БАСЫНАН БҰЛТ АРЫЛМАҒАН БАНК

БАСЫНАН БҰЛТ АРЫЛМАҒАН БАНК

БАСЫНАН БҰЛТ  АРЫЛМАҒАН БАНК
ашық дереккөзі
253

 Бұл жолы Қаржы полициясы банк құжаттарын жіті тексеруге алуда. Бұл мәлімет әзірге көпшіліктің құлағына жете қойған жоқ, бірақ тергеу біткен соң, міндетті түрде халыққа жарияланатын болады.

Өткен аптада «Мегаполис» басылымы белгісіз ақпарат көздеріне сілтеме жасап, БТА банктің құпия құжаттары мен шаруашылыққа деп сылтауратқан қитұрқы операциялары бар екенін айтып, тергеудің жүргізіле бастағанын жария етті. 2009-2010 жылдар бойынша ағымдағы жылы сот процесі жүргені белгілі. Осы уақыт аралығында банк қандай да бір жалға беру, алу әрекеттерін жасауға құқы жоқ. SamalTowers ғимаратында кеңселерді жеке меншік компанияларға жалға берген. Осы жылдың ішінде ол компаниялар жалдаған кеңселердің ақшасын төлемеген көрінеді. Бұл жағдайды оңалту үшін БТА банкі SamalTowers кеңселерін басқару үшін «Алемкард» үлестік компаниясын құра қояды. Бүгінде аталмыш үлестік компания банк картасы және қолма-қол емес төлем қабылдайтын компания ретінде тіркелген, бірақ қазіргі таңда олармен байланысқа шығу мүмкін емес. Экономикалық қылмыс және Сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігінің ресми өкілі Мұрат Жұманбай бұл мәліметті растады. «Тергеп, тексеру барысында банктің негізсіз жұмсаған шаруашылық шығындары тексерілуде. Қылмыстық іс жүргізу заңдылықтарына сәйкес алдын ала тексерудің нәтижесі жалпақ жұртқа жарияланбайды, өйткені бұл тергеу мақсатына зиянын тигізеді», – деді агенттік өкілі.  
Қаржы полициясы SamalTowers ғимаратының 2009 жылдан бері жұмсаған шығындарын жариялауды талап етуде. 2010 жылы Алматы қалалық соты 1999 жылы жеке меншік құқын алған тіркеуін жоққа шығарып, «Самал Пропертис» компаниясына қарасты 25 600 шаршы метрлік жер учаскесі мен бизнес орталықтың ғимаратын, кеңселерін «БТА банк» АҚ-на иелігіне берген. Әзірге Агенттік өкілі қандай да бір нақты мәліметпен бөліскен жоқ. Тек тергеу үстіндеміз дегенді ғана жеткізді. Дегенмен банктің сыртқы қарыздарын төлеуі, қайта құрылымдау жұмыстарының ұзаққа созылғаны белгілі. Ал банктің экс-басшысы, Мұхтар Әблязовпен соттасуға да қомақты қаражат жұмсағаны жасырын емес. Лондон сотында жұмсалған қаражатты өндіріп беру туралы да айтылып, банктің пайдасына шешілген болатын. Бірақ бүгінгі таңда қашып жүрген Әблязов бұл қомақты соманы қашан өтейтіні ғана белгісіз.
Сонымен қатар «БТА Банкі» АҚ Басқарма Төрағасы Е.Ж. Балапанов өз еркімен қызметінен кеткелі отыр. Оның орнына Басқарма Төрағасының Бірінші орынбасары А.Н.Бейсенбаев 17 шілдеден бастап «БТА Банкі» АҚ Басқарма Төрағасының міндеттерін уақытша атқарушы қызметіне тағайындалды. 2009 жылы банк мемлекет басқаруына өткеннен бері  еліміздегі қаржы институты жүйесінде қылмыстық істер жөнінде алдыңғы қатардағы банк болып отыр.

Ақниет БЕЙІМБЕТҚЫЗЫ
 

Серіктес жаңалықтары