Саны артқан гранттар

Саны артқан гранттар

Саны артқан  гранттар
ашық дереккөзі
169

Қуантарлық жайт, биыл гуманитарлық салаға қарағанда, техникалық және технологиялық салаға бағытталған грант көп.

ҚР Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұловтың айтуынша, үстіміздегі жылы мемлекеттік тапсырыс бойынша 35 053 білім беру гранттары бөлініпті.  «Биыл экономикалық жағдайды, индустриалдық-инновациялық бағдарламаны, ЭКСПО-2017 шарасы мен әлемдік универсиаданың бізде өтетінін есепке ала отырып, мемлекеттік білім беру тапсырысының жалпы саны 35053 орын болып отыр. Ол былтырғы жылға қарағанда, 738 грантқа көп. Биыл 68742 бала конкурсқа қатысады, оның ішінде қазақ тілінде – 51707, орыс тілінде – 7035 бала», – деп мәлімдеген министр гранттардың 12 мыңға жуығы техникалық ғылымдар мен технологиялық мамандықтарға, 6700 грант – педагогикалық, 2630 грант ауыл шаруашылығы мен ветеринариялық мамандықтарға тиесілі екендігін жеткізді. Демек, гуманитарлық салаға бүйрегі бұратын қазақ баласы енді техника мен технологияның құлағында ойнамақ. Сонымен қатар биылдан бастап дене тәрбиесі және спорт мамандығына тапсырыс 1 мың грантқа дейін ұлғайтылған.

ҚР Білім және ғылым министрлігінің хабарлауынша, конкурсқа қатысушылардың арасында 50997 талапкер Ұлттық бірыңғай тестінің, 16072 талапкер – кешенді тестілеудің, 1308 талапкер – халықаралық олимпиадалардың, 365 талапкер – Назарбаев зияткерлік мектебінің сертификатымен қатысқан. Олармен қатар еліміздегі балалар үйлерінде тәрбиеленген 469 жетім мен 319 мүгедек бала да бақ сынасуда. Аталған азаматтардың білім гранттарын тағайындау кезінде басымдық беретін құқықтары бар. Ал байқау барысында орташа алғанда, бір грантқа 2,3 баладан келеді екен.

Баспасөз мәслихатын өткізген министр Жұмағұлов: «Биыл ҰБТ өте жоғары деңгейде болды. Кешенді тестілеу былтыр бірінші рет өткен еді, биыл да колледж бітірген түлектердің көрсеткіштері жаман емес», – деп ризашылық сезімін білдірді.

Ресми деректерге сүйенсек, биыл Қазақстан бойынша мектепті 143 409 бала тәмамдаған. Ұлттық бірыңғай тестілеуге 95 455 адам қатысып, аталған сынақтан 67 990 түлек сүрінбей өтіпті. 

Асқар Сәрсенғазы

Серіктес жаңалықтары