ЖАҚСЫ ШЫҒАРМАНЫ ІЗДЕП ОҚИТЫНДАР ӘЛІ ДЕ БАР

ЖАҚСЫ ШЫҒАРМАНЫ ІЗДЕП ОҚИТЫНДАР ӘЛІ ДЕ БАР

ЖАҚСЫ ШЫҒАРМАНЫ ІЗДЕП ОҚИТЫНДАР ӘЛІ ДЕ БАР
ашық дереккөзі
289

 Түркі елдерінің әдебиетінен хабардар болып отыратын аталмыш ұйымның өз журналы бар. «Кардеш қалемлер» журналында түркі әдебиетінің өкілдерінің шығармалары жиі жарық көріп отырады. Олардың арасында қазақ жазушылары да бар.  «Кардеш калемлер» журналы түрік тілінде жарық көреді. Еуразия Жазушылар одағының төрағасы – Якуб Омируглы мырза. Кездесу барысында Якуб мырзаға бірер сауал қойған едік.  

– Якуб мырза, Еуразия Жазушылар одағына қанша мемлекет мүше болып табылады?

– Бұл Одаққа барлық түркі тілдес мемлекеттерден мүшелеріміз бар деп айтуымызға болады. Сондай-ақ, Эстония, Литва, Голландия сияқты елдеріндегі түркі жазушылары да біздің одағымызға мүше. Түркі елдерінен басқа мемлекеттердің де түркі тіліне, ұлтына көңіл бөлетін жазушылары бар. Ресейден де, Украинадан да мүшелеріміз бар.
– Одақтың құрамында қанша мүше бар?
– Қазір 675 мүшеміз бар.
– Қазақстаннан да бар ма?
– Ақын Ұлықбек Есдәулет, Бауыржан Жақып, Төлен Әбдік сияқты көптеген ақын-жазушылар бар. Биыл жазушы Төлен Әбдік осы жылдың түркі дүниесіндегі әдебиет адамы атанды.
– Жыл адамы атанған жазушыға қандай құрметтер көрсетіледі?
– Ең алғашқы жиналысымызды Анкарада өткіздік. Ол жиын Төлен Әбдіктің творчествосына арналды. Телеарналарда да арнайы хабарлар жүргізілді. «Қардеш қалемлер» журналының бір нөмірін Төлен Әбдікке арнадық. Мамыр айының соңында таңдамалы шығармаларын түрік тілінде шығарамыз. Кипрде де бір журналға жазушы туралы мағлұмат беріліп, ол кісінің «Қайырсыз жұма» атты әңгімесі басылды. Косово деген кішкентай республика бар. Сол жердегі жергілікті журналда Төлен Әбдік туралы мақалалар жарияладық. Әзірбайжан, Татарстан, Башқұрстан елдерінде де Төлен Әбдіктің әңгімелері жарияланады деп күтіп отырмыз.
– Бұл шығармалар тек түрік тілінде басыла ма, әлде түркі елдерінің тілдеріне де аударыла ма?
– Біздің одақта бекітілген бірнеше жоба бар. Оларға әдебиет журналдарының конгресі де кіреді. Сондай жобалардың бірі – аудармашылар. Біздің одақтың түркі тілдеріне аударма жасайтын аудармашыларымыз бар. Ол аудармашылар түрік жазушыларының әдебиеттерін ғана аудармайды, түркі дүниесіне қатысты әдебиеттің өкілдерінің де шығармаларын аударып отырады. Тіпті, Башқұртстанда шығатын журналда арнайы бөлім жұмыс істейді. Кейде кейбір аудармашыларға өтініш жасаймыз. Сол арқылы өзімізге ұнаған жазушының шығармаларын аудартамыз.
– Түркі тіліне аударылған шығармасы үшін қаламгерге қаламақы төлене ме?
– Ашық айтқанда, төлегеніміз де болды, төлемеген сәттеріміз де бар. Мұның бәрі қаржыға келіп тіреледі. Кейбір кітаптар болады, шыққанымен өтпейді. Ондай жағдайларда ақшасын төлей алмаймыз.
– Кітапты қалай таратасыздар?
– Бізде арнайы кітап тарататын фирмалар жұмыс істейді. Солармен келісім-шартқа отырамыз. Әр фирма алты ай сайын есеп беріп тұрады.
– Кітапқа деген сұраныс қалай?
– Қазір интернет желісі көбейді. Осындай жағдайда, кітаптың оқылмай қалып жатқаны жасырын емес. Түркиялық оқырмандар туралы айтар болсам, жақсы кітапты іздеп оқитындар әлі де бар. Бұрын­ғы кезеңмен салыстырғанда, әлсіздеу таралатынын мойындау керек. Қалай десек те, кітабымыздың өткенін қалайтынымыз рас.
– Түркістан қаласындағы Қ.А.Яссауи атындағы қазақ-түрік университетінде сабақ бергеніңізді білеміз. Қазақтың тұрмыс-тіршілігімен етене танысқан кезіңіз де сол кез болар. Қалай ойлайсыз?
– Түркістанда үш жарым жыл жұмыс істедім. Университетте жұмыс істеген жылдарым туралы, Түркістан туралы Түркияға келген соң, арнайы кітап жаздым. Бұл кітап Түркияда өте көп сұранысқа ие болды. Сол кітап үшін арнайы марапат та алдым. кітап әзірбайжан тілінде де жарық көрді.
– Ғаламтор туралы жиі айтамыз. Түркі мемлекеттерінің жазушыларының шығармаларын интернет-сайтқа шығару мәселесі қалай болуда?
– Өзіміздің арнайы сайтымыз бар. Сол сайтқа «Кардеш калемлер» журналында жарық көрген шығармаларды жариялап отырамыз.
– Журналға жарияланатын шы­ғарманы қалай таңдайсыздар?
– Әр мемлекетте біздің өкілдеріміз, достарымыз бар. Олар бізге өз ұсыныстарын айтып отырады. Әр мемлекеттен бес-он қаламгерді ғана тануымыз мүмкін. Барлығын бірдей біле бермейміз ғой. Сондықтан, жақсы шығарма туралы сол елдегі достарымыз, таныстарымыз айтып жатады, шығармаларын беріп жібереді.
– Қазақ әдебиетінен болсын, өзге түркі елдерінің жазушыларының шы­ғармаларынан болсын, аудар­ма­лардың арасында резонанс тудырған шығармалар болды ма?
– Ондай шығармалар көп. Мәселен, Төлен Әбдіктің «Қайырсыз жұма» атты шығармасын алуға болады. Осы шығарманы іздеп жүріп оқығандар өте көп. Менің өзіме де бұл әңгіменің жазылу формасы, идеясы қатты ұнайды. Мұнда көтерілген мәселе күн тәртібінен түскен емес. Ол баршаға ортақ мәселе деп ойлаймын.

Әңгімелескен Гүлзина БЕКТАС

Серіктес жаңалықтары