Елбасының жаңа кітабы жарық көрді
Елбасының жаңа кітабы жарық көрді
Тұсаукесерге ҚР Парламентінің депутаттары, ҚР Президент Әкімшілігі және «Назарбаев орталығы» ММ-нің қызметкерлері, оқу орындарының, ұйымдар мен мекеме басшылары, мәдениет қайраткерлері, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенттері, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қатысты.
Салтанатты рәсімді Президент Әкімшілігі кеңсесінің басшысы М.Қасымбеков ашты. Ол өз сөзінде аталмыш кітаптарда Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың мақалалары мен сөйлеген сөздерінен іріктеліп алынған толғамдары мен қанатты сөздері топтастырылғанын атап өтті. Түрлі тақырыптарды қамтитын ол ой-толғаныстар жинақтала келе, оның адам, мемлекет қайраткері және саясаткер ретіндегі философиялық ұстанымын айшықтап қана қоймай, сонымен бірге қазіргі таңдағы Қазақстанның кең тарихи кеңістіктегі біртұтас келбетін де құрайды.
Елбасының «Туған елім – тірегім», «Өзекжарды ойлар», «Ой бөлістім халқыммен», «Мыслями с народом поделюсь» деп аталатын жинақтарын оқырман жылы қабылдаған еді. Бұл жинақ осы жинақтардың қисынды жалғасы іспеттес дүние.
Сондай-ақ, тұсаукесер рәсімінде ҚазҮӨУ жанындағы Қорқыт мұрасын зерделеу бойынша ғылыми-зерттеу орталығының басшысы Мырзатай Жолдасбеков, ҚР Парламентінің депутаттары Қуаныш Сұлтанов, Алдан Смайыл, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Жабал Ерғалиев, Қазақстан халқы Ассамблеясының ғылыми-сараптамалық кеңесінің хатшысы Наталья Калашникова, жазушы Дүкенбай Досжан, С.Сейфуллин мұражайының директоры, ақын несіпбек айтов, «Назарбаев Орталығы» ММ-нің ресми өкілі Оксана Лоскутова, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ студенті Кәміл Байрамов құттықтау лебіздерін білдірді.