ӘКЕ мен БАЛА

ӘКЕ мен БАЛА

ӘКЕ мен БАЛА
ашық дереккөзі
314

Олар әкелі-балалы еді. Көрнекті сыншы Сайлаубек Жұмабек пен Республика Президенті аппараты күзет бөлімінің қызметкері Санжарбек Жұмабек. 

Сайлаубек аға білімді әрі­ білікті жан еді. Оқыған, то­қы­ғандарын есте сақтау қабілетін ай­саңызшы. Мамандығы әде­биет­ші, оның аса қиын жанры сын­шылық болса да, ұлттық, әлем­дік өнердің басқа сала­ла­рына да жетік болғаны сон­шалық, сөз қозғай қалса, те­рең­нен тартып талдайтын. Әлі есімде. Бірде «Лениншіл жас» газетінің бөлім қызметкерлері маған симфониялық оркестрдің дирижері Төлепбергенов туралы мақала жазуды тапсырды. Дирижердің халықаралық байқауда немістің атақты Фон Караян атындағы сыйлықты жеңіп алып, елге оралған беті. Фон Караян өмірде қандай адам болған? Орталық кітапханадан біраз кітаптарды ақтаруыма тура келді. Көп кешікпей мақала газетте жарық көрді. Бөлім қызметкерлері: «Сыншы Сайлаубек Жұмабек өнер адамдары туралы жинақ құрастырып жатыр. Мына мақалаңды ұсынып көр», – деп ой салды. Сәкең сол кезде «Қазақ әдебиетінің» қызметкері екен. Жазушылар одағы үйінің үстіңгі қабатындағы редакция­дан әлдебір дауыс жаңғырып шығып жатты. Іздеп барған кісім сол дауысы қатты шығып жатқан Сәкең екен. Мақаламды газеттен оқып қойыпты. Ал содан симфония жанры туралы, Фон Караян жайында әңгімені бастасын. Менің апта бойына кітаптарды ақтарып жазғаным, оның айтқандарының жанында түк те болмай қалды. Әдебиетті былай қойғанда, әлемдік музыка саласы өнер шеберлерінің аттары мен шығармаларын еш мүдірмей аузына алып, кәнігі өнертанушылар секілді талдағанда, іштей таңданбасқа лажым қалмады. Мақаланы қайта қарап, толықтыруыма тура келді. Сайлаубек ағамен алғаш рет осылай таныстым. Оның домбыра ұстап күй тартқанын, қолына қылқалам ұстап сурет салғанын көрген емеспін. Бірақ өткен ғасырлардағы атақты күйшілердің, орыс суретшілерін былай қойғанда Қастеевтен бастап бергі суретшілердің шығармаларын жік-жікке бөліп әңгімеге арқау еткенде құлақ құрышымның қанғаны тағы бар.

Біз ағалы-інідей сыйла­сып тұрдық. Атақты Шыңғыс Айтматовтан бас­тап, Қазақ әдебиетінің мүйізі қа­ра­ғай­дай жазушыларының шығар­ма­ларына жазған сындарын оқып, шөлім қанғандай күй кештім. Олардың шығармашылық ше­бер­ліктерінің астарын түсінуіме көп­ көмегі тиді.

Бірде «Орбита» мөлте­кау­да­нындағы үш бөлмелі пәтерінде әдеттегідей тағы кездестім. Есігін құлыптап ұстайтын тау жақ беттегі шағын бөлме Сәкеңнің жұмыс орны екен. Қа­быр­ғалардағы еденнен төбеге дейінгі сөрелерде көз жау­­ын алып, тізілген кітаптар. Белгілі қаламгерлердің үйінен әлемдік жазушылардың шығар­ма­ларының арасынан қазақ әде­биетінің ірі тұлғалары болмаса кейінгі жазушылардың еңбектерін көре алмасың хақ. Ал Сәкеңде сол классиктер қа­­тарында ұлт әдебиетінің барлық авторларының туындылары бар. Тіптен «Жұлдыз» журналының бірнеше жылдық жиынтығын көрдім. Үйіне тағы бір барғанымда ол: «Қалтай Мұхамеджанның драматургиясы туралы «Титаник» деп аталған кітап жазып шықтым. Осы биыл баспадан жарық көріп қалар», – деген еді. Алайда сол кітабын Жаратушы иеміз оған көруге жазбапты. Өзі өмірден өткен соң барып жарыққа шықты. Сәлден соң әңгімеміз бала тәрбиесіне ауысты. Ол: «Менің төрт ұлым өзім секілді. Телеарналарда аса бір маңызды бағдарлама болмаса, көре бермейді. Олардың көп уақыттарын сабақтарын оқуға, қала берді әр алуан тақырыптардағы кітаптар оқуға қалыптастырғанмын», – деді. 

Сәкең ұлдарының тәрбиесін бала кездерінен тиянақты қада­ғалап отырған. Сондықтан болар төртеуі де зерек болып өсті. Бәрі орта мектепті үздік бітірді. Өмірден таңдаған мамандықтары әке секілді әдебиетші болмаса да, көркем сөз өнерін талдауда қара жаяу емес. Ұлттық және әлем­дік классик жазушылардың шығар­маларын бір жандай біледі. Дегенмен «Ерназардың сегізі бір төбе де, Ер Төстігі бір төбе» демекші, кенжесі Санжарбектің орны басқаларынан бөлек болатын. Ол жастайынан мейірімді, аса кішіпейіл болып өсті. Анасы Зибагүл: «Өзі таңертең сабағына асығып бара жатып, көшеден жүк көтеріп келе жатқан қарт көршілерді көрсе болды, қолындағысын алып, үйіне дей­ін жеткізіп салатын», – деп есіне алады. 

Санжарбек қаладағы №145 қазақ орта мектебін үздік бітір­ген соң, Әскери академияны таңдаған. 2005 жылы оны да үздік бітіріп шықты. Ана тілінен басқа бірнеше шетел тілдерін де игеріп, қатарластарының алды болды. Оның зеректігін, ерекше білімділігін бағалаған академия басшылары Қазақстан Республикасы Президенті аппа­ра­тының күзет қызметіне ба­ғыттаған. Санжарбек қыз­мет­те де жақсы қырынан тез танылды. Білім-біліктілігінің арқасында өзгелерден бөлекше құрметке бөленді. Басшылары болашағынан зор үміт күтті. 

Бірақ жас талап Санжарбек пен әкесі Сайлаубектің тағдыр талайы күтпеген жерден үзіледі деп кім ойлаған? Әкел-балалы екеуі Алматы – Астана бағытындағы күре жолда апатқа ұшырап, қапияда өмірден озды. Қаралы жиында сөз алған Санжарбектің қызметтес жора-жолдастары: «Санжарбек­ бі­лім­ділігімен, ақыл-пара­са­ты­мен бәрімізден жоғары еді. Өзі лейтенант дәрежесінде болса да, полковниктердің дәре­же­сіндегі жұмыстарды мүлтіксіз атқаратын. Сондықтан да ол жоғары басшылардың назарына ерте ілікті. Мемлекетаралық ресми құжаттар хаттамасын қазақ тілінен басқа ағылшын, қытай, орыс тілдерін сауатты түсіретін. Оның өмірден тым ерте кеткені біз үшін, әскерилер үшін орны толмас өкініш», – дегені күні бүгінге дейін жиынға қатысқандардың құлағында тұр.

Сол Санжарбек тірі болғанда 1 тамызда отыз жасқа толар еді. Бәлкім әскери дәрежесі тез өсуі мүмкін еді-ау. Тағдырдың қатал үкіміне амал бар ма. Ол өмірден жас кетсе де, артында жолдас­тары, әскери қатарластары жыр қылып айта-айта жүретін ізгілікті ісі мен адами қасиеттері қалды.


Көлбай Адырбекұлы

Серіктес жаңалықтары