«Сарыарқада» бой көтерген жобалар

«Сарыарқада» бой көтерген жобалар

«Сарыарқада»  бой көтерген жобалар
ашық дереккөзі
174

Облыс әкімі әуелі «Бёмер Арматура» ЖШС бекітпе арқаулар мен шарлы кран шығаратын зауытына бас сұқты. Жалпы құны 1 млрд. теңгені құрайды. Бүгінде бұл жоба бойынша, жобалау-сметалық құжаттамаға арнайы мемлекеттік сараптама жүргізілген. Зауыттың алғашқы іргетасы да қаланды. Зауытқа қажетті құрал-жабдықтарды жеткізу үшін арнайы келісімшарттар жасалды. Келісім бо­йынша, зауытта 35 жұмыс орны ашылмақ.

Облыста ашылатын тағы бір жоба – жылуоқшауланған құбырлар шығаратын зауыт. Бұл жобаны «Изоплюс Центральная Азия» компаниясы жүзеге асыруда. Жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленіп қойылған. Жоба құны – 1,5 млрд. теңге. Жоба нәтижесінде 40 жұмыс орны ашылады. Өндірістің жобалық қуаттылығы – жылына 20 мың тонна өнім өндіру.

«Сарыарқа» ЕЭА аумағында жылуоқшауланған құбырлар мен фасонды бұйымдар шығаратын «Hyunwoo Central Asia» ЖШС жобасы да жүзеге асырылуда. Бұл жобаның инвестиция көлемі – 3,2 млрд. теңге. Мұнда 130 жұмыс орны құрылмақ. Өндірістің жылдық көлемі – 29 мың тонна өнім шығару. Осы жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған.

Сонымен бірге, өңір басшысы «Лидос» LTD ұсынған интерактивті оқыту жабдықтарын шығаратын жобаның жай-жапсарымен танысты. Жоба авторларының айтуынша, негізгі ғимараттардың құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталған. Өндірістің жылдық көлемі – 5,1 млрд. теңгені құрап отыр. 

Сапар аясында облыс басшысы Индустриалдық парктің шаруашылық-тұрмыстық ағын суларын тазарту станциясының құрылыс-монтаждау жұмыстарымен де танысып қайтты. «Сарыарқа» ЕЭА сапарын аралаған облыс әкімі Бауыржан Әбдішев аталған жобаларды жүзеге асыруға қатысты бірқатар тапсырмалар жүктеді. 

Сондай-ақ, өңір басшысы бірқатар аудандарды аралап, «Жаңа ай», «АгросинтезХХІ», «Красная поляна», «Еңбек-95» шаруашылықтарының жұмысымен танысты. Осакаров ауданының орталығы – Осакаров кентінде болған сәтінде облыс әкімі «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасының «Ауылдық жерлердегі кәсіпкерлікті дамытуға ықпал ету» деп аталатын екінші бағыты бо­йынша несиеленген жеке кәсіпкерлер қаржысына жаңғыртылған сегіз пәтерлі үйде және 320 орындық балабақша құрылысы нысанында болды.

Өңір басшысы Есіл аулындағы «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы аясында салынып, экономикалық әлеуеті төмен елдімекендерден көшірілген отбасыларға берілген тұрғын үйлерде болды. Аймақ басшысының ат басын бұрған тағы бір нысаны – жетім балалар мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған Литвинская мектеп-интернаты. Сондай-ақ ол осы мекеме иелігіндегі демалыс аумағында болып, балалар демалысының мазмұнымен танысты.

Бұл жерде жыл сайын жазғы каникул кездерінде 250-300 бала қабылдауға мүмкіндік бар. Озық үлгіде жабдықталған асханасы, моншасы, медициналық пункті, жылыжай, жағажай, спорт және ойын алаңдары бар. Демалушы балалар жаз бойы «Жасыл ел» бағдарламасы аясында аймақты көгалдандыру және абаттандыру жұмыстарына қатысады. Олар бүгінгі күнге дейін алуан тұқымдас 5000 түп ағаш отырғызды. Биылдан бастап мектеп-интернатта тәрбиеленушілер өздері күтіп-баптайтын, көкөністің небір түрлерін өсіретін жылыжай жұмыс істейді. Сонымен қатар, демалыс аумағы базасында тұңғыш рет этнолагерь ұйымдастырылып отыр. Ары қарай аймақ басшысының жұмыс сапары Молодежный кентінде жалғасын тапты. Бұл жерде облыс әкімі 60 пәтерлік тұрғын үйдің жаңғырту жұмыстарымен және алдағы жылу беру маусымына дайындық барысымен танысып, «Молодежный» көмір кенішінің жылу қазандығында болды.

Аймақ басшысы «Еңбек-95» ЖШС шаруашылық алқабын аралап, Трудовое аулының абаттандыру жұмыстарымен танысты және өз өнімдерімен Осакаров ауданының 5 елді мекенін қамтамасыз етіп отырған «Махаури» жеке кәсіпорынының наубайханасына бас сұқты.

Бұдан соң, облыс әкімінің жұмыс сапары Абай ауданында жалғасты. «Астра-Агро» ЖШС базасында болып, картоп өсіру бойынша қолға алынған жобаның барысын бағамдады. Құны – 240 млн. теңге болатын бұл жобаны жүзеге асыру мерзімі 4 жылға жоспарланған. «Астро-Агро» ЖШС-нен кейін аймақ басшысы «1000 жылқыға арналған жылқы фермасының құрылысы» инвестициялық жобасы жүзеге асырылып жатқан «Шанс» шаруа қожалығында болды. Жылқы фермасы 2014 жылы пайдалануға берілмек. Облыс әкімі Бауыржан Әбдішев жылқы фермасынан басқа, жүгері, егіс, картоп және көкөніс алқаптарын аралады.

Едіге БЕКТАС

Серіктес жаңалықтары