Білім емес, бақ сыналар шақ

Білім емес, бақ сыналар шақ

Білім емес,  бақ сыналар шақ
ашық дереккөзі
408

Сіздер арқылы өзімді мазалайтын сұрақтарға жауап алуға үміттенемін, сол себепті өз ойымды және көкейді тескен сұрақтарымды бір мақалаға біріктіруді жөн көрдім.

«Өмірдің барлық сәтсіздіктері,

Бақытсыздық деп кім айтты саған»… 

Бұл жыр жолдары адамның көңіліне тыныштық ұялататын Мұхтар Шахановтың өлеңінен үзінді.

Әттен, бірақ «сәтсіздік» – «бақыт­сыз­дыққа» айналатын кездер де өмірде болып тұрады. Оған мысал, талапкерлердің Білімі емес, бағы сыналатын кешенді тестілеу!

«Балық басынан шіриді» дегенді халық бекер айтпаған екен. Қазір кешенді тестілеуден өтпей қалған талапкерлердің ішінде бірталайы «үздік» және «жақсы» деген дипломы бар ҚР азаматтары болып отыр. Бұл жағдай жүректі қанжылатады. Дегенмен амал қанша?

Қазақстанның Білім және ғылым министрлігі барлығынан ерекше асып түсуге биыл әбден тырысқан сияқты.Мектеп бітіргендерді Ұлттық Бірыңғай Тестілеуден өткізгеннен кейін, енді кезек колледж түлектеріне де келді. Кешенді тестілеу деген сынақ бұрыннан бар еді. Сол тестілеудің аты басқа болғанымен ҰБТ-мен заты бір екенін тапсырмасаңыз байқай алмайсыз.Бірақ бұл жерде ең қиыны, талапкер 3 жыл бойы оқыған мамандық бойынша емес, мектептегі 6-10 сынып аралығындағы бағдарламаның сұрақтарына жауап беруге тиіс. Негізінде білім емес, интуиция мен логика сыналатын бұл тестілеуден бағы жанғандар өтіп те кетіп жатыр. Сонда білім емес бақ сыналатын мемлекет бөліп жатқан грант кімге арналған? Әділеттілік қайда? Осы сұрақтар көкейді тесуде.

Кешенді тестілеуден 50 балл жинай алмаған оқушы жоғарғы оқу орнына түсе алмайды, бірақ ол талапкер сол 50 баллды қалай алғаны неге ешкімді қызықтырмайды екен? 

Сонда мектепте, колледжде тек қана «3» (қанағаттанарлық ) бағаға оқып, тестілеуде бағыңыз жанып 50 балл жинасаңыз – кез келген жоғары оқу орнында құшақ жая қарсы алады. Ал сіз тіптен жолы болғыш адам болып, 55-100 балл жинасаңыз, сізді грантқа да қабылдайды.

 Бірақ сіз мектепте де, колледжде де «жақсы» немесе «үздік» бағаға оқып, тестілеу барысында екі сағатта 50 балл жинай алмасаңыз, сізді Қазақстанның бір де бір оқу орны қабылдамайды. Әрине, өкінішті, сіздің қаншама жылғы еңбегіңіз жоққа шығады, бірақ бұл стандарт, оған көнбестен басқа амалыңыз жоқ!

Ең сорақысы, тестілеуге сіз 70 баллдан жоғары жинасаңыз техникалық немесе гуманитарлық мамандыққа грант ұтып аласыз, ал 55 баллдан жоғары жинасаңыз – медицина саласына грантқа өтесіз. Ал енді сұрақ: неге қағазбен жұмыс істейтін «Құқықтану» мамандығына грант 95 балл, ал адам өміріне байланысты мамандыққа тек 55 балл?

Әрине, грант ұтып алған талапкер, сол тегін білімнен айрылмау үшін меди­ци­налық оқу орнына түседі. Бірақ ол ертең қандай дәрігер болады? Шын көңілмен емес, амалсыздан осы оқу орнына түскен білімгер болашақта ол мамандыққа қандай көзқараста болатыны белгісіз, ал қандай маман болатынын ойлау тіпті қорқынышты!

Міне, кешенді тестілеу аяқталды.Тес­ті­леу­дің қорытындысы бойынша көп­те­ген талапкер биыл оқу орнына түсу бағынан айырылып отыр. Бұл талапкерлерді Қазақстанда оқытудан бас тартқаннан кейін, олар басқа мемлекеттердің жоғары оқу орнына түсуге мәжбүр болуда.Бірақ, қаншама үздік оқушының бағы ашылмағанын ойламасақ та, қаншама қаракөз мамандардан айырылғанымызды ойлауымыз керек қой…

«Интернетті оқып жүр, талай қазақ баласы», – деп Қадыр Мырза Әлі Абай атамыздың сөзіне өзгеріс енгізген еді кезінде. Ол заман да, бұл заман, жастардың өміріне балта шабатын мына кешенді тестілеу басқа мемлекеттің білімін интернет (қашықтықта оқу) арқылы оқудан басқа амал қалдырмай отыр…

«Өмір – өзен, өтемін одан де­меңіз, ізгіліктен жасалмаса кемеңіз». Қа­дірлі ағайын, білім жүйесін жаңғыртудың бас­қа да әділ амалдары табылар, ал «Әрбір адам-қайталанбас тұлға» деп жүріп, дарындарымыздан айрылмайық!

Меруерт Кунжаксина 
Астана қаласы

Серіктес жаңалықтары