бұл туралы өзгеріс ұсынады. Оның ойынша, елді дұрыс басқаратын, көпшілікті жақсылыққа бастайтын елдің жақсылары, көсемдері. Жақсысыз көпшілік, қалың қара бұқара ел болмайды, жұрт болмайды. Ел ағасы жақсы «единица» секілді, көпшілік, бұқара «нөл» есебінде дейді.
Единица – жақсысы,
Ерген елі бейне нөл,
Единица нөлсіз-ақ
Өз басындық болар сол.
Единица кеткенде,
Не болады өңкей нөл?
Ел билеуші болыс жақсыдан, орысша оқып білім алған адамнан қойылса және ол жоғарғы ұлықтың назначениесімен болса, міне сонда қазаққа жақсы, қолайлы болар еді дейді Абай. Бұл қай жағынан болса да пайдалы. Бірінші, оқып, білім алып көзі ашылған жақсы билесе, елге әділеттік орнайды, қиянат болмайды. Екінші, баққұмар, шенқұмар қазақ балаларын оқуға береді, білімге, ұмтылады. Үшінші, партиямен, сайлаумен байланысты, соның салдарынан туған өтірік арыз, шағым тиылар еді.
«Халық болыстыққа сайлаймын десе, сайлаған кісі пәлен қаделі орысша «оқу-білім» алған кісі болсын. Егерде ондай кісі жоқ болса, яки болса да, жоғары ұлықтың атауымен назначениемен болады десе, бұл халыққа пайдалы болар ма еді деймін?
Оның себебі: әуелі қызмет құмар қазақ балаларына «оқу-білім» пайдалы іс, екінші атаумен болған болыстардың тұсында халыққа міндеттілік болмас еді, ұлықтарға міндетті болар еді. Атаумен сайлау қылғанда тергеуі, сұрауының барлығына қарамаса, өтірік арыз берушілер азаяр еді. Елде жоғарлар еді…».
Абайдың көзқарасынша, ақылды, білімді адамға билік тізгінін қолына беріп, үстемдігін жүргізуге мүмкіндік берсе, сонда ол адам елдің мінезін түзейді, жаман мінез, жаман құлқын жояды.
«Мен, егер закүн қуаты қолымда бар кісі болсам: Адам мінезін түзеп болмайды деген адамның тілін кесер едім».
Абайша қазақты жөнге салудың жолы мынау.
«Қазаққа ақыл берем, түзеймін деп қам жеген адамға екі нәрсе керек. Әуелі: бек зор өкімет, жарлық қолында бар болу керек. Үлкендерін қорқытып, жас балаларын еріксіз қолдарынан алып, медреселерге беріп, бірін ол жол, бірін бұл жолға салып, дүниеде есепсіз ғылымның жолдары бар. Сол әрбір жолда бір медресе бар; соларға тоздырып, бірін сен бұл жолды үйрен, сен ол жолды үйрен деп жолға салып, мұндағы халыққа шығынын өтетіп жіберсе, хәтта қыздарын ең болмаса мұсылман ғылымына жіберіп, жақсы дін танырлық қылып үйретсе, сонда сол жастар жетіп, бұл аталары қартайып сөзден қалғанда түзелсе болар еді. Екінші – ол адам есепсіз бай болуға керек; аталарын паралап, балаларын алып бастапқы айтқандай жолға салып, тағылим берсе, сонда түзелер еді…».
Абай ел билеу мәселесіне де ағартушылық көзбен қарайды. XVIII ғасырдағы Еуропаның да ағартушылары: елді ақыл иесі, данышпан, білімді адам билесе, қоғамның қайшылығы, қиянаты, пәлелері жойылып, елге тыныштық, бірлік, береке, бақыт орнамақ деген, Абайдың олардан барлық айырмасы, ол осы пікірді қазақ тарихының белгілі бір дәуірінде, қазақ жағдайында айтты. Бұл жағдай – қазақтың үстем табының патша өкіметіне толық мойын ұсынып, бағынып, онымен келіскені; феодал табының қырағы, білімді көсемдерінің жаңа туып келе жатқан капитализм заманына бет бұрып, соған өз табын бастағаны; ол уақытта қазақ өлкесінде капитализм аса өркендей алмай, қазақ буржуазиясының, оның ішінде қалалық буржуазияның жоқтығы. Міне, осы жағдайларды еске алсақ, Абайдың ел билеу мәселесіндегі көзқарасына дұрыс түсінеміз және бұл мәселеде де ағартушы екендігіне күмәнсіз боламыз. Бірінші, болыстық туралы айттың деп кінәлауға болмайды, себебі ол уақытта патша өкіметінің саясатынан аттап кетуге болмайды, екінші, бір кісі билеу туралы пікір феодалға ғана қас деп ойлау қате, алғашқы кездегі қайсы бір буржуазияның идеологтары да сол пікірде болған.
Жоғарыда айттық, Абайдың шықан кезі қазақ өлкесінде феодалдық дәуір кетіп, жаңа капитализм заманының басталған мезгілі деп. Басқа мәдени елдердің тарихына қарасақ, осындай екі дәуірдің арасында жаңаның идеологы болып бір кісінің шығуы заңды нәрсе. Қазақ тарихында сол жаңа заман, одан туған буржуазияның бастапқы идеологы Абай дейміз. Бұған дәлел сол уақыттағы қазақ өлкесінің қоғамдық-экономикалық жайы және Абайдың шығармалары. Оның шығармаларының желісі ағарту мәселелері екендігін жоғарыда айттық. Абай тарихтың заңы бойынша шыққан адам және сол уақыттағы қазақ жағдайын алсақ, ол ағартушы, буржуазияның идеологы болуы да заңды нәрсе. Бұған дәлелдер де бар. Бірінші Абайдың Пушкин мен Лермонтовты жақсы көріп, жақын тартуы. Абай орыстың қалың қара бұқарасының, еңбекшілерінің көсемі идеологы Чернышевский, Добролюбов, Некрасовтар шығармаларымен таныс болған. Бірақ олар туралы бір ауыз сөз жазбаған, болмаса олардан бір ауыз сөз қазақшаға аудармаған. Абайға бұлардың жат болып, Пушкин мен Лермонтовтың жақын болуы бекер нәрсе емес; мұнда мән бар, сыр бар. Абайға тап жағынан мұң, сыр тілек, ой, қай жағынан болса да кейінгі екеуі жақын.
Тағы бір дәлел Абайдың дін мәселесіне көзқарасы. Абай дінге ағартушылық жолмен қарайды. Ал дінді ақыл, ой, білім, ағарту, шындық, хақиқат, әділеттілік деген секілді мәселелермен байланыстырады, соларға бағындырады. Бұл нағыз ағартушылық, идеалистік көзқарас. Дінге бұлай қарау буржуазияның идеологтарына аса жат нәрсе емес.
Абай қай мәселе болсын қоғам құрылысы, жұртшылық, ел билеу, дін бәрін әкеліп өзінің негізгі көзқарасы – ағартушылықа бағындырады, барлық мәселеге сол көзбен қарайды.
Маркс, Энгельс атақты Данте туралы былай деген:
«Феодалдық орта ғасырдың ақыры, үстіміздегі капиталдық заманның басы болып, бір өте зор адам шықты. Ол италияндық Данте. Бір жағынан Орта ғасырдың ақтық ақыны болса, екінші жағынан жаңа заманның алғашқы ақыны». Маркстің осы сөзі Абайға дәл келеді. Абай бір жағынан қазақ феодализмнің соңғы дәуірінің ақыны болса, екінші жағынан буржуаздық заманның алғашқы ақыны.
Абай мұны өзі де сезген. Әбдірахман деген баласының өліміне жазған өлеңінде былай дейді.
Жаңа жылдың басшысы – ол,
Мен ескінің арты едім.
Арман деген ащы сол,
Сүйекке тиді, қарт едім.
Маркс, Энгельстен бұрынғы екі тарихи дәуірдің шекарасында шыққан ірі адамдардың қайсысында болса да қайшылық бар. Мысалы: Данте, Шекиспир, Гете, Шевченколар қай-қайсысы болса да қайшылықтан құр емес. Өз заманының қайшылығы, тұрмыс, дүние көзқарасы, таптық көзқарастың тарлығы, сыңаржақтығы оларға әсерін тигізбей қоймаған. Міне, осыларды еске алсақ, Абайдың қайшылығына, сырына дұрыс түсінеміз. Абайдың ісіне кең тарихи мағана берсек, оған сол уақыттағы тарихтың келешегінің көзімен қарасақ, Абайдың жаңа буржуаздық заманның басшысы екендігі күмәнсіз. Және де бір еске алатын нәрсе, ол Абайдың қандай қайшылығы, қандай кемшілігі болсын, бірақ негізінде Абай ілгері тартты, жаңаға бастады. Абайдың шығармаларын, кер тартпа (реакционный) деп айтуға еш бір орын жоқ.
Сол себептен Абайды қазақтың буржуаздық сана-сезімнің, буржуаздық ойының әкесі дейміз. Қазақтың буржуаздық әдебиетінің негізін салушы, іргесін қалаушы, қазақ әдебиетінің классигі дейміз. Осылай баға беру тарих көзімен қарағанда дұрыс.
Абай бізге не үшін керек? Бірінші, тарихты білу үшін, тарихты зерттеу үшін керек. Абайдың қазақ тарихындағы орнына, істеген ісіне Маркс-Ленин көзқарасымен баға беруіміз керек.
Екінші, Қазақстанда түрі ұлттық, мазмұны социалдық мәдениет құру жұмысында оның қалдырып кеткен мирасын пайдалана білу керек. Пайдаланғанда сын көзімен қарап, дұрыс пайдалана білу керек. Бұл туралы Лениннің, пролетариат мәдениетін жазғанда ескі буржуаздық мәдениетті сын көзімен пайдалана білу деген нұсқауын қолдану қажет.
XIX ғасырдың екінші жартысында орыс патшасының қазақ өлкесін отарлауы күшейіп, аяқталған еді. Орынбор, Ертіс септерінің Сырдария-Жетісудан шығып түйіскен кезі. Патшаның оң көзі, тірегі, таянышы атты казактың әбден нығайып, еншісіне мол жер алып, қазақ жеріне мүлдем орын тепкен мезгілі. 1870-80 жылдары отарлауды аяқтауды жеріне жеткізу үшін қазақ жеріне ішкі Ресейден қара шаруалар көптеп келе бастады.
Осы мезгілде қазақ өлкесінде тауар, ақша, сауда қатынастары күшейе бастады. Отарлау мақсатымен салынған қорғандар – сауда-саттық, базар орнына айналды, жерді отарлаумен бірге өлкеде егін шаруасы дамуға бет алды. Өлкенің кен байлығы зерттеліп, өнерлі кәсіп орындары қарала бастады, 60-жылдарда Ертіске параход түсті.
1860-70 жылдарда қазақ балалары үшін орысша мектептер ашылды. Дін жолымен қазақты хрестяндыққа айналдыруға болмайтындығына әбден көзі жетіп, түңілген соң миссионерлер үкіметті дүние сабағын оқытатын мектептер ашуға үндеді. Әйтпесе қазақ – түрік, татар, өзбек мәдениетінің ықпалына түседі, себебі XIX ғасыр бойы қазаққа шығыс мәдениеті мен орыс мәдениеті таласып келді.
Сөйтіп қазақ өлкесі толық отар болды. Қазақ елі бас биліктен айырылды. Натуралдық шаруа, ұлық, бектік негізімен құрылған қоғам заман кетіп, жаңа дәуір басталуға айналды. Бұл – сауда, тауар, ақша капитал қатынастарының дәуірі. 1868 жылы патша өкіметінің қазақ өлкесін билеу туралы шығарған ережесі осы жаңа дәуірдің басталғанының тарихи белгісі.
XIX ғасырдың 30-40 жылдарында болған Кенесары-Наурызбай, Исатай-Махамбет көтерілістері бұрынғы хандық, ұлық, бектік, қазақ елінің ерікті заманының ақыры, соңы «кетер аяқ, кетпен таяғы» еді. Бұлар қазақ тарихының бір дәуірін аяқтатушы, осылармен қазақ елінің XV ғасырда тарих бетіне шығып, өз алдына ел болып, ұлық, бектік, хандық жолымен келген тарихы бітеді.
Бұдан кейін жаңа заман басталды. Ол орыс патшасының толық отары болып, қазақ өлкесіне тауар-капитал қатынастарының кең түрде кіруі. Тарихтың заңы бойынша әр дәуірдің өзіне ылайықты кісісі, идеологы болу керек. Осы жаңа заманның басшысы, идеологы болып Шоқан Уәлиханұлы, Ыбырай Алтынсаринұлы, Абай Құнанбайұлы шықты. Басқа елдердің тарихына қарасақ, екі дәуірдің арасында, бет алып келе жатқан буржуазияның идеологы болып көбінесе бұрын қожа болып келген ақсүйек табының өкілдері шыққан. Біздің қазақ тарихында да осылай болды: Ыбырай бидің тұқымы, Шоқан хан тұқымы, Абай сұлтан тұқымы. Бұлар бірінші жаңа туған капитализм заманына оқу, ғылым, өнер еңбек керек болса, соны елге үндеді, соны жырлады, екінші, патша