Тағдыры тәлкек тұран шерілері

Тағдыры тәлкек тұран шерілері

Тағдыры тәлкек  тұран шерілері
ашық дереккөзі
492
Сол адам қаһарына ұшыраған тағының бірі – жолбарыс, оның да ішінде жер ұжмағы – Тұранның айбатты шерісі. …Бала кез. Әжеміз немерелерін бауырына басып, күпісімен жылытып отырып ертегі айтып, әңгіме шертеді. Әңгіменің арқауы Ақбөпе деген жүрегінің түгі бар әжеміздің әжесі. Бәлкім әжеміздің әжесінің әжесі ме екен… Сол әжеміз көлден су алып келе жатса, жалғызаяқ жолда кесе-көлденеңдеп жолбарыс жатыр екен. Ту сырты – терең су, қалың ну, олай да бұлай қаша алмай, ес-түстен айырылып, қамалып қалыпты. Дауыс салып, тұра қашар болса, бас салады. Құтыла аларлық шама жоқ. Жүрегін әрең тоқтатып, «бұл жануар неғып жол кесіп жатыр?» деген оймен, «мысығым-мысығым», – деп ептеп жақындап барып барласа, аяғына сояудай шөңге қадалған. Сипалап отырып, шөңгені алған соң жолбарыс орнынан жаймен тұрып, шұбатылып жүре берген екен. Ол заманда жолбарыс дегенің ырғын, малмен бірге жүреді, кейде тіпті үйге де сүйкенеді екен деп тағы қосады. Сенбеске үддең жоқ. Өйткені үпілдірігі көк тіреген қарағайдай биік әрі тіреліп қалың өскен, өз көзімен көрмеген жұртта күмән да болар, көл жиегінде ит тұмсығы батпайтын ну қамыстың дәл іргесінде отырмыз. Әр көктем мен күзде дария жарықтық асып-тасып, көл, қолат, арық-жап атаулыны түгел лықылдатып суға толтырып қайтады, колхоз сол ойпаңдағы ызаға егін салады. Бау-бақша мен егінді шығыр айдап, самар атып суарады. Егіс басында қоспыз. Майда малды қабан жарған жалғыз аяқ жолмен ғана суарып қайтып жүрміз. Жан-жағыңа бір қадам да аттай алмайсың. Әлгідей әңгімеден кейін қосымызға әлдеқандай мал сүйкене қалса, жолбарыс емес пе екен деп, иманың тас төбеге шығады. Сөйте тұра іштей сүйкенгенін де қалайтын тәріздіміз. Көрер ек те, жарықтықты. Көзге тірісі де, өлісі де түскен емес. Аңызды аңыз, әңгімені әңгіме делік, алайда бір кездері Сыр бойын жолбарыс емін-еркін жайлағаны талассыз шындық. Мұсабай жыраудың «Жанқожа» жы­рының бір нұсқасында: «…Қамысты, нулы қалыңда, Жолбарыс, аю, бөрісі. Қымбатты қызыл алтайы Тымағы түлкі терісі. Өзенде – балық, көлде құс, Қырда қазақтың елігі», – делінген болса, бұл деректе аюдан өзге артық әсірелеу жоқ. Бәрі шын. Айтылып отырған ХVІІІ-ХІХ ғасырлар табиғаттың, оның ішінде Сыр бойының малынып тұрған кезі болатын. Көне қағаздарды қарай жүріп, Тұран тағылары туралы талай мағлұматтарға кезіккем. Сонда өзім көрмеген әлгі жүрекжұтқан Ақбөпе әжеміз еске түсіп – керек тастың ауырлығы жоқ – кейбір мағлұматтарды іле жүруші ем. Солардың бастарын құрап, оқырманға жеткізу сәті енді түсіп отыр. Шерінің әңгімеге ілігіп, қағазға түсе бастаған кезі ХІХ ғасыр болғанымен өріс етуі одан әрі, Сыр бойын атамзаманнан жайлаған десек артық кете қоймаспыз. Ауыз әңгімеге күмәнмен қарағанмен, одан кейінгі қағазға түскен деректер қаһарлы да қайсар аң Сыр бойында емін-еркін жайлағандығын бұлтартпай дәлелдейді. Анығы – Сыр бойы түз тағысының атамекені. Тұрпаты жөнінен өзге тұқымдастарынан ерекше. Тұран жолбарысы деген меншікті аты бар. Биолог зерттеушілердің мәліметіне сүйенер болсақ, Тұран жолбарысының өрісі Қара теңіз бен Алтай тауларының аралығы. Демек Арал теңізінің, Балқаш көлінің, Сырдария, Шу, Іле өзені қалыңдықтары аңға жайлы қоныс. Бүгінгі күні тұттай жалаңаш даланы ғана көріп жүрген кісілерді бұрын, әсіресе өткен ғасырда, Сыр бойының дария жиегін былай қойғанда, сан-алуан көл, қашқан су, суармалы жерлері қалың қорыс, жиделі тоғай, ну қамыс болатын еді деп сендіру қиын. Қамыс болғанда да ит тұмсығы батпайтын сірескен жым тоғай. Бұл жерге ХІХ ғасырдың бірінші жартысынан келе бастаған басқыншылардың есептерінде қалың жықпыл, мәуелі тоғай, қайнаған балық, үйрек ұшып, қаз қонған берекелі жер туралы таңырқай жазған, сөйтіп бұл өлкеге еміне түскен деректер көптеп кезігеді. Сырдария ежелден-ақ Арал теңізіне құяр сағасына жеткенде, әсіресе көктем мен күзде, мұз тосабы ұстаған кездерде, асып-тасып қолат-қолатқа шөпілдетіп су толтырмақ. Қалыңдық – бытқыл, береке. Бекініске алғаш өте оңтайлы таңдалған Райым тұмсығының солтүстік-шығысы кең жазық та, оңтүстік-батысы теңізбен ұштасқан ұшан көл. Ізі сайрап жатыр, бекіністің Арқа жағына қорған салынған да, қалың қамысты көл беткей еңіске бекіністі қоршай окоп қазылған. Бүкіл Сыр бойын былай қойғанда, тек осы Райым маңы кезінде біріне-бірі ұштасып жатқан Ескіұра, Жалаңаш, Алаша, Қаракөл, Ақшатау көлдері қалыңдық басқан жықпыл. Біздің қолымызға түскен алғашқы мәліметте Бабажан бекінісінде отырған Жанғазы хан Қазалы бекінісінің коменданты Булатовқа жолбарыс күшігін сыйға тартады. Бұл ХІХ ғасырдың елуінші жылдары. Осы Райым бекінісінен орыс офицері былай деп жазады: «Известно, что на Сыр-Дарье во множестве водятся тигры. С самого прибытия моего в Раим хоть не случилось мне видеть живых тигров, но нередко слыхал от киргизов, что зверь этот часто бросается, не говоря уже на скот, которым они питаются всегда, даже на людей – киргизов». Кейінгі оқиғалар бұл мағлұматтың ақиқаттығына айғақ. Бір деректе офицерлер бастаған топ солдат көлге балыққа шығып, ауларын құра бастаған кездерінде пішен арасында жүрген бейқам жолбарысты үркітеді. Тағы бұларға атылып, бірнешеуін жарақаттап кетеді. Перовск бекінісінің маңында жолбарыс бір орыс офицерін жеп қояды. №1 Форт (Қазалы бекінісі) комендантына жазылған бір шағын рапорттан мына жайттан хабардар боламыз. Желтоқсанның 20-сы. Айлы түн болатын. Қазалы маңындағы қалың қамыс тоғайдың ықтасынында отырған Мақан Қойлыбаевтың қорасынан шу шығады. Шошып оянған Мақан дереу әйелін оятып, жандықтарын қамаған қораға ұмтылады. Шабалаңдаған итті қуған жолбарыс екпінмен бұлардың үйлеріне сүңгіп кеткен. Азғантай ауыл у да шу. Көмекке Мақанның немере інісі Ботабай Аташев жетеді. Киіз түргендеріне қарағанда, жолбарысты үйге қамап тастаған. Ауыл азаматтары жабылып жүріп, аңды қолда бар айыр, кетпендерімен соғып алған. Жолбарыс Мақанның сол қолын шайнап, ол ұзамай 23 желтоқсанда осы жарақаттан өледі. 1861 жылдың 12 ақпанында Иландыда отырған керейт Есен Өсербаев кешке үйден шыққан бетте шерімен беттесіп қалады. Бұны көрген інісі дереу ит қосып, қылышын ала ұмтылады. Жолбарыс бұл кезде өзіне ұмтылған Есеннің бір қолы мен аяғын шайнап үлгірген. Ауылдастары қолдарына түскен кетпен, күрекпен жабылып тағыны соғып алған. 1860 жылдың 20 ақпанында Талдыаралда отырған шектілер 15 адам болып, жолбарыс қамаған. Бұларға қарсы шапқан жолбарыс бірнешеуін жарақаттаған. Қағазға іліккен бірсыпыра мағлұматтарға сүйенер болсақ, бұлардың сыртында мына кісілер жыртқыштардың жемтігі болыпты. 1849 жылы Шыбындыда бөлек асан Самалықты, төлеңгіт Молдажігіт Еденбаевты, жолшара Қуатты, қарасақал Айтбайды, жақайым Шотанды, жақайым Апақайды, Жыландыда керейіт Айтбайды, сол жаздың 11 қарашасында Жанкент маңында қарасақал Байқұт Орысовты, Арықбалықта тағы да төрт адамды жолбарыс шайнап кеткен. Қораға түсіп, малдарына, өздеріне шапқан тағыны өлтіру былай тұрсын, кейбір қазақ жігіттері жолбарыс аулауды кәсіп еткен. Қалай, нендей қарумен аулағандары туралы нақты егжей-тегжейлі дерек қалмаған. 1846 жылы Қазалы қаласының маңында 45 жастағы төртқараның сейтіқұлы Масақбай Меңлітаев (Мыңтаев деп те жазылады – М.Қ.) үш қазақпен жолбарыс аулауға шығады. Осы аңшылықта Масақбай басы мен иығынан жарақат алған, сол қолының бас бармағын шайнатқан. Ізіне ерген үш аңшы да жарақат алған. Көз көрген кісілердің мағлұматтарында былай: «Из тигровых же охотников известен только один дюрткаринец Масакбай Менглитаев, да и тот состарился ли, или потому, что последний из убитых тигров помял его, отказался от опасного забавья. В прошедшем году убито было киргизами тигров – 10, пораненных тиграми в прошлом году было всего 6 человек, из них трое умерло». 45 жастағы Масақбай Меңлітаев 1846 жылдың 5 қаңтарына дейін бес жолбарыс алып, бір ұрғашы жолбарысты №1 форттың коменданты Булатовқа тірілей сыйға тартқан. Бұрын жолбарыс көрмеген орыс офицерлері бұл күшті де епті аңды қайтіп, қалай алудың айласын білмейтін. Жергілікті қазақтардан сұрап, жолбарыс аулауды кәсіп еткен осы Масақбай Меңлітаевқа арнайы келіп, өздерін аңға бастап шығуын өтінеді. Аңшы болса: «Кеше ғана таланып келгенмін, жарақаттарым әлі жазылып болған жоқ», – деп, бұларды қайтарып жіберген. Жолбарыс аулауға қатысып, оны өз көзімен көрген орыс офицері: «Верненский гражданин» деген бүркеншек атпен, «Мантык – истребитель тигров» («Из воспоминаний об охоте на Сыр-Дарье») деген очерк жазды. Очеркте аңшылықтың жайы, жолбарыстың болмысы, айласы мен сақтығы аса шынайы да сенімді суреттелген. Бұл жазбаға кейіпкер болған осы Масақбай Меңлітаев. Бұның сыртында тек көзге түскен деректерге жүгінетін болсақ, жолбарыс соққан қазақтардың тізімі былай болып шығады: 1848 жылы 63 жастағы Орынбай Сүгіров Райымда бір жолбарыс өлтірген. Жолбарыс бір қолын шайнап тастап, сол жарақатынан өлген. 1858 жылы асан руының 30 жастағы жігіті Тортай Құндызов бір жолбарыс жығып, осы арпалыста оң қолын шайнатып алған. 43 жастағы төртқараның сейітқұлы Сәбит Әлібеков 1 жолбарыс алған; 31 жастағы төртқараның сейітқұлы Қойшыбай Шыныбаев 1 жолбарыс; 32 жастағы Баянов 1 жолбарыс; 1853 жылы 63 жастағы кішкененің құттығы Үркінбай Сүгіров 1 жолбарыс соққан; 1853 жылы 33 жастағы кішкененің асаны Төлеп Құндызов 1 жолбарыс алған; 20 жастағы кішкененің құрманайы Мақан Қойшыбаев 1 жолбарыс; 1861 жылы Жыланды деген жерде керейт Ескен Өсербаев 1 жолбарыс; 1860 жылдың 20 ақпанында Тоғанаев Барлыбай Райымның Талдарық деген жерінде 15 адам болып қаумалап, 1 жолбарыс алған; 1860 жылдың 18 желтоқсанында Еркінбай Дүрмәнов 1 жолбарыс алған; 1862 жылдың 8 наурызында Райымда Қадырберген Тасболатов 1 жолбарыс соққан. Аңшылардың барлығы да әр жерлерінен жарақаттанған. Бес жолбарыс құлатып, бір жолбарысты тірілей ұстап жүрген Масақбай Меңлітаевтың қандай құрал пайдаланатындығы туралы мәлімет қалмаған. Жолбарыс қай жағынан да ерекше аң. Етпен қоректенетін түз тағылары – арыстан, қасқыр, шиебөрі, бинго, гиена, мангуст – бәрі де аңды үйірімен қамап аулайтын болса, жемтігіне жалғыз шабатын тек осы жолбарыс қана, әрине, күші мен қайратына сенгендіктен. Халық ежелден-ақ «арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты» дейтін болса, ең алдымен түз тағысының қайратын әспеттегені да. Бала кезімізде: «жолбарыс түйені де лақтырып ұрады» деген әңгіме құлаққа тиюші еді. Көз көргендердің мәліметіне бақсақ, керуенге шапқан түз тағысы жыққан атан түйесін қамыс арасына жүз метрге сүйреп алып кеткен. Жануардың ептілігі соншалық, қураған жапырақтары төсек болып сусылдап жатқан ну қамысты жарып жүргенде сырт еткен дыбыс шықпайтын көрінеді. Табандары құдды құс көпшік тәрізді. Көзі ілініп жатқан жемтігіне тақап келгенде сол мап-майда табанның өзін де аударып салып ептеп келіп тас төбесінен бас салады. Ізіне түскенін білген кезде аумақты шеңбер жасап, бір қамысты сындырмай өзін баспалап жүрген аңшының дәл желкесінен түсетін көрінеді. Жолбарыс ауыл маңын торып, мал-жанға қауіп төндірген жағдайда ғана атамзаманнан сынақтан өткен әдіс – көп болып қаумалап барып соғып алған тәрізді. Қазақтар негізінде аса қауіпті іс – жолбарыс аулауды тіршілік көзіне айналдыра алмаған. Қаһарлы аң аулауды кәсіп еткен қазақ бір-жар ғана. Нұрсұлтан Мұратбаевтың «Киікбай батыр» атты қолжазбасында мынадай эпизод келтіріледі: «Өтеген атамыздың сегіз баласының біреуі – Бекбауыл. Бекбауыл атамыз өте ірі алып кісі болған. Ол кезде Сырдария жылына екі рет тасып, Сырдың бойы ну қамыс, тоғай болған. Сырдың бойындағы Бытықи деген жерде жолбарыс пайда болып, ары-бері өткен жолаушыларды, малдарды жаралап, кейбірін жарып тастап, елге қауіп туғызған. Сол елге үрей туғызған жолбарысты аулауға жиырма-отыз адам қаруланып аттанған. Бекбауыл атамыз ол кезде 18-ге келген кезі екен. Жолбарыс адамдардың жақындап келгенін сезіп, атылуға дайындалып, басын алдыңғы екі аяғының арасына қойып, гүрілдеп айбат шегіп жатады. Оны көрген адамдар самсоз болып, үрейлері ұшып тоқтай қалады. Сол кезде бір үлкен кісі: «Жолбарысқа Өтегеннің ұрпағы бармаса, кім барар дейсің», – депті. Бекбауыл жастығына қарамастан, атын қамшымен салып жіберіп, жолбарыс атылам дегенше басынан найзамен шаншып үлгеріпті. Найзаны жерге тіреп, жолбарысты жібермей ұстап тұрған. Жолбарыс шыр айналып, найзадан босана алмай жатқанда: «Біреуің келіп, жолбарысты жарыңдар!», – деп айқайлапты Бекбауыл. Сол кезде түгелек майдан Байбол атамыз аттан қарғып түсіп, қанжармен жолбарыстың ішін жарып жіберіпті. Ішек-қарны ақтарылып түскен жолбарыс сылқ құлап түскен». Қазақтардың осылайша арнайы топ құрып қаумалап аулайтындығын орыс офицерлері де растайды. Жоғарғы әкімшілікке 1860 жылы жазылған бір есепте былай деп көрсетіледі: «Киргизы делают облаву на тигров, но на такую облаву они решаются только по нужде, в случае, если тигр межится близ их аула и начнет свои хищения». 1848 жылдың 4 желтоқсанында Райым көлінің жағасында жолбарыс құрманай Күшікбай Балқановты жарып кеткен. Иландыда жақайым Сүнет, Тасым, Бекбатырларды жарса, оның үстіне тағы шайнап кеткендердің қатарында жеті еркек, бес әйел, барлығы он екі адам және бар. Жыртқыш Балқұттың денесін шашып тастаған екен. Таланған мүшелерін теріп, 1849 жылдың 14 желтоқсанында жерлеген. Би Еркінбай Дүрманов бір жолбарыс соғып алғаны үшін орыс әкімшілігі тарапынан ақшалай сыйлық алады. Райым бекінісіне орыс әскері түскен соң-ақ түз тағысының бұдан былайғы тағдыры біржола шешілді. Жолбарыс алғандарға алғаш жеңіл-желпі сый берілетін болса, кейін әр аңның басына 25 рубль тігілді. «Қазақтарды қорғаймыз» деген сылтау бар. Хайуанның тұқымы қалсын-ау деген бір де бір пікір есітілмейді. Тек қана – «истребление». Журналшы Қараша Қарамановтың уақытысында қағазға түсіріліп, хатталған деректерге сүйеніп жазған мақаласында Балқаштың жолбарысы өткен ғасырдың қырқыншы жылдары (1939 ж.) жойылған. Соғып алынған түз тағысының салмағы 240 келі, тұмсығынан құйрығының ұшына дейінгі ұзындығы 4 м 12 см екен. Оны ұстаған Садуақас Отарбайұлы. Кәсіпкер аңшы емес, мәпақа етіп отырған малын қырып қоймаған соң қауіпті іске амалсыз барған. Біздің өлкедегі жолбарыстың жо­йылуына себеп дегеніңіз шаш етектен. 1847 жылдан бері алғанда екі ғасыр бойы қара мылтықтың қарауылына ілігіп келе жатқан Тұран тарғылдарының ең соңғы тұяғы 1957 жылға аман-есен жетті дегеннің өзінде олардың тіршілік ететін өрістеріне күн туа бастаған, өрісі шегірендей қусырылып келе жатқан. Өз мүлкіне иелік етерліктей қа–зақтарда болса да бірлік те, дәрмен де жоқ. Оның үстіне ұлттық дәрежеде табиғатты қорғау санасы қалыптаспаған. Біріне бірі ұласқан қуғын-сүргін, ашаршылық, отыз жетінің зобалаңы, дүниежүзілік соғыс… Байтал түгіл бас қайғы… «Біреудің жоғын біреу түйенің үстінде жүріп іздейді», қандай аласапыран болып жатса да Қиыр Шығыстағы жолбарысқа шаң тигізбеген Кремль Тұран тағысына келгенде шөп басын сындырған емес. Бұдан бір-екі жыл бұрын Ресей президенті В.Путин Қиыр Шығысқа барып, арнайы қорғауда емін-еркін жүрген жолбарыстарды көріп келген. Дүниежүзілік табиғатты қорғау қорының ресейлік өкілі сол кездегі премьер-министріміз К.Мәсімовке Балқаш маңына Қиыр Шығыстың Амур жолбарысын жеткізуді ұсынған-тын. Жорналшы Төреғали Тәшенов осыған орай «Балқаш жолбарысы қайта орала ма?» атты мақала да жариялады. Сыр бойы жықпылында жолбарыс 1950 жылға есен-аман жетті деген дерек бар. Алайда оны кім, қандай жағдайда көзін жойды? Бұл туралы жазбаша мағлұмат сақталмаған. Бас ерік өзімізге тиген, бар-жоқты түгендеуге келдік-ау дерлік кезде Тұран жолбарысынан тұқым да қалмаған. Балқаштың жолбарысы – Қазақ­стандағы ең соңғы жолбарыс – 1957 жылы соғып алынған деген хатталған дерекке сүйенер болсақ, тұқымы тұздай құрыған соң үш жылдан кейін – жау кеткен соң қылышыңды боққа шап – 1960 жылы ғана Тұран шерісі «Қызыл Кітапқа» енгізіледі. Өз қазағына он сотық жер беруге келгенде қиналардай-ақ қиналатын өкімет әр жолбарысқа жемтігі жыртылып айырылатын қырық шаршы километр қорысты қайдан тауып бермек? Ондай жолбарысқа «ұжмақ» боларлық жер әлдеқашан пышақ үстінен кеткен жоқ па? Тәңірі жарылқап табылсын-ақ делік, өсіріп-өндірдік-ақ делік. Ай сайын бір джип ауыстыратын біздің «крутойларымыз» келіннің аяқ астына жолбарыс терісін төсеп бермей қалай тыныш ұйықтайды? Қай құрдымға кетпей жатқан ақша, қаржы да бөліне қалсын. Ол бар болғырың түз тағысының мүддесіне жетсе кәні? Әйтеуір жарықтықтың жайын ойласаң болды қап-қараңғы ойлардың шыңырауына құлдырай жөнелесің. Материалдық та, моральдық та тұрғыда үміт етерлік сәуле көрінбейді. Сондағы тоқтар шындық: Сол кеткенің кеткен. Қазақтың жоғалтқаны жалғыз сен ғана емес –Тұран жұртының айбаты, хош бол!

  

Молдахмет ҚАНАЗ, жазушы

Серіктес жаңалықтары