Университетте оқып жүр...

Университетте оқып жүр...

Университетте  оқып жүр...
ашық дереккөзі
217

Бүгінгі күнде Қырғызстанда 52 жоғарғы оқу орны бар, оның 31-мемлекеттік, 21-і жекеменшік. 

Оларда 230 мың студент білім алуда.  Оқуға түсу он екі жылдан бері жалпы республикалық тесттің қорытындысы бойынша жүргізіліп келеді. Биыл орта мектептерді бітірген 180 мыңдай оқушының 50 мыңнан астамы жалпы республикалық тесттен өтуге құжаттарын тапсырған. Оқуға жоғарғы балмен түскендердің 5705-і мемлекеттің есебінен тегін оқитын болады.  Тестке қосымша Бішкектегі халықаралық университеттер емтихан арқылы жақсы оқығандарды іріктеп те алып жүр.

Университеттердің ішінен Орталық Азиядағы америкалық университет ең беделділерінің бірі болып есептеледі. Негізінен гуманитарлық бағытта білім берген бұл университеттің түлектері «жерде қалмайды», алды Америкаға кетіп, арты халықаралық ұйымдардың бірінен жұмыс тауып алады. Екінші орынды Борис Ельцин атындағы Қырғыз-орыс славян университеті иелейді. Бұл университеттің артықшылығы – бітірушілерге Қырғызстанның және Ресейдің дипломдарын береді. Үшінші орында Ататүрік атындағы Қырғыз-Түрік университеті тұр. Мұнда оқу жоғарғы сыныптарда түрік және ағылшын тілдерінде жүргізіледі. Бітірушілер Түркияда оқуын жалғастыруға не жұмыс істеуге жақсы мүмкіншілік ала алады. Төртінші орын Қырғыз-Түрік Манас университетіне бұйырған. Бұл оқу орнының өзгеше ерекшелігі – оқу толық ақысыз және студенттер стипендиямен қамсыздандырылады. Оқуға жалпы тесттің жоғарғы деңгейдегі көрсеткіштерімен, сондай-ақ емтихан арқылы қабыл алады. Бесінші орында Жүсіп Баласағұн атындағы Қырғыз Ұлттық университеті тұр. Қырғызстанның ең алғашқы құрылған жоғарғы оқу орны –педагогикалық институты. Биыл университет өзінің 60 жылдығын тойлады. Студенттерінің ең көбі де осында. Оқу жарым-жартылай ақысыз.

Көп жылдар оқу орындарының флагманы болған ұлттық университетті рейтингі бойынша,  ресми түрде не сарапшылардың анықтамасы бойынша бесінші орынға қойып отырғанымыз жоқ, ел ішінде айтылып жатқан пікірлерге сүйендік. Көпшіліктің айтуына қарағанда, университеттің бюджеттік бөлімдеріне абитуриенттерді қабыл алуда және славян университетінде жең ұшынан жалғасқан сыбайластық басым.

Жыл сайын Қырғызстанның жоғарғы және арнайы орта оқу орындарынан 55 мыңға жақын студент білім алып шығады, республиканың білім және ғылым министрі Қанат Садықовтың айтуынша, жұмыс орындарының аздығынан олардың отыз па­йызы ғана қызметке орналаса алады екен. Қырғызстанның Еңбек Кодексінде оқу бітірген жас мамандарды жұмыспен қамсыздау кепілдігі көрсетілген, бірақ тіршіліктің жазылмаған заңдары одан үстем болып тұр. 

Бішкектің жоғарғы оқу орындарында ақысын төлеп оқып жатқан шекаралас облыстардан келген қазақстандық жастар да  баршылық. Оларды оқудың сапасы емес, ақысының арзандығы қызықтырып жатқан сияқты.

Назарбек БАЙЖІГІТОВ,

  «Түркістанның» Қырғызстандағы тілшісі

Серіктес жаңалықтары