Әблязов Францияның бас ауруына айналды
Әблязов Францияның бас ауруына айналды
Алайда сарапшылар оны Қазақстанға қайтару мүмкіндіктері аз екендігін айтады.
– Қазақстан қашқын банкир Мұхтар Әблязовтің экстрадициясына қол жеткізуі керек, – деді осы сейсенбіде өткен брифингте ҚР Бас прокуратурасының ресми өкілі Нұрдәулет Сүйіндіков.
Оның айтуынша, Ресей мен Украинаның Еуроодақ елдерімен құқықбұзушыларды қайтарып алу жөнінде келісім-шарты бар. Ал, Қазақстанның ондай келісімі жоқ. Алайда соңғы жылдары айыптыларды өзара келісім- шарт негізінде қайтаратын тенденция қалыптаса бастаған. Сондай-ақ, Әблязовті қайтару мәселесінде қылмыстың жасалған орны мен азаматтығы да ескеріледі екен.
Естеріңізде болса, экс-банкир Мұхтар Әблязов 31 шілдеде француз құқыққорғаушылары тарапынан Украина билігінің талабы бойынша, Францияның Канн қаласына жақын жерде тұтқындалып, 40 тәулікке қамалған болатын. Қазір оның экстрадициясын Ресей, Украина және Қазақстан талап етіп отыр. «Тұран әлем банкінің» бұрынғы төрағасы Қазақстанда аталған банктің 6 миллиард долларын жымқырды деп айыпталса, Украина мен Ресей билігі оны алаяқтық ісі үшін кінәлі деп санайды. Мұхтар Әблязовтің экономикалық қылмысы Кипрде, Венгрияда және Латвияда қылмыстық іс қозғауға негіз болған. Егер экс-банкир Украинаға жіберілетін болса, 12 жылға, Қазақстанға аттандырылса 13 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін деген болжамдар айтылуда. Сондай-ақ, Мұхтар Әблязовтің бұған дейін Ұлыбританияда лондондық құқық қорғау органдарынан жасырынғаны үшін Лондон соты сотқа құрмет көрсетпеді деген айыппен оны 22 айға бас бостандығынан айыру туралы шешім қабылдаған. Алайда, экс-банкир аталған шешім күшіне енбес бұрын қашып үлгерген болатын.
Француздық Экс-ан-Прованса соты Қазақстан олигархын қай елге беретінін жақын күндері шешуі тиіс.
«Қылмыс жасады деген күдікпен ұсталған адамдардың мәселесі олар жасырынған елдің ішкі заңдылықтарымен және халықаралық келісімдер бойынша реттеледі. Жақында Әблязовті қолға түсірген Франция, Украина және Ресей құқықбұзушыларды қайтару жөніндегі Еуропалық конвенцияның мүшелері, ал Қазақстан оған мүше емес. Қазір Француз билігі халықаралық міндеттемелерге сай Әблязовті Украинаға экстрадициялау жөніндегі мәселені қарауда. Бұл Конвенцияның негізінде оны Ресейге экстрадициялаудың заңдық негізі жоққа шығарылмайды», – дейді аталған брифингте ресми мәлімдеме жасаған Нұрдәулет Сүйіндіков.
Мұхтар Әблязовтің туыстары Франция сотына оны Қазақстанға немесе Украинаға экстрадиция жасамауын өтініп, хат жолдаған екен. Экс-банкирдің экстрадициялануы жөнінде болжамдар күн өткен сайын әрқилы құбылуда. Француздық «Ле Фигаро» басылымына өз пікірін білдірген Экс-ан-Прованс соты бас прокурорының көмекшiсi Соланж Легра экстрадиция процесінің тез арада шешілмеуі мүмкіндігін айтқан. Оның ойынша, бұл 2014 жылдың көктеміне дейін созылуы мүмкін.
Қазақстандық құқыққорғаушы Евгений Жовтис оның Ұлыбританияға қайтарылуы мүмкін екендігін айтса, ресейлік ақпарат құралдары Эдуард Сноуденге қатысты даудан кейін Франция мен Ресей арасында туындаған кикілжіңнің салдарынан Ресейдің бұл іске араласа қоюы екіталай екендігін жазады.
Дегенмен, экс-банкирдің бұл жолы айыптан оңай құтыла қоймайтындығы мәлім болып отыр. Кейбір ақпарат құралдары экс-банкирдің Францияда заңды түрде тұрақтағаны жайында мәлімдегеніне қарамастан, ресейлік «Коммерсант» газеті оның қолында Орталық Африка республикасының төлқұжаты болғандығын жазады. Дәл осындай құжаттың осыдан біраз уақыт бұрын Италияда ұсталып, Қазақстанға экстрадицияланған оның әйелінде болғандығы анықталған. Қырғызстан Әблязовтің бұрынғы президент Бакиевтің інісі арқылы жалған төлқұжатқа ие болғандығы жайында даудың басы қылтиғаны есімізде.
Қазақстанда 2009 жылдың басында М.Әблязовке қатысты қылмыстық іс қозғалған болатын. Оған тағылған айып «Тұран әлем банкінің» қаржыларын жалған компаниялар арқылы сыртқа шығарып, ірі көлемде қаржылық алаяқтық жасады дегенге саяды. Өзін саяси тұтқын деп мәлімдеген ол Қазақстаннан қашып шығып, Ұлыбританияда біраз уақыт өмір сүреді. «Тұран әлем банкінің» есебі бойынша, М. Әблязов 5 миллиард долларды заңсыз иеленген, оның сыртында өз сыбайластарымен бірге «Тұран әлем банкі» және оффшорлар арқылы 10 миллиард доллар қамтамасыз етілмеген несиені сыртқа шығарып әкеткен.
Есенгүл КӘПҚЫЗЫ