Кенесары ханды қолдаған Бисары

Кенесары ханды қолдаған Бисары

Кенесары ханды  қолдаған Бисары
ашық дереккөзі
1159
Бұлай дегенімізбен, архив құжаттарын саралап қарағанда хан Кенесары көтерілісін қолдамағандар да аз емес. Ресей мемлекетінің билігін қолдап, кұптаған билердің болғанын тарих ғылымының докторы Ермұхан Бекмахановтың «Қазақстан ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарында» атты еңбегінің «Кенесары Қасымов бастаған азаттық қозғалысы» атты тарауынан оқи аламыз. Кітаптан және Орталық мемлекеттік архив қорындағы Кенесары Қасымов жайлы құжаттардан Кенесарыға тікелей қарсы келмесе де түрлі сылтаулармен көмек бермеген билер арасында Балғожа Жаңбыршыұлы, Ерден Сандыбаев, Шеген Мусин, Жаппас Алтыбай Көбековтердің іс-әрекеттерін танып білуге болады. Осылардың ішінде Алтыбай Көбековтің ашық түрдегі қарсылығы нәтижесінде би жазаланып, ауылы талан-таражға түскені көзі қарақты оқырмандарға белгілі оқиға. Осы орайда Кенесары Қасымұлының орыс генералдарына жазған хаттарынан да білуге болады. … «Балғожа Жаңбыршин ауы­лын шаптық, бұл ұрыста өзім де болдым» деп жазады ол 1838 жылғы хатында. Кенесары ханға көмектескені үшін Ресей шенеуніктерінен қысым көрген Бисары Ботабай ұлының іс-әрекеті мен өмір жолы қиыншылықтарға толы болды. Бисары Ботабаев Кенесары ханның жасауылдарының кездейсоқ шабуылына ұшырапты. Өзіне тілектес адамдарды шапқыншылыққа ұшы­ратқан жасауылдарына Кене хан ескерту жасап, малдарын қайтартыпты. Шөмекей руының Бозғыл аталығына жататын Балқыдан шыққан Б.Ботабайұлының есімі орыс деректерінде 1840-1845 жылдарда көрініс тапқан. Демек, біз аталған дін өкілі әрі би болған бабамыздың ресей генералдары мен Кенесары ханға да белгілі адам болғанын көреміз. 1845 жылдың 2 желтоқсанында есаул Гурьев Шөмекей руының Балқы бөлімінің қазағы Бұқа Едігенің айтуынша, осы жылдың 22 қарашасында Кенесары Қасымов жіберген 5 адамның Шөмекей руының Балқы бөлімінің биі Бисары Ботабаевтың үйіне келіп қонғанын және сол ауылдардан (Орал бекінісі маңы) зекет жинауға көмектесу үшін өз туыстары Бақа Едіге мен Шора Ерсаринді жібергені және алты күн ішінде 101 қой жинап бергенін жаза отырып, 21 қойдың Б.Ботабаевқа қалдырылғанын да айтады. Осы жазбадан оларды ұстау үшін келген әскери старшина Бородиннен бой тасалап Б.Ботабаев ауылына барып, оның нақты көмегі арқылы ұстатпай кеткенін, Ботабаевтан 21 қойы және дүние-мүлкін тартып алуды ойластырылғанын бастықтарына мәлімдеген. 3 желтоқсан күнгі 1-жүздіктің есаулы Гурьевтың рапортынан Орал бекінісінен 40 шақырым жерде отырған Б.Ботабаевтың алып берген 100 қойын жылқыға, сондай-ақ басқа да заттарға айырбастағаны және бидің Кенесары зекетшілеріне көмектескені үшін оны қамауға алуды ұсынған сұлтан Әли Тұнғашинның сөздерін оқыдық. Ал осы жылдың 4 желтоқсанындағы жазбада Балқы руының ақсақалы Ботабаевтың Орал бекінісіне жеткізілгені жазылған. Онда Б.Ботабаевтың 71 жаста екені, мұсылман дінін ұстанатыны, сұлтан Арыстанға бағынышты қазақ ауылдарының биі және Орал бекінісі мен Ырғыз бойы, «Сасықкөлді» жайлайтыны да көрсетілген. Орыс әскерилеріне берген жазбасында Б.Ботабаев ауылына Кенесары хан адамдарының келгенін және бір күн қонып, зекет жинап алғандығын растаған. «…Егер мен оларға көмектеспесем ауылдан бір адам да аман қалмас еді. Мен оларға айтқаным, сендер зекет аласыңдар, Ресейде де зекет алады», – деп өзінің Кенесары жасауылдарына көмектескенін, арада болған басқа да жайларды сөз етіпті. «Осы айтқандарымды растаймын», – деп өз таңбасын басқан. Осынау іске 1845 жылдың 25 жел­тоқсанында шенеуніктер қайта оралған. Осы құжатта Кенесары адамдарының қашып кетіп, бір ғана қазақтың ұсталып, Орал бекінісіне әкелінгенін жазады. Бородиннің Б.Ботабаевқа не істеу керектігін де сұрап жазған хатына генерал Обручев Ботабаевтың қамалып, сұралғаны да жеткілікті, осымен қылмыстық істі тоқтату керектігін тап­сырған. Жазбалардан әрі би, әрі ишан атанған Бисары Ботабайұлының беделді адам болғандығы аңғарылады. Б.Ботабай баласының Кенесарыны қолдап көмектескені нақты фактілермен ашыла түседі. Бисарының туған інісі Ерсары тікелей дін жолына түсіп, мешіт ашып, балаларды оқытып, талай шәкірттер тәрбиелеген. Солардың бірі ахун Ерсарының шөбересі Мырзақара ишан еді. Бисары мен Ерсарының ата-тек шежіресін талдасақ: Балқы руының бір баласы Болат аталған. Осы Болаттан – Тоққожа – одан Шал туған. Шалдан Қоңыр – одан Сыр еліне есімі танымал Қарадос, Ботабай би (шешен) тарайды. Қорытып айтар болсақ, Кенесары ханның 10 жылға ұласқан ұлт-азаттық күресін қолдағандардың бірі дін өкілі Бисары Ботабайұлы (орыс деректерінде Ботабаев) болғаны анық.

Тынышбек Дайрабай, зерттеуші Алматы қаласы

Серіктес жаңалықтары