АЛАШШЫЛ ЖАСТАРДЫҢ ТУЫН КӨТЕРГЕН

АЛАШШЫЛ ЖАСТАРДЫҢ ТУЫН КӨТЕРГЕН

АЛАШШЫЛ ЖАСТАРДЫҢ ТУЫН КӨТЕРГЕН
ашық дереккөзі
808
1918 жылдың сәуір-мамыр айында Омбы қаласында өткен қазақ жастарының тұңғыш құрылтайының шешіміне орай, «Бүкілқазақтық жастар ұйымының тілі» ретінде бұл газеттің алғашқы саны 1918 жылдың 30 шілдесінде Қызылжар қаласында жарық көрген.  

ЖАС ТІЛЕК

Жастар съезінің тілегі орындалды: өмір тәжірибесінің, білім аздығының кемдігіне қарамай, төрт түлігі сайланбай, «Жас Азамат» тәуекел кемесіне мініп тұрмыстың таласатын, күресетін майданына шықты. Келешектің қараңғылығы, саяси ауаның күн сайын құбылуы, қалың өрттей, кеселді дерттей апаты күшті күндердің тууы, дүние болу-болмау сұрағының майданға қойылуы, ұлттың өмірлік құқықтары аяқ астына тапталып, зорлықтың үкім сүруі, «Жас Азаматтың» үстіне ауыр жүк салып отыр, қоғамдасып-қолтықтасып күш беріп, ауыр жүкті тиісті орнына жеткізу – жастардың басты міндеті, үлкен борышы. «Жас Азаматтың» алтын идеялы, әулие мақсаты, негізгі жолы – ұлт бостандығы, ұлт теңдігі. Бұл тілекке жету үшін «Жас Азамат» Алаштың алтын туын жайқалдыра алатын, дұшпанға күйініш, досқа қуаныш салатын, іргелі ер қылатын бірлікті қолданады. Әлсізді күшейтетін, ауырды жеңілдететін табиғаттың қожасы болған шаруа міндетін қолданады. Ар-иманның, таза адамшылықтың түпкі тамыры әділдікті қолданады. Осы айтылған жолдарда қарсы күш – қалың жау тұрса да, таудан үлкен тұрмыстық кедергілер тұрса да, «Жас Азаматтың» бет алған сапарынан қайтпайтынына иманымыз берік. «Жас Азамат» қажыса, талса, қатерден қорықса, от екпінді ұлтшыл жастардың рухының сөнгені, ұлт үшін «ыстық қан, жас жан құрбан!» деген пікірден қайтқандығы жоқ… Бұл мүмкін емес, өйткені, жүректеріне нық байланып, ыстық қандарына сіңген зат – бір буыннан бір буынға көшіп отыратын қасиетті мұра. Алты миллион Алаштың, жарық ойлы жастары арасындағы жалғыз «Жас Азаматты» алып шығып, асырай алмаса, тұғырға қондырып баули алмаса, пұлға мұқтаж қылса, жас атаулының сүйегіне тарихи ұят таңбасы басылады. Жастар! Келешектегі буындардан алғыс, я қарғыс алатын дәуірге кездестіңдер! Ұлттың гүлденуі көркеюі, «Алаш Орданың» абыройы, айбынды болуы сендерден. Кәрі буыннан қайыр аз. Кәрі буын (біразын шығарғанда) қажыған, қайраты қайтқан буын, ерлігі сөніп, жауынгер бабаларын ұмытқан буын – «төрелерге» құлдық ұрып жатыр. Түймеге табынған буын, сайлау, партиясымен миларын шірітіп, ұлт намысын, жұрт жұмысын күндік тамағына айырбастаған буын. Мәдениеті жоғары ұлттардың жастары ұзақ жылдар от өмірді ғарып қылып, көз жасын, жүрек қанын сел дария қылып, ойлаған мақсатына жетіп отыр. Көз алдымыздағы орыс студенттері алпыс жылдан астам азаттық жолында ескі үкіметпен күресіп келді. Біздің Алаш жастары 1905 жылдан ғана бастап, әлеумет қозғалысына кірісіп, саяси күреске атсалыса бастап еді. Енді мінеки, аз жылдың ішінде өз міндетін көздеген нысанаға тигізіп отыр. Алаш ұранының үкіметі «Алаш Орда» құрылды. Аз бейнетпен табылған дәулетті салақсып, ұсақ жұмысқа кірісіп, қолдан шығарып жіберу – кешілмейтін кінә. Жастар! «Алаш Ордаға» мәдени күш беретін күндерің туды! Жер-су, бірлік – берекеден айырылған кәрі буынның осы уақытқа дейін істеген зор қателері, жетер! Билік тізгінін қолға алатын күндерің туды. Ел үшін, жер үшін: «Алаштап!» Ақ ту көтеріп найза салып, садақ тартатын күндерің туды. Жастар! Жүрек толқытқан шерді, ми толқытқан ойды жарыққа шығарып, майданға салыңдар! Алда жүрген Алаш жолында аянбай қызмет қылған адал жүрек ағалардан үлгі, өнеге алыңдар! Елдіктен, ерліктен айырылып, екі жүз жылдай еңсесі түскен елді ойлаңдар! Күнді – түн, жақынды – жат, пайданы – зиян деп жүрген, толық саяси құқықтарын іздеп алуға ер жетіп, есі кірмеген елді ойлаңдар! Түн қараңғы, дауыл қатты. Бірақ, ұлт бақыты жастарға – нұрлы сәуле!!! Жасасын, «Алаш Орда!» Жасасын, Алаш көшбасшылары! Жасасын, Алаштың жау жүрек, ұлтшыл жастары!  

АЛАШ АЗАМАТТАРЫНА!

 

180 миллион Россия халқын 300 жылдан астам бір шыбықпен айдаған Роман тұқымының тағы күйреп, ас басынан құлағандай, жеті айдай зорлықпен, қанішерлікпен билік жүргізіп даурен сүрген большевик үкіметі де, Сібір жерінде жығылды. «Дін үшін, туған жер үшін, патша үшін!» деп Николай үкіметі халықтың қанын қандай сорса, «социализм үшін, жұмыскер христиан үшін, Совет үшін!» деп большевик үкіметі де халықтың қанын сондай сорды. Қолдан мал, бастан ерік кетті. Бостандық, теңдік арманы арамтамақ, қаны бұзақылардың тепкісіне түсті. Халықты қараңғыдан жарыққа шығару жолында аюдай үкіметпен алысып, абақтыда бит-бүргеге жем болып, қыршын өмірлерін қоршылықта, таршылықта өткізген саяси сабаздар, олардың бейнеті, қаны мен миынан табылған олжа да зорлықшылдардың аяғының астында қалды. Ел таланды, шабылды, ашықты, ер азамат қанға батты, алыстағы алысқан жау былай қалып, аяқ астынан жауласып, ағайын жұрт бірінің етін бірі жеді. Қара халықтың өзі сайлап қойған мекемелері тас-талқан болды. Ұры-қары, ит мінезді азғындар халықтың қасиетті тағдырына ие болды. Халық қазынасы ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетті. 300 жылдай қорлық көрген 180 миллион халықтың атан бәйге ат жарысы, ұлы дүбір үлкен тойда бас қосатын құрылтайы (учредительное собрание) басқан ізі қан сасыған жүгенсіз топтың, қара күштің қаһарына ұшырады. Бұратаналардың билігінің өз қолында деген арман-үміті қапыда аққан қан болды. Қырым, Кавказ, Башқұртстанның, Түркістанның… қанды оқиғалары, боль­шевиктердің қанқұмарлықтарына айдай айқын дәлел. Алты миллион Алаш халқы көз жасын төгіп, құдайдан тілеген Ақ ордасын тіге алмады. Алаш азаматтарының қайсысы қараңғы тар абақтыны көрді, қайсысы бұлт жамылып, мұз төсеніп қашып жүрді, қайсысы жасылданып жанған отқа, шапқан қылыш, атқан оққа қарсы жүрді. Алаш үшін ажалдан тайынбады, басқа жұрттың большевигі біреу болса, Алашқа деген екеу болды. Өзімшілдігін, ұлт пайдасын сатқан жақыннан жат шықты. Қашан да болса, ақтық шындық үстіге шықпақ, жауыздық жоғалмақ – тұрмыс заңы. Большевиктердің һәм большевикшілдердің жеті айдың ішінде істеген зорлықтары өздеріне жендет болды. Қар суындай, қазанның күйесіндей большевиктер жоғалды. Большевик бұлты басқан бостандық күні жарқырап, жаңадан шықты, нұрын төкті. Азаматтар! Құдай Алаштың тілегін берді. Дұшпан кеудесі басылды, үні өшті. Қозғалмастай күйге түсті. Алаш Орда тігілді, Ақ ту көтерілді. Күні ертең тұрмыс тонын пішетін, келешекке үлгі жөн салатын Алаш құрылтайы болмақ. Аяқтан әуіре, қолдан кісен, ауыздан қақпақ кеткен Алаш баласы өз құрылтайыңды көріп өлсең, арманың жоқ! Өткен өмірдегі ауыр жағдайға қалың қайғы, көз жасы – бәрі де енді ұмыт болды. Қара шаңырақ «Алаш Орданың» тігілгені – бір уақытта қазақты алға шығарды. Ақсақалдар, ағалар! Ақыл айтып жол бастаңдар! Баяғы еркін дәуреннен сөз қозғап, жастардың жүректеріне қызулық жалынын салыңдар! Қазақ-қырғыз бір киізде кемеліне келген, өз алдына хандық құрып билік жүргізген ел емес пе еді? Топ бастаған көсемі, сөз бастаған шешені, қол бастаған батыры бар емес пе еді? Дәулетті байлар, мырзалар! Кісілік малда емес, әсте бүгін бар дүние, ертең жоқ. Әркім шамасына қарай ұлтына қызмет қылуы тиіс. Большевик заманында жүріп, алдағы малды садақа қылып еді. Күн жадыраған соң құдайды ұмытпау керек. Большевик бұлты айыққанмен, алдымызда қатерлі күндер көп. Қара бұлттың оңнан болса да, солдан болса да көтеріліп кетуі ғажап емес. Аласпыран күндерде мал аяп қалу ақылға да, арға да, шариғатқа да теріс. Жастар! Атқа мін! Басқа жұрттар көрсін! Орал, Алтай, Ертіс, Есіл-Нұра, Еділ-Жайық бойында шарқ ұрған арыстандай ақырған Алаштың рухының сөнбегенін көрсін! Япырмай! Кеше ғана ел емеспе еді? Алты миллион Алаш баласының басы құралмай, жер-судан айырылып, пендеге пенде болып жүргені, мейірімсіз тас бауырлардан рахым тілеп жүргені. Міне! «Алаш Ордаға» жәрдем қылмасаңдар, Ұранға қызбасаңдар, сол көңілсіз күндерің алдарыңда даяр. Ардақты азаматтар! Алаш туы Қағбамыз болсын, бәріміз соған қарайық. Алаш тілегі иманымыз болсын, бәріміз соған ұйыйық. Иншалла Алаш жасайды! Жасасын Алаш Автономиясы!!! Омбыдағы Алаш партиясының бас комитеті * * * Бүлінгеннен бүлдіргі алма Мінеки, бостандық туған жетінші айдың жүзін көріп тұрмыз. Содан бері бейшара бостандықтың басы ара шаққандай даң болды, талай талқыға түсті; Көпке бірдей Күндей бостандық сенікі емес, менікі деген пәлеге ұшырады. Шын халық қамқорлары шетке қағылып, «Ас ішкенде пайда болар» бостандыққа ен тағып, [басқа біреулер] иеленіп алды. Әсіресе, бұл бостандық дәуірінде тәкап­пар­лық іс – орыс халқының бұқарашыл зия­лы табы (интеллигентный класс) мен жұмыскер қара шепкен табының арасына түскен үлкен жік, ежелден бұқара халықтан жігі айырылған, сыңар тізгінді қыңыржақ ақсүйекшіл мемлекетшіл зиялылар туралы сөз қозғамаймын. Мен зиялы табынан бұқара үшін отқа күйіп, суға түсіп жүрген зиялылардан жұмыскерлер – қара шекпендер неге безіп кетті; Қол ұстасып құшақтасып бірге жұмыс қылмады? Не себептен большевиктердің қолтығына кіріп кетті? Осындай сұрақтарға төменде жауап бермекшімін. Бұқарашыл зиялылар ерте [оянып] жалпы бақыт, махаббаттың басына ұрынды. Бозторғай қой үстіне жұмыртқалайтын заман болады, сенікі-менікі [деген] болмайды деп жүрді. Жұмыскер қара шекпендінің жүрегіне қонатын: «Надандық қараңғылық жерінде жайлы қоныс табасың, [өзің соғысып] тартып ал» деген сөздерді иман орнында айтып жүрді. «Күреспен құқығыңа ие бол, ата-тегің байлыққа жетсін» деп жүрді. Жылы сөздермен семіртті. Жұмыскер қара шекпеннің рухын тәрбиелемей, малқұмарлық тағы нәпсісін тәрбиеледі. Бұл бір. Екінші, бақыт, махаббатты көксеу – орыс халқының түпкі жаратылысында бар. Осыдан басқа жұрттар ұлт намысын шаруа міндетін ұмытқан жоқ, қайта күн сайын шаруаны алға бастырып жатыр. Осы күнде Күнбатысты қорқынышқа түсіріп отырған Күншығыс халықтарынан Қытай мен Жапония Күнбатыстан үлгі-өрнек көп алды. Бірақ, Күнбатыстың рухани мәдениетін арам астай көріп, өзіне алмайды. Онымен Қытай, Жапония халқының мінезі бұзылып, Еуропа үкіметтерінен артық қан төгіп, жетім-жесірді жылатып отырған жері жоқ. Социализмнің бас ұясы – Батыс Еуропа. Сол Батыс Еуропада социализм пікірінің таралуы бәсең: ол жақтың социалистері шаруа салтына, әлеумет болмысына қарап, социализмді ноқталап отырғанда, біздің орыс социалистері әкімшілік қолға тисе, дүние жұмағын орнатамыз дейді. Орыстың бұқарашыл зиялылары 10-15 жыл Бұхарада оқып, пайдасыз бақыттарды бастарына толтырып қайтатын мұсылман шәкірттеріндей, Күнбатыстың шірік философиясын орыс жеріне тасып жүрді. Сол шірік философиямен жұмыскер қара шекпенді тамақтандырды. Атақты жазушы Достоевский айтады: «Жалпы дүниенің бақытын іздеу біздің орыстың еншісіне тиді. Орысқа қашан жалпы бақыт тапқанша тыныштық жоқ» деп. Сол айтқаны осы күнге келіп тұр. Ұлт қаны орыс ақындарының көбінде жоқ еді. Тілейтіндері жалпы социализм еді. Өзгеріс болды. Жұмыскер қара шекпен­ділердің бұқарашыл зиялылармен есептесетін күні туды. «Баяғыдан бері ауызға қаратып едіңдер, енді ауыз бірігіңдер», – деген кезде бұқарашыл зия­лылар тайқып шықты. Елдірме тәтті сөзде­рінің тұрмыс жүзінде іске аспайтынын сезіп, шегіншектей берді. Бірте-бірте: «төзбейміз» деуге айналды. Мұны көрген соң жұмыскер қара шекпен табы бұқарашыл зиялылардан безе бастады. Соңғылардың «талап ал, тартып ал» деген «зомақы» сөздерін алып өздерін – қауымына қосып жіберді. Бұдан көрінеді: ата заманнан бергі бұқарашыл зиялылардың, көз көріп қол ұстамайтын сағымдай, түпсіз терең жел қиялдай, көрген түстей социализм сөздері (байлық ортаға түседі дегеннен басқасы) еңбекшілердің миына қонбағандығы, қанына сіңбегендігі, ақыл сезіміне әр бере алмағандығы, көңіліне қойылмағандығы. Жоғарыда көрсетілген екі себеп: «алуға болмаса беруге жоқ жұмыскер-қара шекпен табы» тұрмыс ыңғайымен жүру керек деген зиялылардан ат-тонын ала қашып, еншісін бөліп, жігін айырды. Енді орыс жерінде өсіп, орыс школында оқып, Күнбатыспен де, Күншығыспен де орыс арқылы таныс болған, өзіміздің зиялыларға (кең мағынада) келейік: Мәдениеттің қойнауында болса да, орыс зиялылары қазаққа ұстаз болды, машалла! Бір кезде орыс арасында шенқұмарлық күшті еді. Біздің оқығандарда да шенқұмарлық ауыруы күшейді. Шен, дәреже үшін әкесін сатуға арланбағандар болды. Орыс зиялыларында халықшыл көбейіп еді, бізде де көбейді. Тумысында ұлтшыл болып, үздік шыққан қазақ зиялыларынан санау­лы. Көбі төреліктің дәмін татқаннан кейін, заманның еріксіз сүйреуімен ұлтшылдық ауданына қайтып отыр. Бостандық туғаннан кейін, орыс зиялылары шитінің оғындай бытырап, түрлі саяси жолға түсіп, ауа жайылып кетті. Біздің қазақ оқығандарынан да эсер де (СР), эсдек (СД) те, халықшыл, республикашыл, тағы басқалары шықты. Партияның азғыны большевик партиясына кіргендер де болды. Күні кеше ұлт деп жүргендер, жалпы социализмге атсалысып, коммунист болып кетті. Орыс не күйге түссе, қазақ та соған түсті. Орыстың бұқарашыл зиялылары бұл күнде бір теңге беріп жырлатып, жүз теңге беріп, қойдыра алмаған сияқты шарасынан асып, желіккендерді тоқтата алмай отыр. Жиырмасыншы ғасырдың социализмі (жалпы дүниенің ақыл-сезімі ер жетпегендіктен) адамшылықты, мәдениетті, ұлтшылдықты құртатындығын большевик тәжірибесі көрсетіп отыр. Адамзаттың жайын нәпсісі жоғалмай, социализм таңы атпайтынына иман келтіру керек. Егер де орыстан үлгі алуды, біздің қазақ оқығандары тоқтатпаса, өткен жылғы орыс киген таз кепешті біздің қазақ та киеді. Түбінде қазақтан капиталистер шыққанда, фабрика-завод көбейгенде тұрмыстың өзін де тап-тапқа бөлер, оған дейін социализм күйін күйлемей, тұра тұрайық. Бұқарашыл орыс зиялыларының жеке-дара ұстаған бақыт махаббатына көтермеші болмай, таза Жапонияның жолымен жүріп, бірлік-берекеден айырылмай, ұлтшылдықты сақтау керек. «Бүлінгеннен бүлдіргі алма» деген атала­рымыздың алтын мақалын есімізден шығармайық. Ел баласы. №5; 1918 ж.

АЛАШ ОРДА 

Учредителный собрание члендерінен құрылған үкіметпен сөйлесуге барған «Алаш Орда» члены Ахмет Байтұрсынов, Халел һам Жиһанша Досмұхамедовтер 19 августа (жаңаша) Омбыда, Сібір үкіметімен сөйлесіп жатқан «Алаш Орда» бастығы Әлихан сымсыз телеграфқа шақырып мынадай сөздерді сөйлесті: «Алаш Орданың» Сібір үкіметімен сөйлескен жұмысының не болғанын [білуге Сізді] жіпсіз телеграфқа шақырып тұрмыз. Самардағы учредителный собрание үкімін былай қойып, алдымен Сібір үкіметімен сөйлескендеріңізге өте ғажап қалып отырмыз. Біз үшінші күні жоғарғы айтылған Самар үкіметінің шет мемлекетпен хабарласып тұратын министрі Видинапинмен сөйлесіп, екінші жалпы қазақ съезінің қаулысын көр­сеттік. Видинапин екінші жалпы қазақ съезінің қаулысын үкіметтің қалған мүшелеріне таныс қылып, хабарын бізге жеткізбекші болды. Комитеттің басқа члендерімен де сөйлестік. Вольский деген бастығы ішінде бұлардың барлығы да осы күнгі біз білетін жұрттардың сайланып шыққан үкіметтерін біз үкімет деп танымақшымыз. Жалпы Учредителный собрание жиылып, законмен бекіткенше Алаш Орданы да басқа жұрттардың үкіметі: Башқұрт, Орынбор, Оралдікі сықылды қазақ жұртының үкіметі деп танимыз деді. Қазақтың милиция – әскеріне қару-жарақ беру жағынан бұлар тоқтау қылатын емес. Жоғарыда Досмұхамедовтер Орал қазағының әскері үшін Самар үкіметінен 600 мылтық, бірнеше пулемет алып, Орынбор арқылы елдеріне жіберді. Досмұхамедовтер осыдан Челябі қаласында болатын государственное совещаниенің алдыңғы жиылысына бармақшы. Ол жиналысқа Самара үкіметінің члендері тегіс бармақшы. Бастығы Вольский мен Видинапин болып, Башқұрт үкіметінің бастығы Зәки Уәлиди де бармақшы. «Алаш Орда» атынан Халел Дос­мұхамедов, Ахмет Байтұрсынов, Түркістан автономиясының бастығы Мұстафа Шоқаев бармақшы. Алдыңғы жиылыс 25 августе болмақшы. Бұл жиылыста қаралатын үлкен жұмыс – әр автономиялы үкіметтерден бас біріктіретін ортадан барлығына бірдей үкімет тұрғызу. Егерде бұл жиылғандар ынтымақтасып, сөзі бір жерден шыға алса, бұлардың қаулысы бұзылмайтын болып бекімекші. Бұл совещаниеден үміт зор. «Алаш Орданың» ұнатуы бойынша совещаниеге бұрынғы Учредительный собраниеге сайланып шыққан бар члендер кірмекші. Һәм Автономиялы жұрттардың сайланып белгіленген үкімет члендері кірмекші. Осы ретпен қарағанда, сіздің келуіңізді өте керек қыламыз. Досмұхамедовтер Алаш Орданың бар члендерінің Самар үкіметімен сөйлесуге түгел келулерін ұнатады; Өздері екі мыңдай (2000) қазақ милициясын сайлап шықты. Бұлар Орынбор казак-орыстарымен қосылып, Ақтөбе уезіндегі болшевик әскеріне қарсы жүргелі жатыр. Бұл туралы әуелі атаман Дутовпен сөйлесіпті. Досмұхамедовтер түнеукүнгі «Орал облысының үкіметі» деп сайлаған үкіметтерін «Алаш Орданың» бір бөлімі деп таниды. Тағы айтарымыз: Жоғарыдағы айтылған Челябинскідегі болатын кеңеске Әлихан келе көрсін, егер ол совещание бір себептермен болмай қалған күнде де, Әлиханның келуі өте керек. Орал-Еділ бойы һәм Сібір земстволары мен Городской думаларының тығыздығы мен шақырылған съездер бітті. Бұл съезд жоғарғы, орта үкімет тұрғызуды, Самардағы учредительное собрание члендері мен әрбір автономиялы жұрттардың үкіметінің өкілдеріне қалдырған. Съезде осы жұмыс туралы (жоғарғы совещаниеге) орталарынан 5 кісіні сайлаған. Біреуі Ибраһим Ахметов (адвокат). Бұл сөйлесуден соң, Әлихан сымсыз телеграфпен Семейдегі «Алаш Орданың» қалған мүшелерімен сөйлесіп, 22 августа Челябинскіге жүрмекші болған.

 

Өмір үшін күресу

Адам баласына жан-дүние қамы үшін алдымен тамақ, киім, үй керек. Әсіресе тамақсыз, киімсіз тұру мүмкін емес. Мал асырау, егін салу, сауда қылу, ұсталық құру, тіл, қолөнер, кәсіп қылу, жалға жүру, тілемшілік қылу, ұрлық қылу – бар жерде жан дүниенің қамы. Осындай жолдармен өмір үшін күрескендер көп. Бұлардың ішінен біреуінің тұрмысы жақсы, екіншісінің тұрмысы орташа, үшіншісі жаман. Бұлай болудың себебі: күресушілердің әдіс-тәсіл жағынан айырма барлығынан. Не іске болса да әдіс керек. Және заман өткен са­йын әдіс өзгеріп тұрмақшы. Мысалы: тұрмыс жөнінде ең әдісшіл Германиядағы немісті һәм әдіссіз біздің қазақты алайық. Екеуі де өмір үшін күреседі, бірақ неміс әдіспен күреседі һәм заманға қарай әдісін өзгертіп отырады. Сондықтан, екеуінің тұрмысында жер мен көктің арасындай айырма бар. Ол мынау: 1) Неміс түрлі қымбат тастардан, ағаштан салынған үйлерде тұрғанда, қазақ шымнан салынған жер үйшікте жатады, 2) Неміс малын неше мыңға алатын жерде қазақ малын текке де алмайды, 3) Қазақ қара топырақ жерде егінге жарымайды, неміс тастай жерде егінді мол алады, 4) Неміс фабрикадан шығатын кездемесін, заводтан шығатын дәрі-дәрімектер сияқты нәрселерін, өзінен асырып шет жұрттарға жеткізіп жатқанда, 5) Біздің қазақ сатып алуға таба алмай, өз денесін азер-мәзер жауып отыр, 6) Фабрика-заводтар, темір жол, параход-аэропландар неміс жұртынан табылады. Бізде мұның бірі де жоқ. Бұдан байқалды, өмірмен күресу үшін қилы жұрттардың қандай әдіс пен іс қылатындықтары Һәм соның арқасында тамағы тоқ, көйлегі көк, еңсесі көтеріңкі, шаруасының жоғары екендігі. Шаруаны түзеуге әртүрлі әдістерді қолдану үшін саяси кеңдік болып, үкімет жағынан бір де қысымшылық болмасқа керек. Орыс халқының шаруасының артта қалуы, ескі үкіметтің шаруаға қысыңқы саяси тұмылдырық салғандықтан болатын. Үлкен өзгерістен бері шаруаға саяси кеңдік туды. Бұрынғы уақыттарда біздің қазақтың оқыған азаматтары біріңғай саясат жолымен жүруші еді. Әлі де азаматтарымыз сол жолда. Бұлай жүрмеске осы күнгі заман ағымы қоятын емес. Сонда да шаруаны кейін қалдыруға болмайды. Сондықтан, саясат таразысында салмағы аз оқығандарымыз, ел шаруасына кірісулері лайық. 20-ғасыр шаруаның қолы екенін ұмытпау керек. Елдің кірісі азайып, шығысы көбейіп барады. Бұл қалыппен жүре берсе, шаруаның жайы кетеді. Бұдан былай біргелкі азаматтар шаруаның күйзелгенін қайта түзетіп, гүлденетін шаруаларын қарастырып, керекті істерді қолға алу керек. Шаруаның жолы тарам-тарам болғандықтан, оған істейтін шаралар да әр түрлі болмақшы. Қазаққа киетін киімді, ішетін шайды, ұстайтын ыдыс-аяқтарды арзан алу үшін, ұйым дүкендерін ашу керек. Ақшасы жоқ кедейлерге астық, киім үшін, алым үшін тайынша-торпағын бергізбестей, ұсақ қарыз серіктіктерін ашу керек. Қазақтың малының тұқымын асылдандыратын, егін шаруасын түзейтін ауыл шаруасы ұйымдарын ашу керек. Қазақтың тері-терсегін, жүн-жұрқасын, майын, малын еріксіз көндіріп шет жұртқа сатқызбастай, алыс-беріс ұйымдарын ашу керек. Ұйымдар туралы бұл мақалада барлығын жазып болмайды. Сондықтан, келесі нөмірлерде әр ұйым туралы бір-бір мақала жазармын. Смағұл Садуақасов. Басқармадан: Неміс жұртын біріктірген білгіш Бисмарк айтқан екен: «Орыс халқы арақты көп ішіп, мас болуын қойса, өнерлі боп кетер еді», – деп. Тегінде біздің қазақ та бай мен жарлыны, артық-кемдікті ескерттірмейтін қымызды қойса, келешегін ойлап қам қылар еді.

Ескеру керек

 

Кешегі еш кімге бағынбай, елді хан билеп, көсем би билеген заман – киіз туырлықты қазақтың тарихында әркімге белгілі бір дәуір. Ол заман өтті. Одан бергі біздің хал бұлқынбай жатқа бағынудың жолында болды. Кең қазақ даласын әлде неше указ сайқалдап шықты. Көп өзгеріс жаңалықтар болды. Әуелгі қазақтың халықтық қалпы неше толып, неше кішірейіп шым-шытырық түрлерге түсті. Әр түрлі указдардан шыққан өзгеріс халық бақытын мысқалдап, жылжытып, құлдық құшағына тастағалы әкелді. Неше рет қазақ халқы зынданның ернеуіне келіп қайтты. Бұл уақытта заман ол тұманды сейілтті. Енді қандай өзгерістер болса да, халық жоғал­майды, бақыт қайта оралып күліп қарайды, деген үміт Алаш жүрегін қуантып тұр. Бір жұрттың басынан кешкен әртүрлі дәуір, сол халықтың қалпына әртүрлі із қалдырып отыратыны тарих жүзінен белгілі. Бастан кешкен шабыншылық, бұзақы тентектік, батырлар, хандар заманы қазаққа өзге бір мінез беріп, халықтық қалпын басқа бір түрге түсірген. Заман талқысы: шабыншылық, бассыздық еріксіз сондай қылып отырса, кешегі өткен ердің құнын екі ауыз сөзбен бітіретін әділетшіл билердің заманы, жұрт мінезінде ода өзінше бір із қалдырды. Одан бергі, арты бүгінге дейін сейілмей отырған, ел қамқоры басшыдан, берекеден, тәртіптен, намыс-қайраттан айырылып, құлдық пен зорлық арқанында матаулы болған заман, тағы да басқа түрлі із тастап, келешектегі жұртшылыққа өзгеше бір рухты бұл да беріп кетіп отыр. Енді бұл соңғы айтқан дәуірге басымызда оқыған біліміміз, қолға ұстаған саясат деген құралымыз барлар бір келіп, алынып отырмыз. Әрине, оқығаны бастаған бұл соңғы дәуір де, қазақ жұртын гүлдентіп, ажарландыратын дәуір. Бірақ, көкіректі қарсы айырған арман, қуаныш болып тарқап, көксеген бақыт қанат қағып, қолға елпілдеп келе жатқанда, біздің қолға қазақ қандай күйде тиеді. Соған сын көзді салу керек. Өткен күннің істеген ықыласын есептеу керек. Қазақ бұрын пәлендей батыр еді, ақылды адам еді, деп құр сөзбен желіктіріп, осы күнгі жұртты батыр намыскер қыла қояйын деген ой менде жоқ. Бірақ заман ыңғайы еріксіз «қорқақты көп қуып батыр қылды ма», жоқ өздігінен сүйегіне сіңген мінезі ме еді, әйтеуір бұрынғы қазақтың бұл күнге дейін бар мінезі әрі екені анық еді. Бұған ешкімнің дауы жоқ. Бұл күнде қазақтың сол нәрлі мінезінің бәрі де азды. Сыртқы халы қысып, күнде айдап, тысқырып отырғандықтан болса да, басшыдан қалмайтын намыскер, шыныққан, тарамыс қайратты елдің орнын бұл күнде қуанышқа-қуана, күйінішке-күйіне білетін салбыраған, намыссыз, қорқақ, ұсақ өтірікші жұрт алды. Бұл ұсақтық – бастан кешкен дәуірдің қазақтың мінезіне қалдырған әсері. Енді өмір қалпы [өзгеше болып барады]. Қазіргі қалпында жұрт еңбекші мен еңбексізге бөлініп: біреуі еңбек жиюшы, біреу жиғызушы болып, әлі айқындалып шыққан жоқ. Біздің жұртта біреу: табанын жер тесіп, маңдайын күн тесіп, арқасын ауыр жүк тесіп жүргенде, біреу байлықтың, дүниенің алғы рахатына көміліп отырған жоқ. Бұл – мәдениетті жұрттардың ауыруы. Біз мұндай ауырумен ауыратын күйге жеткеніміз жоқ. Осы себептен бізде социализм әзір алыс, бізде бұл күнде адамшылық алдында жүзі жарқын, иманжүзді социализм емес, басқа түрі. Бықсыған, ескіден жиылып, осы күнге дейін біздің жұрт өзіне жақын бір билікке бағынбаған соң, тәртіпсіздіктен біреу-біреуге сүйеніп, біреуге-біреу шоқпар болып, ата-тап жігі үлкейіп келді. Әуелгі уақттардағы жауынгерлік, алыс, шабыс тынышсыздық – бір туысқанды бір туысқаннан шет жайылдырмай, біріне-бірін тығып, еріксіз осындай ішкі өмірдің ыңғайы әлгі ата-тап жігін шығаратын болды, шығарды. Бұдан барып көп ата – жуан, аз ата – жіңішке болды. Сол жіктің арты бұл күнде неге соғып отыр? Қай елді, қай тапты алсақ та, жаз жайлау, күзеу, қыс қыстауда жуан атаның ортасында он үй бір тілім жерсіз, келімсек болып жүрген жоқ па? Қай жерде болсын ерке, бүлік жуан атаның баласынан шықпайды ма? Жуан ата бақ қуады, өзінше абиыр қуады, біреуге қожаңдап, қорқытқысы келеді. Осының бәрінде бір тайпа ел солардың шоқпары емес пе? Біреудің жесірін тартып алады – есе бермейді, малын тартып, ауылын шауып алады –  бітім бермейді. Осындаймен ел ішіндегі бүлікке жаңағы жуан ата бас болады. Елдің тыныштығы да, бүліншілік те солардың қолында. Осыларды шын басшылар қосарға алса, ел қайтіп елдікті ойлайтын, өркенді жұрт бола алады? Жуан ауыл – қырдағы бұзық мінездің ұясы. Қазақтың жәй өмірінің шырқын бұзатын партия болса, оған солар басшы екен, ұрлық болса, ұрыға құрық беретін тағы солар. Ел арасында жүрген жаман, өзінің түрін жоғалтуымен, ұрлықтың тамыры құрымайды. Сол ұрылардың атасы болып отырған жуандар жақсыларын бауырына басып бермей қалады, не ұры еместі ұры қылып алады. Бұған қарағанда, алдымен жаман ұрыға тыйым салу – қиянат секілді көрінеді. Және бір жуанға тисең, бар жуан шұрқырап жиылып, ара түседі. Осымен елдің шын тентегі тиылмай барады. Ол уақытта ел ішіндегі жылаулар, нашар, жуанның езгісі-ермегінде құлдық арқанында мойны шіріп, тағы сорға қамалып жүре береді. Ертеңгі милиция қызметін де көреміз. Қызметке келген бір кедейдің өзі бір кедейдің жалғызы болғанда, жуанның баласының он-оннан саусылдап мырзалық құрып, нашарларды зарлатып жүргенін. Абайдың: «Мен закон қуаты қолымда тұрған кісі болсам, адам баласының мінезін түзеп болмайды деген кісінің тілін кесер едім», – деген сөзінің қазақ турасында іске алынатын кезі келді. Осы күнгі дүние майданының ең биік тұрғысына шығып тұрған жұрттардың қайсысын алсақ та, олардың осынша дәрежеге жетуіне, әділ билік, тәртіпті, ашық саясат болған. Олардың басшысы ел қамын жақсы ұғып, әуелгі мақсатына көптің қамын қойған. Осыдан, басшысын көбі сүйіп, артынан ергіш болған. Біздің басымызға келіп тұрған осы күнгі заман жұқалаған – жуастық, қайырымдылықты көтермейді. Әуелі халықтың жұрттығынан айырылуына себеп болған нәрсені қайта алып келіп, енді халықтық дүкенін құруына құрал қыламын деуге болмайды. Ол иліге алмайды. Игенді көтермейді. Ендігі халық болуымызға ұйтқы болатын нәрсе – құрыш құрсаулы әділ, қатал билік. Ендігі хакімнің алдына нашар да, жуан да теңшілікте болып, билігі негізге құрылған закон болмаса, жуан атаның берекелі ел ішінде жүрмеуі керек. Әліде жуан ата билеп-төстеп, қадірлі болатын болса, автономия деген бөлектік дегеннің бәрі де сырты бүтін, іші түтіннің ісі болады. Бырақ, мұндай күйді бұрынғы уақыт көтерсе, қазіргі уақыт көтермейді. Іші түтін болса, сыртында бүтіндік жоқ, ертең күл болып көкке ұшады. Егер бұл күнге дейін келген осы хал, бұдан кейін де созылатын болса, елдің елдікке махаббаты оянбайды. Енді нашарды ортаға тартып, теңдікке алып, әділет көзбен қарап, есесін өзіне тапсыру керек. Осы жолды тұтынған әкімшілік келе-келе жұрттың мейірімді атасы болып, шын жұрт болуға жарарлығына көз жеткізіп, жүрегіне жігер қосуына болады. Әуелі жуан ата жіңішке ата жігінің қайта тууына себеп болған. Сол көпке бірдей қорған боларлық биліктің жоқтығынан болатын. Өзге жұртты алсақ – бай өз бетіне, кедей өз бетіне, әркім өз ісіне ерікті. Біздің жіңішке атаның балалары, жуаннан бөтен іс істемек түгіл, содан бөтен ой ойлауына да болмайды. Мұның түбі – ойланып қараған кісіге құлдық. Өзге жұртта әркім өз басы, үй ішінің қамынан басқа, баққа таласып, не бірінікін бірі ұрлап алып, біріне-бірі зорлық қылып, жұлқысып партия қылатындары еш уақытта болмайды. Бізде не сөз ұғар, не малды кісі болса, әуелі ауылына қожа болып, одан ағайынына, одан ауылнай-болыс ісіне қожа болғысы келеді. Осыдан жоғарыдағы айтылған көп шатақ еріксіз шығады. Біздің енді ескеретін нәрсеміз, сол жуан мен нашар арасындағы айырмашылықты жоғалтып, жұртты бөліксіз, тыныштық өмір қалпына түсіру. Бұл үшін ел ішіне күшті, әділ үкімет орнап, нашар мен жуанды теңестіріп, жуан зорлықшылды не қылса да елден айырып, әлсіретуге тырысу керек. Осы айтылған жуан, нашар деген жік кетсе, қазақ жұрты мәдениетке шылбыр берерлік қалыпқа жақындауына болады. Бұлай болмай, ел мен шын басшы біріне-бірі жақындаса алмай, жуанды басшы қылатын болса, ел шын сарысу кеулеп, жұрттықтың буынын бекітіп, бойын өсіре алмайды. Жұртшылыққа рух ұялайды деген тарих жолы, мысқалдап бойға сіңген ғылым дейміз, сол тарихтың жолы осындай өзгерістерді керек қылып отыр. Біз әлі шикі жұртпыз, талай өзгеріске мойын ұсынамыз, заман еріксіз мойын ұсындырады. Биылғы жастар съезінің қаулысындағы «Николай заманында іс басына мінгендер, енді ел ішіндегі кісілікке сайланбасын» деген қаулы осы негізге келетін. Бұл халді әр кімге де ескеру керек! (Жалғасы. Басы өткен санда) Дайындаған  Зарқын Тайшыбай, М. Қозыбаев атындағы СҚМУ  профессоры

Серіктес жаңалықтары