«ХАЛЫҚТЫҚ ІРО» – ХАЛЫҚҚА БЕРІЛГЕН МҮМКІНДІК

«ХАЛЫҚТЫҚ ІРО» – ХАЛЫҚҚА БЕРІЛГЕН МҮМКІНДІК

«ХАЛЫҚТЫҚ ІРО» –  ХАЛЫҚҚА БЕРІЛГЕН МҮМКІНДІК
ашық дереккөзі
191

«Халықтық IPO» – мемлекеттің ұлттық байлығын олардың азаматтары арасында бөлу. Жер шарындағы дамыған елдердің көпшілігі, мәселен, Ұлыбритания осындай бағдарламаларды жемісті түрде жүзеге асыра білді. Ағылшын тіліндегі «Initial Public Offering» (ІРО) сөзінің қазақшасы – «алғашқы жария ұсыныс». Бұл ұғым қаржы операциясын білдіреді, оның барысында компания алғаш рет кең жұртшылыққа өз акцияларын сатып алуды ұсынады.  Шараның «халықтық» деп аталуы ол ең алдымен Қазақстан Республикасының азаматы болып саналатын жеке тұлғаларға сатылады. Яғни, алдымен отандастардың әлеуметтік ахуалын жақсарту көзделеді. Маңыздысы, «Халықтық IPO» бағдарламасына қатысу үшін барынша тұрақты компаниялар іріктелді, олардың басым көпшілігі өз табысын елдің ішіндегі қызметі есебінен қалыптастырады, яғни әлемдік нарықтардағы жағдайларға тәуелді емес. Шараға қатысушы компаниялар – экономикалық тұрғыда тұрақты компаниялар, олардың акцияларының құны ұзақ мерзімді уақытта өседі. Бұл кәсіпорынға ақша салуға мүдделі инвесторлардың қызығушылығын тудырып, тұтынушылық сұранысты арттырады. Бұл баға тұрақтылығына игі әсер етпек. 2012 жылы «Халықтық IPO» Бағдарламасына «ҚазТрансОйл» АҚ тартылса, 2013 жылы «KEGOC» АҚ, «Эйр Астана» АҚ, «ҚазТрансГаз» АҚ, «Самұрық-Энерго» АҚ, «Қазмортрансфлот» ҰТКК» АҚ түгел қамтылмақ. Ал келесі жылы бұл тізімге «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ, «Қазтеміртранс» АҚ қосылса, 2015 жылы «Қазатомпром» АҚ, «ҚазМұнайГаз» АҚ акциялары қарастырылады. Қазақстанда «Халықтық IPO» бағдарламасын жүзеге асыру халықтың қорындағы басы артық ақшаны отандық экономиканы дамытуға тартуды көздейді. Инвесторлардан түскен қаражатты ұлттық компаниялар өзінің одан әрі дамуына, қызметін жаңғыртуға және кеңейтуге салуы мүмкін. 

Одан басқа, «Халықтық IPO» қазақстандықтарды қор нарығының қызметіне тарта отырып, өздерінің қаржы сауаттылығын арттыруға ынталандырады. Халықтың белсенділігі ірі инвесторларды тартады, олар біздің нарығымызға үлкен ақшалар әкеледі. Бұл біздің экономикамыз үшін принципиалды маңызды. 

«Халықтық ІРО» – капиталды көбейтудің жаңа қаржылық құралы. Құралдардың әртүрлілігі азаматтарға қаржылық жоспарларын іске асыру үшін көбірек мүмкіндіктер береді. Мысалы, қазіргі кезде халық жинақтарының қомақты бөлігін жекеменшік банктердегі депозиттерде сақтайды. Әлбетте, депозиттегі қаражат жақсы сақталады, бірақ оның ауыз толтырып айтарлықтай көбеймейтіні белгілі. Ал «Хаоықтық ІРО» шеңберіндегі акциялар барынша күшті тәуекелдерге байланысты болғандықтан, барынша көп пайда түсіруді қамтамасыз етуі мүмкін. Мысалы, депозиттер бойынша ең жоғары мөлшерлеме шамамен 8-9 пайыз, есесіне, ІРО-дағы акциялар құны бұдан бірнеше есе жоғары. Айталық, «ENRC» АҚ акцияларының құны 2009 жылғы 1 қаңтардан бастап 1 қыркүйекті қоса алғандағы кезеңде 384 пайызға өсіпті. Егер кірістік тұрғыда есептесек, банктерге депозит ретінде салған әрбір 1000 теңгенің үстінен 80-90 теңге алсаңыз, ІРО бағдарламасына қатысу арқылы 2840 теңгені қалтаға басасыз. Бұған қазақстандық қор биржасының сайты (www.kase.kz) арқылы көз жеткізуіңізге болады. Ескеретін жайт, оңай олжаға кенелем деп жүріп, қауіпті қаперден шығарып алмауыңыз қажет. Яғни, тәуекелге бел бусаңыз да, оның соңы сан соқтыруы әбден мүмкін. Мәселен, «КАМАЗ» ААҚ акцияларының бағасы 2011-2012 жылдар аралығында 46% күрт арзандаған. 

Соған қарамастан тәуекелді талап ететін қор нарығы жағымды жаңалықтарға толы. Мәселен, Қазақстан қор биржасында (KASE) акциялармен мәміле жасаған жеке тұлғалардың саны шілде айында оның алдындағы аймен салыстырғанда үштен бірге ұлғайған көрінеді. Мәселен, KASE деректері бойынша, бағалы қағаздармен мәміле жасауға қатысқан жеке тұлғалардың есеп-шоты 795-тен 1036-ға дейін өскен. Үстіміздегі жылдың шілде айында жеке тұлғалардың дербес жеке есеп-шоттарының жалпы саны 55234-ке жетті. Бұл оның алдындағы айдың соңындағы есеп-шоттан 325-ке, ал өткен жылдың ұқсас кезеңіндегі есеп-шоттан 2928-ге көп. KASE-тегі жеке тұлғалар акциялары мәмілесінің брутто-айналымы арнайы сауда-саттықтарды есептемегенде 3,2 млрд. теңге болды.

Мамандардың айтуынша, жалпы қор нарығындағы операциялар ірі тәуекелдермен қатарласа жүреді. Бірақ ішкі түйсік пен тәжірибе мол табысқа кенелтері анық. Негізі отандық сарапшылар қор нарығының қыр-сырын балаларға мектеп қабырғасынан бастап үйретуге кеңес береді. Жуырда ғана Қазақстанға келіп қайтқан польшалық кәсіпкер әрі трейдер Андрей Никулин  ол үшін тек білім, уақыт және төзім қажеттігін айтады. Астанада негізінен биржалық сауатқа үйрететін тренингтер өткізетін ол әзірге қазақстандықтардың қор нарығына аса қызықпайтынын, пайда табуға салғырт екендігін жасырмайды: «Бұл мемлекеттің халықты алдында тұрған мүмкіндіктер туралы өте аз хабарландыратынын байқатады. Биржа – негізінен жастардың, құмарлардың ісі. Брокерлер мен трейдерлердің орта жасы – 25-30. Меніңше, мектепте, университеттер мен колледжерде, академияларда, инс­титуттарда қор нарығына шын мәнісінде мүлде назар аударылмайды. Есесіне, «Халықтық IPO» бағдарламасы қызықты ма?

Иә. Нарыққа шыққысы келетін компанияларды көрдім. Бұлар энергетикалық активтер. Ал ІРО «халықтық» болғасын, олардың акцияларын бірінші кезекте Қазақстан азаматтары ғана сатып ала алады. Бұл – халыққа берілген зор мүмкіндік».

Қазақстандағы қор нарығына қы­зығушылық білдірген отандастарға пайдалы кеңес берген А.Никулин: «Біріншіден, трендке сүйеніп сауда жүргізіңіз. Яғни, акция құны өсе бастаса, сатып аламыз, ал құласа – ойнаймыз. Араластырмау керек. Екіншіден, әрқашан stop loss – бұл шығынды шектеу. Егер акция сатып алсаңыз, онда бағаның кері бағытта кету жағдайынан  сақтануға тиіссіз. Өзіңіз бара алатын максималды тәуекелді анықтап алу керек. Сонда жағымсыз сценарий жүрсе, баға өзіңіз белгілеген межеге жеткенде акцияларды автоматты түрде сатасыз. Үшіншіден, қысқа тоқтамға сауда істеу. Яғни, шығын көлемін минималды деңгейде белгілеу қажет. Доллар – көп. 10-15 цент, шығынның шегі осындай болуы тиіс. Төртіншіден, ірі ойыншының соңынан жүру. Кез келген биржада ірі сатушылар мен сатып алушылар – түрлі қаржылық институттар, миллиардерлер бар. Қор нарығын іс жүзінде солар басқарады. Ірі ойыншы дәл қазір қандайда бір акциялар сатып алып жатыр ма, байқауға болады. Егер алып жатса, саған да сөйту керек. Сатып жатса, тағы солай. Сондай-ақ нақты қағаздың көлемін де қадағалау қажет. Бұл – бір күннің айналымы. Көлем көп болған сайын, акцияның да ликвидті болғаны», – дейді.

Мамандардың «Халықтық ІРО» сияқты аса кең көлемдегі шараны жүзеге асыру үшін алдымен қарапайым халыққа тсүіндірме жұмыстарын жүргізу қажет» деген пікірін құзырлы органдар да ескереді. Сол себепті, арнайы құрылған топ  жуырда Ақмола облысының орталығы Көкшетау қаласына барды. Жергілікті  тұрғындармен  кездескен оларға көкшетаулықтар көп сұрақ қойды. Осы орайда, ҚР Ұлттық банкінің өңірлік қаржы орталығы қызметін дамыту комитетінің төрағасы Дархан Нұрпейісов: «Бағдарламаның ерекшелігі – бұл «Халықтық ІРО»-ның, бірінші рет осы ұлттық компаниялардың  бағалы қағаздары халыққа, өзіміздің Қазақстанның аза­мат­тарына сатылатын болады. Сонда, біздің Қазақстанның азаматтары біздің ұлттық экономикаға үлесін қосады және екіншіден, өзі де сол ұлттық компанияда үлесін алуға мүмкіндігі болады» – деп мәлімдеді. Ал жыл басында ҚР Экономика және бюджетті жоспарлау министрлігінің Мемлекеттік активтерді басқару саясаты департаменті директорының орынбасары Дүйсен Әділханов бағдарлама іске қосылмай тұрып, қызығушылық танытқандар саны 5 мың болса, түсіндірме жұмыстарынан кейін бұл көрсеткіш бірнеше есеге өскенін айтады: «Оның себебі, аталған компания акциялары сатуға босатылады дегеннен бастап халық арасында түсіндіру жұмыстары қарқынды жүрді. ІРО туралы ел біле бастады. Ақпаратқа қаныға түсті.  Мәселен, ІРО басталған алғашқы кезеңде  осы бағдарлама туралы халықтың 7 пайызы ғана білсе, бүгінгі таңда бұл көрсеткіш қала тұрғындары арасында 56,5 пайызды құрады. Ал ауылдағылардың 43,5 пайызы бағдарламаны білетін болып шықты. Қазіргі күні қор биржасына қатысушы ретінде  тіркелген 118 кәсіпорын мен 52 мыңнан астам инвестор, яғни жеке тұлғалар бар. Қарап отырсаңыз, бір жылдың  көлемінде қор биржасындағы жеке тұлғалар саны он еседен астамға артты. Осының өзі халықтың қаржылық сауатының айтарлықтай өскенін білдіреді деп айтуға болады». Ең маңыздысы, азаматтар тарапынан сұраныс артқан. Қор нарығына қатыссам деген ниеттегілердің саны күрт артқан сәтте бағдарламаның трансферт-агент компаниясы – «Қазпошта» жұмысына  үлкен ауыртпалық түсіпті. Әрі «Қазпоштаның»  «ҚазТрансОйлды»  ІРО-ға шығаруға толыққанды дайындығы болмауы, оргтехникалардың жетіспеуі, ІРО-ға қатысушылардың көптігінен операцияларды жедел игере алмауы халық пен брокер компаниялар арасындағы келісімшарттарды жедел жүргізуге кедергі болған. Әлбетте, «Қазпошта» басшылығы аталған кемшіліктерді түбірімен жойып, тұтынушыларға сапалы қызмет етуге уәде берген. Ал акциялары сатылымға шығарылған компаниялардың айы оңынан туып тұр. Бұл туралы Дүйсен Әділханов: «ҚазТрансОйлдың» акциясын сату нәтижесін көрдіңіздер, сұраныс ұсыныстан асып түсті. Жалпы, 28 миллиард теңге акция сату жоспарланған болса, іс жүзінде 59,4 миллард теңгеге ұсыныс түсті. «ҚазТрансОйлдың» акциясын сату кезінде белсенділік танытқан өңірлер негізінен осы компаниямен қызметін байланыстыратын өңірлер екенін байқадық. Мысалы, Алматы мен Астанадан бөлек, Атырау, Маңғыстау, Ақтөбе және Павлодар облыстарының белсенділігі жоғары болды. Ал енді «KEGOC»  компаниясының акцияларын сатып алуға оңтүстік өңірлердің белсенділігі артатын сияқты. Себебі, олардың қызметі осы компаниямен тығыз байланысты. Себебі, олар бұл компанияның аяқ алысын аңдап, болжап отыр. Табысының ұлғаюы әбден мүмкін екенін де біледі. Себебі, Қазақстанда жүзеге асырылатын және асып жатқан ірі жобалардың  іске қосылуына  байланысты компанияның электр энергиясын тарату көлемі де артады, сәйкесінше табысы да өседі. Бұл болжам негізсіз де емес. Себебі, қазір компания өзінің жобалық қуатының 30-40  пайызын ғана атқарып отыр, Атыраудағы мұнай-химия кешені сияқты Индустриалдық-инновациялық даму бағдарламасында көзделген ірі жобаларға электр энергиясы молынан қажет болады.  Сонда  «KEGOC»-тың да  экономикалық көрсеткіші бұдан да көтеріле түседі», – дейді. Әп дегенде сатылымға шығарылатын кәсіпорындар тізімінен табылған «Эйр Астана» кейін сол тізімнен сызылды. Мұның себебі, «Халықтық» ІРО бағдарламасын қабылдаған кезде бірқатар заңнамаға енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға сәйкес оған қатысатын компаниялардың акцияларының бақылау пакеттері  мемлекеттің немесе «Самұрық-Қазынаның» жарғылық капиталында болуы тиіс екен. Ал «Эйр Астананың» бір емес, екі акционері бар.  Бақылау пакеті «Самұрық-Қазынаға» тиесілі болғанмен, екінші бөлігі британдық  BAE Systems plc компаниясының меншігінде. Әрине, алдағы уақытта акциясы азаматтарға пайда әкелетін кәсіпорындар «Халықтық ІРО» бағдарламасына тартыла береді. Демек, аталған шара – қарапайым халықтың әлеуметтік ахуалын жақсартуға сеп болатын көмек.


Алтынай АЙДАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары