ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚОРДЫҢ ҚАРЫМЫ

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚОРДЫҢ ҚАРЫМЫ

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ  ҚОРДЫҢ ҚАРЫМЫ
ашық дереккөзі
258

Жобаның алғашқы кезеңінде-ақ су деңгейі біршама көтерілді. Теңіздің айдыны ұлғайды. Географиялық және климат қалыптастырушы ретінде Аралдың солтүстік бөлігі сақталды. Тұздылығы бәсеңдеді. Жергілікті балықтардың түрлері көбейді. Жойылып кеткен бекіре тұқымын өсіруге мүмкіндік туындады.  Ең бастысы, экологиялық ахуалды сауықтыруға өз ықпалын тигізді. Осылайша кенезесі кепкен теңіздің табанына нәр жүгіріп, қаншама халықтың ата кәсібі қайта жанданды. Ғасыр құрылысына баланған «Көкарал» бөгеті кіші теңізге ерекше дем берді. Мұның қабатында шабындықтарға нәр барып,  жайылымдық жерлердің жағдайы оңала бастады. Қысқасы, “САРАТС” Сыр табиғатына жаңаша рең бере бастады. 

Арал өңірі бүгіндері күллі әлемнің назарын өзіне тартуда. Аймаққа жер-жерден, шет мемлекеттерден келушілер соны айғақтайды. Жуырда бірнеше елдің өкілдерінен құралған топ Арал ауданында болды. Бұл облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқарма басшысының орынбасары Жұлдызай Айтжанова жетекшілік жасаған эко-медиа десант экспедициясы.

    Айта кетейік, биылғы жыл Арал ауданында «Халықаралық Аралды құтқару қорына – 20 жыл» деп жарияланған-ды. Соған орай бірқатар игілікті істер жүзеге асып жатыр. Осы тұрғыда құрамында Қазақстан, Түрікменстан, Қырғызстан, Өзбекстан сынды бауырлас елдерде жасақталған ХАҚҚ мүшелері бар арнайы топ ең алдымен Арал қаласында жұртшылықпен жүздесті. 

Жиында аудан әкімі Мархабат Жайымбетов осыдан тура 20 жыл бұрын Қызылордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Орта Азия, Ресей мемлекеттері басшыларының қатысуымен Арал мәселесіне арналған халықаралық конференция ұйымдастырылғанын атап өтті. Сол  алқалы жиында өңірдің экологиялық зардаптарын жоюға нақты шаралар белгіленіп, «САРАТС»-тың алғашқы кезеңі көпшіліктің сенімін ақтағанына, тұрғындардың әлеуметтік-экономикалық жағдайының жақсаруына үлкен үлес қосқанына, сондай-ақ ХАҚҚ арқылы көптеген мәселелердің оң шешімін тапқанына тоқталды. Дерекке жүгінсек, қор арқылы су тасымалдайтын техникаға, мектеп, балабақшалардың шағын бу қазандықтарын іске қосуға, аурухананың минералды сумен емдеу бөлімшесін, «Ұландар» лагерін қайта жаңғыртуға, тартылған теңіздің ұлтанына сексеуіл егуге, «Барсакелмес» қорығын кеңейтуге, «Қамыстыбас» балық питомнигіне қондырғы, коммуналдық шаруашылық кәсіпорнына арнайы автокөліктер алуға қаржы қаралыпты.  

Келесі кезекте аталған қордың Қазақ­стандағы атқарушы директоры Медет Оспанов арадағы жылдарда қордың көптеген игілікті істерге атсалысқанын, шешімін табуға тиісті жұмыстардың әлі де жеткілікті екендігін айта келе Қазалы, Арал өңірінің бір топ тұрғындарына мерекелік төсбелгі, грамоталар табыс етті. «ПРООН» жобасының менеджері Талғат Кертешов жиынға қатысушылардың назарына қызықты да тартымды жобаларды ұсынды. Түркіменстандағы Аралды құтқару қорының атқарушы директоры Құрбангелді Баллыев, тәуелсіз сарапшы Нәжмадин Мұсабаев, мәдениет қайраткері Мұрат Сыдықов, балық шаруашылығын дамыту консорциумының төрағасы Әділбек Әйімбетов өз пікірлерін білдірді.

Мұнан соң топ мүшелері Қамбаш көлінің маңындағы «Арал Ұландары» тынығу лагеріндегі мәдени шараға қатысты. Лагерь директоры Дүйсенбек Жұлдызбаевтың айтуынша, мұнда жаз мезгілінде 600 бала демалады, осы жолғы 130 баланың үшеуіне кәсіподақ ұйымынан, қалғандарына жалпыға ортақ білім қорының есебінен қаржы бөлінген. 

Халықаралық Аралды құтқару қорының өкілдері «Көкарал» бөгеті мен «Ақлақ» су тос­пасында болып,  аталған нысандармен танысты. Көкаралдың арқасында қазір көлдер жүйесі суға толды. Балық аулау, мал өсіруге жол ашылды. Су маржанының қоры молайды. 

–  Аралды құтқару қоры халықпен, оның ішінде балықшы қауыммен тығыз байланыс жасап тұрады. Қаратерең елді мекені теңізбен шектесіп жатыр. «Ашаршылықта жеген құйқаның дәмі ауыздан кетпейді» деген сөз бар. Сол бір қиын тұста құрылған ХАҚҚ-тың көмегін, жанашырлығын ауыл халқы ұмытқан жоқ. Қор ауыз су таситын көлік алуға, маңайдағы каналдарды қазуға қаржы бөлді. Қазіргі таңда жағдай өзгерді. Тұрғындар теңіздің оралуымен көптеген жаңалықтарға қол жеткізді. Ауыз су мәселесі шешіліп, бірқатар әлеуметтік нысандар салынды. Ал жуырда 300 орындық мектеп пайдалануға берілмекші, – дейді Қаратерең ауылдық округінің әкімі Жиенбай Құдабаев.

Серіктес жаңалықтары