ШАРУАНЫҢ ЖАЙЫН СӨЗ ЕТСЕК...

ШАРУАНЫҢ ЖАЙЫН СӨЗ ЕТСЕК...

ШАРУАНЫҢ ЖАЙЫН СӨЗ ЕТСЕК...
ашық дереккөзі
383

Жыл сайын облыстағы аудан орталықтарынан бастап, шағын қыстақтарға дейін аралап, халықтың жағдайымен танысуды дәстүрге айналдырған ол биыл да ауылдағы ағайынның тұрмысына қанығып, елдің ырысын арттыру мақсатында жасалып жатқан игі істерді өз көзімен көріп қайтты. 

Оңтүстік Қазақстан облысы елдегі халқы ең тығыз орналасқан өлке екенін айтып жатудың өзі артық. Халықтың көптігі бәсекелестіктің артуына нағыз себеп қой. Негізінен ауыл шаруашылығына бейімделген мұндағы жұрт аталмыш салада нағыз бәсекелестікті орнатып келеді. Ал бәсеке бар жерде сан мен сапа қатар жүретіні белгілі. Тиісінше бағаның арзандауына, елдегі азық-түлік нарығының бірқалыпты болуына да тигізер септігі мол. 

Біз төменде облыс басшысының аудандарға сапарына қысқаша шолу жасадық. Аграрлы облыс болған соң көргеніміз бен ойға түйгеніміздің дені осы ауыл шаруашылығы саласына қатысты болды. Жыл өткен сайын қарқынды даму жолына түскен шаруашылықтардың еңбегі мен қолға алған істері «бәрекелді» деуге жарап қалған.


«Ордабасы құс» түйетауық етін экспорттайды

Облыс әкімі  Асқар Мырзахметов жұмыс сапарымен Ордабасы ауданына барған кезде осындағы «Ордабасы құс» ЖШС-гі жаңа түйетауық фабрикасының құрылысымен танысты. Құс өсіріп, бордақылайтын, сойып, терең өңдейтін бұл кәсіпорында 370 адам қызмет атқарады екен. Өндіріс жылына 4828 тонна түйетауық етін шығарып, ел аумағына, Ресей Федерациясының Мәскеу қаласына, Челябинск, Новосибирь облыстарына жеткізіледі. Бұл жобаның екінші кезеңі индустриалды картаға еніп, қуаттылығын 8110 тоннаға жеткізу көзделуде. Инвестжобаның құны 1 млрд. 728 млн. теңгені құрап, «Қазагроқаржы» АҚ-ы арқылы қаржыландырылған. Кәсіпорын тынысымен танысқан облыс әкіміне мекеме басшысы мұнда қуаттылығы 100 тонна құрама жем шығаратын зауыт жұмыс істейтінін, фабриканың өз қажеттілігі 65 тонна екендігін айтты. 

Облыс әкімі осы сапары барысында Бөржар ауылдық округіндегі «Ынтымақ» өндірістік кооперативінің бидай ору науқанымен танысты. Егін шаруашылығымен айналысатын кооперативтің жер көлемі 4050 га. Оның суармалысы 580 гектар, тәлімдісі 3 мың гектар, жайылымдысы 470 гектар. Осы жерде ауылшаруашылық көрмесі ұйымдастырылып, агроқұрылым басшыларымен кездесу өтті. Облыс әкімі жуырда ғана өңірдің селекционер-ғалымдары «Ордабасы» қой тұқымын шығарғанын ескере отырып, осы етті қой тұқымын шаруашылықтарға тарату мәселесін жолға қою керектігін айтты. 

А.Исабекұлы жұмысымен танысқан келесі нысан – «Сейітбек әулеті» ЖШС-нің фармацевтикалық зауыты болатын. Қызылмия дәрілік өсімдігінің тамырын өңдеп, глициризин қышқылын алатын бұл жобаның қуаттылығы жылына 300 тонна дайын өнім алуға, сондай-ақ 600 тонна өзге де қышқылдар алуға мүмкіндік бермек. Индустриалды карта аясында іске асып жатқан бұл жоба биылғы жылдың аяғына дейін пайдалануға беріледі деп болжануда. Облыс басшысы қызылмия өсімдігін дәрумендік қаситінен бөлек өзен жағалауларын бекемдеу үшін де отырғызу тиімді екенін атап өтті. 


Жуа өсірудің соны әдісі

Шардара сапарында өңір басшысы алдымен «Иіржар Агро» ЖШС-нің тамшылатып суару әдісі енгізілген мақта шаруашылығы жобасымен танысты. Егістік көлемі 220 гектар болған бұл шаруашылықта 10 адам жұмыспен қамтылған. Облыс әкімі сондай-ақ инновациялық технологияны қолдану арқылы егілген жуа алқабында да болды. 

Мұндағы диқандар пияз егудің соны әдісін меңгеріпті. Голландиялық технология бойынша өсіріліп жатқан жуалар екі есеге дейін артық өнім береді екен. Қолы кетпеннен босап, пайдаға қарық болып жатқан шаруалар жаңа әдістің тиімді тұсы көп екенін айтады.

Пияз егумен аты шыққан «Жаушықұм» шаруа қожалығының төрағасы Асханбай Бекпенбет голландиялық тәсілдің кереметін осы күнде-ақ көре бастапты. Бұйыртса, 25 гектар жерінен ең кемі 100 тонна жуа алмақ. Шетелдік әдістің артықшылығы сол, еккен пиязыңыз үлкен не ұсақ болып кетпей, бірқалыпты өседі. Негізгі құпиясы оны егу технологиясында дейді шаруа. Айтуынша аралары 4 см жиілікпен жүйектің үстіне ғана егіледі. Бұрындары жаппай сеуіп тас­тай салатын болса керек. Ол үйіліп қалатын көрінеді. 

Шардара ауданы бойынша соны әдісті әзірге осы «Жаушықұм» шаруа қожалығы ғана пайдаланып отыр. Бірінші рет қолға алынған шаруаның барысына облыс басшылығы әбден қанықты. Піскен өнімді тиімді бағамен өткізу жағы да ойластырылған. Өзге аудандарға жылына мың тонна жуа жіберу жоспарланса, Ресеймен де келісім-шарт жасалынып қойыпты.

Одан кейін Өңір басшысы жұмысымен танысқан келесі нысан – үдемелі индустриалды инновациялық даму бағдарламасы аясында іске қосылатын «Шардара Балық-1» ЖШС-нің балық өңдеу зауыты болды. Биылғы жылғы қыркүйек айында іске қосылатын бұл нысанға 182 млн. теңге инвестиция тартылған. Мұздатылған және ысталған балық, филе өнімдерін шығаратын зауытта 100 адам қызмет атқаратын болады.  

Ауданда 63 500 гектар суармалы жердің биылғы жылы 58 007 гектары игерілген және 91,3 пайызына дақылдар орналастырылған.  Сонымен бірге, аудандағы су нысандарын қалпына келтіру жоспарланып, 129 шақырымның 121 шақырымы немесе 93,8 пайызы тазаланыпты. Нәтижесінде 625 гектар жер қосымша айналымға қосылған. 

«Сыбаға» бағдарламасы аясында 8 кәсіпкерлік тұлға 76,1 млн. теңге несие алып, оған 475 аналық бас ірі қара мал сатып алыпты. Жыл соңына дейін 2 кәсіпкерлік тұлғаға 15,0 млн теңге несие беріліп, 75 аналық бас ірі қара мал сатып алу жоспарлануда. 

Тамшылатып суғару технологиясын ендіру 600 гектарға жоспарланса, орындалғаны 345 немесе 57,5 пайыз. Жылыжай құрылысын салудың жоспары 8 гектар болса, әзірге орындалғаны 4,2 гектар. Сонымен қатар, үш жақтама келісімге сәйкес 2013 жылы аудан бойынша 68 техника жаңартылуға тиіс болса, бүгінгі таңда 54 дана ауыл шаруашылығы техникалары алыныпты.

Түлкібастың тәтті алмасы

Осы аудандағы сапарында өңір басшысы алдымен Келтемашат ауылдық округіне қарасты Кершетас ауылында орналасқан «Бес Жал» өндірістік кооперативінің егін алқабымен танысудан бастады. Кершетас ауылындағы «Бес жал» өндірістік кооперативі тұқымдық бидай дайындайды. 2 мың гектарға дәнді-дақыл еккен қожалық биылғы орақтан көп өнім алудан үмітті. Былтыр әр гектардан мардымсыз түсім алып, қиналып еді. ӨК төрағасы Спабек Истанбеков, «Астық түсімі былтыр нашар болды. Биыл жақсы. Өнімділік 35-40 центнерден асады. Мемлекеттен берілетін көмек те уақытылы жетті. Тыңайтқыштар көктемде-ақ беріліп қойған», – дейді облыс басшылығына разылығын білдіріп. 

Түлкібастағы астық орағымен танысу барысында облыс басшысымен бірге келген облыстық ауыл шаруашылығы басқарамасының бастығы өлкедегі астық түсімі биыл екі есеге артық орындалуы мүмкін деген ақпарымен бөлісті. Бұл дегеніңіз өңірде ұн тапшылығы сезілмейді деген сөз. Оның үстіне елдегі ұн зауыттарының дені ОҚО-да орналасқан. Осыған байланысты ас атасы арзандауы мүмкін бе? Бұл сұраққа жауапты басқарманың бастығы Қанатбек Оспанбеков «Облыс халқының 56 пайызы ауылды жерде тұрады. 80 пайызы ауылшаруашылығымен айналысады. Өздерінің астығын нанға пайдаланады. Сондықтан халыққа өнімділік оң әсерін тигізеді деп ойлаймыз», – деген жауап қатты.

Айта кетейік, облыс бойынша 180 мың гектарға дәнді-дақыл егілген. Қазіргі түсім орташа 19-20 центнер төңірегінде. Облыс шаруалары бүгіннің өзінде 350 мың тоннаға жуық астық жинап үлгеріпті. Былтыр бұл көрсеткіш небары 170 мың тонна болған еді.

Асқар Исабекұлы Түлкібас сапарында Т.Рысқұлов ауылдық округіндегі Майлыкент сүт өңдеу цехында да болды. Жалпы құны 54,0 млн. теңгені құрайтын бұл нысанда жылына 3 мың тонна сүт өңделмек. Кәсіпорын басшылығы жобаның мақсаты мен алдағы міндеттерін таныстыра отырып, өзекті мәселелері жөнінде де кеңінен баяндады.

Бұдан кейін облыстың бірінші басшысы Түлкібас поселкесіндегі сыйымдылығы 3 мың тонналық даярлау пунктін аралап көрді. Азық-түлік қауіпсіздігіне қол жеткізу мен бірінші қажеттіліктегі азық-түлік тауарларының бағасын тұрақ­тандыруға бағытталған бұл жоба «Мак­симум АИО» ЖШС арқылы 160,0 млн. теңгеге қаржыландырылған. 

Сондай-ақ өңір басшысы Жабағылы ауылдық округіндегі «Ақсанат инжиниринг» ЖШС-нің асыл тұқымды мал шаруашылығымен танысып, кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтарының төрағаларымен кездесті. Ал Шақпақ ауылдық округінде «Кентау» интенсивті бау өсіру шаруашылығымен және Құлый магистралды каналының жұмысына қанықты. Ұзындығы 8,8 шақырымды құрайтын осы су артериясын жөндеуге облыстық бюджеттен 115 млн. теңге бөлінген. 

Түлкібастың тәтті алмасын қайта көбейту керек. Аудан шаруалары қазір алма бауларын қолға алуды күшейтіпті. Қазір ондағы 4 мың гектардай алқапқа аталған жеміс түрінің түрлі сорты егіліп, бапталуда. «Көктал» Шаруа қожалығындағы 200 гектарда 170 мың түп алма өсіріледі. Аталған жемістің 10 түрін баптайтын қожалықтың өнімдері жергілікті жұрттан-ақ артылмайды. Сондықтан алма бауының көлемін ұлғайтуды бас шаруа жоспарлап жүр. Оған мемлекет те қолдау көрсетуде.

 «Көк тал» ШҚ төрағасы Асқар Төлешов бұрындары мемлекеттен көмек болмағанын айтады. Соңғы 7-8 жылдан бері төмен пайызбен несие бере бастапты. Биыл 110 млн. теңгеге жуық несие алған. Кеңес үкіметі кезінде ауданда 4,5 мың гектарлық алма бауы жайқалып тұратын. Түлкібастың тәтті алмасы сол кезде бүкіл КСРО-ға танымал еді. Аудан басшылығы қазір сол абыройды қайтарып алуды ойластырып жүр. Тынымсыз тірліктің арқасында өлкедегі алма бауының көлемі қазір 3,7 мың гектарға жеткен.

Түлкібас ауданының әкімі Қайрат Әбдуәлиев: «Былтырғы жылы жоспарланған 740 гектар болса, біз 1000 гектарға орындадық. Биыл амандық болса бұрынғы кеңестік кезеңдегі қалыпқа келтіреміз бе деген жоспарымыз бар»,– деді. «Кен-Тау» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі де 80 гектар жерінен жыл сайын мол жеміс алмақ. Таяу жылдар ішінде баудан түрлі сорттағы өнім алынып, шаруа қожалығы алма өсіру ісіне қомақты үлес қоспақ.

Жұмыс сапары соңында облыс әкімі аудан активімен жиын өткізіп, ауданның әлеуметтік картасын әзірлеудің тиімді тұстарын баяндады және күрмеуі қиын мәселелелерді кезең-кезеңімен шешу керектігіне баса назар аударды.


Мақта өсіруге машықтана бастаған

Өңір басшысы А.Мырзахметов алты айдың жұмысын қорытындылау мақсатындағы кезекті іссапарымен Арыс қаласына да барып қайтты. Облыс әкімі сапарын «Хлопкопром» ЖШС-нің мақта плантациясынан бастады. Он жылға таяу уақыт бұрын құрылған бұл кәсіпорын облысымызда мақта шаруашылығын дамытуға елеулі үлес қосып келеді. Тамшылатып суару технологиясын «Хлопкопром» облыста бірінші болып тәжірибеге енгізіп, жоғары өнімге қол жеткізгенін айта кетейік. Бүгінде кәсіпорынның егістік көлемі 280 гектар, оның 50 гектары озық технологияны қолданса ал, қалған 230 гектары қатардағы әдіспен егілген. 

Көксарай су реттегішінің іске қосылуы Арыс қаласына қарасты аумақта суармалы егістікті ұлғайту, мал азығын дайындау жұмыстарын одан әрі дамытуға кең мүмкіндіктер ашып отыр. Қала әкімінің орынбасары Дәулет Хасеновтің айтуына қарағанда, Көксарай суын пайдалану арқылы суармалы алқапты 5200 гектарға ұлғайтуға болады екен. Алайда, Сусорғы құралдарын іске қосуға «Оңтүстік Жарық» мекемесінен қиындық туып отыр. Аймақ басшысы энергия қуатының шынында да тапшылығы бар екеніне назар аударып, бұл мақсатқа неге баламалы қуат көздерін пайдаланбасқа деген ұсынысын жеткізді. 

Асқар Исабекұлының келесі аялдаған нысаны «Қазына жер LTD» ЖШС болатын. Мұнда ірі ауқымды құрылыс жұмыстары қолға алынған. Кәсіпкер жігіт Әлімжан Ахметов 800 бас ірі қараға арналған тауарлы-сүт фермасын салуда. Жалпы құны 1,5 млрд. теңге тұратын бұл құрылыс өткен жылы басталған. Келесі жылдың бірінші жартыжылдығында толығымен аяқталатындығын айтты. Ал, биыл жыл соңына дейін 400 бас кіргізіледі. 

Бұл ғимараттың салынып бітуін күтпей-ақ, кәсіпкерлер өздеріне бекітілген суармалы жерді тиімді пайдаланып, мал азығын дайындауға кірісіп те кеткен. Егер тауарлы сүт фермасы іске қосылса, 36 тұрақты және 100-ге тарта маусымдық жұмыс орыны ашылмақ. «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы қаржыландырылып, Америкадан асыл тұқымды мал сатып алуды жоспарлауда. Кәсіпорын жылына әр сиырдан 6000 тоннадай сүт өндірмекші. Облыс әкімі кәсіпкердің таудай талабын қолдай отырып, жергілікті билікке білікті мал мамандарының тарапынан көмектесуге шақырды. Облыс әкімі осы сапарында қаладағы жеке кәсіпкер Б.Сарбасовтың ұн диірменін көрді. Қазіргі заман талаптарына сай шағын өнеркәсіп. Мұнда 40 адам еңбек етеді. Жанында наубайхана, тәулігіне 3500 дана бөлке нан шығарады. Кәсіпкер болашақта макарон цехын ашуды да жоспарлап отыр.


Оңтүстікте 1 миллион тонна қауын-қарбыз жиналған 

Биыл қазақстандықтар қауын-қарбыздан таршылық көрген жоқ. Маусым басталысымен -ақ 300 мың тонна бақша өнімдерін жинап, ректордтық көрсеткішке қол жеткізген Оңтүстіктің дихандары осылай деп отыр. Еліміздің өзге өңірлері тұрмақ, Ресей және Батыс Еуропа біздің қарбыздарға қарқ болып жатыр. Мұны Оңтүстіктегі ең көп бақша өнімдерін өндіретін мақтаралдық дихандар айтуда.

Марат Мырзахметов мол өнім алу үшін егістік алқаптағы жұмысты ерте көктемнен бастаған. Оның жылда егетіні жаз маусымында сұранысы жоғары болатын бақша өнімдері. Жыл сайын жоғары сұрыпты жеміс жинап жүрген шаруа биылдың өзінде ауыр жүк көліктеріне тиелген қарбыздарды шет ел асырып жатыр. Айтпақшы, дихан ауыл жастарын да ұмытпайды. Қыста жылыжайды баптайды, күн жылысымен егіс аймағында қызу жұмыс жүреді. Диханның айтуынша, егінді ерте көктемде бастайды. 

Өткен жылы Оңтүстік дихандары бау-бақша жинауда рекордтық көрсеткішке қол жеткізген еді. Соның басым бөлігі мақтаралдық дихандардың үлесінде болатын. Биыл облыстық ауылшаруашылығы басқармасы егістік алқабының көлемі 31 мың гектарға артқанымен, бақша дақылдарына арналған алқаптың 1 мың гектарға кемігенін мәлімдеді. Бірақ өнім көлемі ойдағыдай. 

ОҚО ауыл шаруашылығы басқармасы, егін және су шаруа­шылығы бөлімінің басшысы Нұрбек Бадырақов: «Бүгінгі күнге 300 мың тонна өнім жиналды. Бұл өткен жылдың дәл осы кезеңімен салыстырғанда 112 мың тоннаға артық. Биыл да бақша дақылынан түсетін өнім көлемін өткен жылғыдай рекордтық көрсеткішке жеткізуге мүмкіндігі бар», – дейді.

Биыл 53 мың гектардан бақша өнімін алу жоспарланған. Бүгінде оның жартысынан көбі жиналып қойды. Көш басында Мақтарал, Шардара, Түркістан, Арыс, Са­рыағаш  аудандары тұр. Айта кетейік, былтыр Оңтүстіктен 1 млн. 101 мың тонна  қауын-қарбыз жиналған болатын.

Дәурен ӘБДІРАМАНОВ

Оңтүстік Қазақстан облысы

Серіктес жаңалықтары