ТӨРЕТАМДА – ЖАҢА ЕМХАНА
ТӨРЕТАМДА – ЖАҢА ЕМХАНА
Уақыт талабына сай бой көтерген медициналық орында 13 дәрігер, 61 медбике қызмет көрсетеді. Яғни, 10 мыңның үстінде халық қоныстанған кент үшін бұл өте қажетті әлеуметтік нысан. Сондай-ақ, Төретамға іргелес 4 мыңнан астам тұрғыны бар Ақай ауылының халқы да енді осы медициналық орталықтың қызметін пайдаланатын болады.
Медициналық нысан озық үлгідегі құрал-жабдықпен қамтамасыз етілген. Флюрографиялық рентген аппараты, ультрадыбыстық терапия аппараты, бір каналды электрокардиография сынды құрылғылар халықтың денсаулығы үшін қызмет көрсетпек. Айта кетейік, биыл осы емханадан бөлек республикалық бюджет қаржысы есебінен Төретам кентінде 600 орындық мектеп пен 280 орындық балабақша құрылысы да бой көтеріп, кент халқының игілігіне аспақ.
Емхананың ашылуында облыс әкімі Қырымбек Көшербаев Елбасының қолдауымен мемлекеттік бағдарламалар аясында денсаулық сақтау саласына үлкен қолдау жасалып отырғанын атап өтті. Бұл ретте Ұлы Отан соғысының ардагері Жұматай Мұстафаев алғысын білдірсе, Байқоңыр қаласы басшысының міндетін атқарушы Анатолий Петренко да тілектестігін жеткізді.
Қызылорда облысы