ОҚЫРМАН ОЙЫ

ОҚЫРМАН ОЙЫ

ОҚЫРМАН ОЙЫ
ашық дереккөзі
265

Алматы аурулардың қаласына айналды

Еліміздің елордасы – Астанаға көшсе де, Алматы қаласы қазір де қазақтың оңтүстік астанасы, беткеұстар мақтанышы. Алматы тұрғындар саны жағынан да алдыңғы орында. Мемлекетіміздің ортақ бюджетін елеулі түрде қампайтып отырған да осы қала. Мұнда түрлі бизнес өкілдіктері мен халықаралық компаниялардың бөлімшелері бар. Алматы – қаржы орталығы деп бекер айтылмаса керек.

Бүгінде қаладағы әрбір үшінші-төртінші тұрғынның жеке көлігі бар. Бұл – қуанарлық жағдай. Бірақ сол көліктер шығаратын улы газ көптеген аурудың басты себебіне айналып  отырғаны жанға батады. Кейбір әлемдік зерттеу бойынша, Алматы лас қалалардың ішінде 25-ші орында тұрса, ал Mercer Human Resource Consulting компаниясы жасаған әлемдегі ең лас қалалардың тізімінде Алматы қаласы 9-шы орында тұр. Бірінші орында – Әзірбайжанның астанасы Баку қаласы. Әлемдегі ең таза қала қатарына – Канаданың Калгари, екінші орында Гонолулу (Гаваи), үшінші орынға Хельсинки қаласы табан тіреген.

Қолда бар деректерге жүгінсек, жүрек ауруына шалдығатындардың дені Алматы қаласының еншісінде. Оған бірден-бір себеп – ауаның ластығы. Соңғы кезде әсем қаланың күл-қоқыс орнына айналып бара жатқаны шындық. Әсіресе, тұрғын үй мен базар-ошар маңайы үрей ұшырады. Бір кездері тазалыққа жіті көңіл бөлетін қала бүгінде салақ келіншектің үйіне айналғандай. 

Демек, қала ауасының тазалығына көңіл бөлетін кез әбден жетті деген сөз. Осы тұрғыда өз ұсынысымды айта кетсем деймін. Неге көлік айдауға құқықты 18 жастан емес 21 жастан бас­тап бермеске? Неге қала ішінен велосипедшілерге арналған жолдарды көптеп салмасқа? Бүгінде байқасаңыз, кейбір қала тұрғындары жұмысқа велосипедпен барып та жүр. Бұл біріншіден, уақыт үнемдейді. Екіншіден, салауатты өмір салтына бағыттайтын жол. Сондықтан да велосипедті кеңінен қолдануға жол ашу – көпшіліктің ойында жүрген мәселе екені даусыз. Тобықтай сөздің түйіні, егер біз ауаға шығарылатын зиянды газдың мөлшерін қатаң бақылауға алып, олардың шектен тыс көп болмауын қадағалап отырмасақ, болашақта ұрпағымыздың денінің сау болуы екіталай.

Ардақ Бекназарбекова

 

 

Ешкімге жақпайтын даңғой жарнама

Көшеде ілінген жарнамаларда «ғажап», «керемет» (элитный), «корольдік» деген сөздерді қолданатын болсаңыз, айыппұл төлейсіз. Бөтен ойлап қалып жүрмеңіз, біздің елде емес, Қы­тайда. Мемлекеттің  өнеркәсіп және сауда-саттық министрлігі осындай сөздері бар жарнамаларға тыйым салды.

Ережені бұзушы 30 мың юань, яғни 4,2 мың доллар ақшасын санап береді. Айтпақшы, Қытай әлем бойынша миллиардерлердің доллар саны жөнінен бірінші орында тұр екен. Қытай астанасының әкімі Ван Цишанияның  айтуынша, әлгіндей сөздермен түзілген жарнамалар қоғамдағы әлеуметтік үндестікке кері әсер етеді. Ван мырзаның пікірімен астаналық депутаттар да бас изеп мақұлдасты. Бұл жарнамалар байлар мен кедейлер арасында өшпенділікті ұлғайта түседі екен. Сондықтан жарнама берушілерге әлгіндей теңеулерді қолданудан бас тартуларын бұйырды. «Ең жоғарғы байлық», «ең беделді» деген сөздер енді «беделдерін» жарнамалардан жоғалтуы мүмкін.

«The China Daily» газетінің жазуынша, Бейжің әкімшілігінің өнеркәсіп және сауда департаменті аталмыш жарлық сәуірден бастап күшіне енетіндігін мәлімдеген. «Гедонизмді насихаттау» және «сырттан әкелінетін лакшери-сыныптағы тауарларға» тыйым салынады. Ерекшеліктеріне орай, «элитный», «жоғары сыныпты», «королевский» сөздерінің де басына бұғау салынатын болды.

Қытай сарапшыларының жорамалдауынша, бұл тыйымның астарында екі түрлі көзқарас жатыр-мыс. Бірі – байлар мен кедейлердің арасындағы әлеуметтік қысымды төмендету болса, екінші жағынан – жарнаманың барабарлығын арттырып, тауар мен қызмет көрсетуді жоғарылату. «Біздің клиенттер, өздерінің жылжымайтын мүліктерін жарнамалаған кезде, «элитный», «эксклюзивті» деген сөздерді пайдаланады. Себеп –жарнамадағы сөздермен, шынайы объекті сапасының мүлде басқа жақта «лағып» жүруінде болса керек». Пекин университетінің әлеуметтанушы маманы Xia Xueluan әкімшіліктің бұл шешімін қуана құптапты. Әлеуметтанушы мырза, көптеген жарнамалық образдар даңғойлық пен есіруді насихаттайды, бұл мүлде бүгінгі уақыттың талабына сай емес, керісінше Қытай қоғамының дәстүрлі құндылығын аяққа таптау деп ойлайды.

Қалай болған күннің өзінде аспан асты елінде біздегідей «қазаншының өз еркі,  қайдан құлақ шығарсаның» кебін киіп тұрмағанын байқадық. Отандық жарнамалардың жаңғырығы жер жарып-ақ тұр. Десе де, мәнсіз-мағынасыз, жөнсіз-жосықсыз жортып жүргендері де қаншама! Біздің тіл мамандары да өз алдына қарапайым халықтың шымбайына тиіп кететін кейбір жарнамаларды бір жүйеге салса, жөн-ақ болар еді.

Еркежан Жұматай

 

Бәсекеге қабілетті бола аламыз ба?

Қазір бәсекеге қабілетті ұлт болудың сан салалы межесі қарастырылуда. «Бәсеке» деген сөздің өзін әркім әрқалай түсінеді. Жеке адамның бәсекеге қабілетті болуы – тікелей өзіне байланысты. Мұның сан қырлы себептері мен салдарлары бар. Бір адамның алғырлығы мен алғабас идеясы тұтас қоғамның ажырамас бөлігі ретінде өзгелерге де үлгі-өнеге бола алады. Өзгелерді де бәсекеге шақырады деп тұжырсақ қателеспейміз.

Меніңше, бәсекеге қабілетті болудың төте жолы біреу: ол – білімділікте. Білім – ұшан-теңіз айдын секілді, әр адам соның тамшысы сияқты. «Білерім – бір тоғыз, білмейтінім – тоқсан тоғыз» деген тұжырымның жаны бар. Адам білген сайын, оқыған сайын өзінің білмейтіндігі көп екенін біле түседі. Ізденген үстіне ізденгісі келеді. Білімділіктің түп байлауы – жақсы мінез бен үнемі ізденістен құралады. Бүгін оқығаныңды ертең ұмытсаң, зейін зердеңе тоқымасаң, үстірт ойлауға икемді болсаң, онда оқыған оқуыңның еш кеткені. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың үнемі оқы, ізден, білім ал, өмір бойы ілім нәрімен сусында деп халыққа қарата айтатыны сондықтан. Бір жолғы Жолдауында қазақстандықтар өмір бойы оқуы керек деген ойына екпін түсірген болатын және «Бәсекеге қабілетті ұлт болу үшін – білім нәрімен сусындауға тиіспіз» деген ойын да тәпсірлеген. Ендеше, аламан бәсекелестікте ұтылмаудың жолы – білімділікте. Осы тұжырымды негізге алған Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов білімді реформалаудың жаңа бастамасын көтерді. Білімді ұрпақты тәрбиелеудің басты принципі – қатаң талап пен тәртіп екенін ұқтырды. Осы уақытта еліміздегі ЖОО-лар сапалы білім берудің жолы мен жосынын өз беттерінше межелеп әрі министрліктің тапсырмалары мен қадағалаулар аясында талпынып жұмыс істеуде. 

Шындығына жүгінсек, соңғы жылдары еліміздің білім саласына көңіл бөліп, қаржыландыруы әлденеше есе өсті. Балабақшадан мектепке, мектептен колледж, университеттерге дейінгі аралықты тұтас қамтитын, әр баланы зейінді-зерделі етіп өсіруге ұмтылатын, әр жасты тұлға етіп тәрбиелеуге қол ұшын беретін бірегей жобалар іске асуда. Біздің колледж – шығармашыл жастарды, өнер аламанында бақ сынар үздіктерді, мәдениет кеңістігінде самғайтын таланттар шоғырын тәрбиелеп отыр. Әр баланың бойындағы дарын бұлағының көзін ашу үшін жеке-жеке жұмыс істеуге мүмкіндік зор, мемлекет тарапынан әр жасқа жеке қамқорлық қарастырылған. Оларға керекті барлық техникалық аппараттар, арнайы машық залдары, киім-кешегіне, басқа да қажетті заттарына қажеттінің бәрі бар. Енді тек алаңсыз оқу-үйрену өздеріне байланысты. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Техника және кәсіптік білім департаментінің директоры Қадырбек Бөрібаев мырзаның тікелей атсалысуымен және қадағалауымен кәсіптік колледждер мен арнайы салалық мамандарды тәрбиелейтін оқу ордалары Елбасының және министрліктің қойған талаптарының үдесінен шығуға күш салуда. Ұрпақты ұлттық менталитетке, халықтық мәдениетке, замандық өскелең жарыстардан қағыс қалмайтын бірегейлікке жеткізудің барша мән-маңызын түсіндіріп, бізге де айрықша тапсырмалар жүктеп отыр.

«Білекті бірді, білімді мыңды жығады» деген қанатты сөзді ешуақытта назардан шығармау керек. Мұны естен шығарған адам қарадүрсін, алды барда, арты жоқ істерге пейіл болады. Кез келген оқу ордасының басты мақсатының бірі біліммен қатар, жастарды патриотизмге, ұлтаралық келісім мен толеранттылыққа, әр адамды өзіндік тұлға ретінде тануға үйрету. Ж. Елебеков атындағы колледждің басты нысаны – тәрбие жұмыстарына баса көңіл бөлу. Біз әрдайым тек мереке-мейрамдарда көзге көрінуді ойламаймыз, тәрбие сағаттарын, шығармашыл белгілі тұлғалардың үлгі-өнегесін білсін деп арнайы кездесулерді, мәдени кәусарларды құрметтеуге бастайтын ұлттық танымдағы кітаптар мен киноларды көрсетуді және солардың бәрінен тәрбиелік мән туғызып, өзара пікірлесу мәдениетін қалыптастыруға күш саламыз. Біздің мақсат әне сондай жастарды қанаттандыру.

Шығармашылықты жетілдіру үшін жас таланттарға ғаламдық құндылықтарды жете меңгеру керек. Құрманғазы мен Бетховенді, Ықылас пен Шопенді, Абай мен Шекспирді бірдей тыңдап, бірдей оқып, әр екі жақтың мәдени бастауларынан тел емсе, ол шын мәнінде озық дарын иесі болып қалыптасады. Колледждің студенттеріне оқу уақытынан сырт үйрену мен ізденудің бағыт-бағдарын үнемі ескертіп отырамыз. Сондықтан болса керек, бізідң студенттер өткен бір жылдық оқу кезінде Республикалық және халықаралық байқаулардан 51 жүлде әкелді. Оның 11-і Гран-При, 14-і бірінші орын екенін айтсақ та жеткілікті шығар. Мұның арғы қайнарында кәсіби ұстаздар мен дұрыс жолға қойылған білім беру ісінің жемісі жатқандығын айқын сезуге болады. Тәрбие мен білім – егіз. Бірінсіз бірі биікке самғай алмайды. Елбасының бізге қояр талабының негізгі тіні де – осы емес пе! 


Бибігүл Нүсіпжанова,

Ж. Елебеков атындағы республикалық

эстрада және цирк колледжінің директоры

 

Жұмыссыздық азайды дейді, әйткенмен…

 

Елімізде «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасының қабылданғаны белгілі. Бұл бағдарламаның жұмыссыздарға шапағаты тиіп жатыр дегенді күн сайын телеарнадан естіп жүрміз. Жақында ауылға жолым түсіп, осы бір ақпараттың шындыққа жанасатындығына күмәнданып қайттым.

Жасыратыны жоқ, ел-жұрт «тәуелсіздік алдық» деп бөркін аспанға атқан жылдары бар ауыртпалық ауыл халқына түсті. Отбасының қамын ойлаған қайран аналар ала дорба көтеріп, белі бүгілді. Ал жастар жағы көше-көшенің бұрышында ішімдікке салынып, түрлі қылмыспен қолын былғауға дейін барды. Сол кезде әрі кете бастаған ауылдан бүгін не қалды?

Қазіргі ауылдың әлеуметтік тұрмысы жылдан жылға құлдырамаса, жақсаратын түрі жоқ. Білім алуға ниеттенген жастар жағы қалаға жол тартса, қолы бостары ауылдың қылмысын өршітуге сеп болуда. Ал «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы бойынша ауылға барып, еңбек етіп жүргендері некен-саяқ. Егер ауылда жұмыс болса, дипломы бар мамандар жұмыссыз жүрмес еді. Олар Алматы, Астана сияқты ірі қалаларға келіп, біреуге жегіліп, арба сүйремес еді. Сөйте тұра, «жұмыссыздық азайды» деп айтудан алдыға жан салмаймыз. Сол құрғақ статистиканы алға тартатын мамандар қазақтың тозығы жеткен ауылдарындағы нақты жағдайды өз көзімен көрсе ғой. Екі қолға бір күрек таба алмай жүрген жастарға қарап, жаңсақ сөйлегенін түсінетін бе еді, кім білсін?! Өзім ауылдағы жастардың бейқам өмірін көріп, бармағымды тістеп қайттым.

Д. Дүрмән 

 

Метродағы музыка көңіл көншітпейді  

«Алматыда метро салынып жатыр» дегенді бала кезімде жиі еститін едім. Сол кезде  бала қиялым метроға тезірек мінуге асығатын. Содан бері қанша жылдың жүзі өтіп, есейген шағымызда ғана метроға отыру бақытына ие болдым. Оған да шүкір.

 

Құрылыс жұмысы ұзаққа созылған ірі стратегиялық нысан бүгінде алматылық жұрттың игілігінде. Өзім метроның тұрақты жолаушысымын. Аялдамасының бәрі толықтай бітпесе де, діттеген жерге уақытында апарады. Көлік кептелісінде тұрмайсың. Енді қалған бекеттер тезірек пайдалануға берілсе, үнемі көлік тығынынан көз ашпаған Алматы қаласының тұрғындары үшін үлкен жаңалық болар еді. Амандық болса, бұл күнге де жететін күн алыс емес сияқты. Бірақ мені мазалап жүрген жайт басқа.

 

Жақында метро басшылығы аялдамаларына үлкен теледидар орнатып жатқанын қуана хабарлады. Әрине, жолаушы көп жүретін жер жарнама жасауға таптырмайтын орын. Бұл монитордан жарнамамен қоса, ән де шырқалады. Бірақ қандай ән дейсіз ғой?! Күнделікті метроның көмегіне жүгінетін жолаушы ретінде мына жайтты айтпасам болмас. Қашан, қай уақытта отырмайын, көбіне орысша ән беріліп жатады. Пәлен жылда зарыға күткен метроның ішін ұлттық нақышта әрлендіріп, безендіруге тырысқанымыз белгілі. Ал неге мұндағы ән толықтай қазақ тілінде қалықтамауы керек? Мәселен, күн сайын үлкен монитордан қазақ халқының қолөнері, оның ішінде ұлттық әшекей бұйымдарды, ежелден халқымыздың тұрмыс-салтына сіңісіп кеткен әдет-ғұрыптарға байланысты дүниелерді қайта жаңғыртса жараспай ма? Олимпиада, әлем чемпиондарының жеңісті сәттері, көк туымыздың желбірегенін жиі-жиі көрсету де жолаушыларды желпіндірер еді. Рухтары асқақтар еді. Оны аз десеңіз, қазақтың сахара даласындағы табиғаты көркем көкпеңбек жайлауларын, туризмнің мекеніне айналу алдында тұрған Бурабай, Көкше мен Көлсайдың сұлу көлдері, Шарын шатқалы, толып жатқан ұлттық табиғи қорықтардың өзі неге тұрады? Егер метродағы теледидардан туған еліміздің әсем жерлерін беріп отырса, бұл жастардың бойында Отанға, табиғатқа деген патриоттық сезімі мен махаббатын тудыратындығына күмән жоқ. Сонда ғана қаланың асфальтінде өскен баланың жүрегінде: «Менің Отанымның тамаша жерлері көп екен ғой! Неге біз осыншама сұлу табиғатты бағалай алмай жүрміз?» деген сүйіспеншілік ой пайда болуы мүмкін. Жарым-жартылай жалаңаш әншілердің айқайлаған әні қазір көпшілікті мезі қылды. Одан да құлақтың құрышын қандыратын ұлттық музыканы тыңдасаңыз, бір демалып қалатыныңыз сөзсіз. Бұл қолда барды қадірлей білуге бағытталған жол болар еді.  Сондықтан да метро басшылығы қоғамдық орынның адам баласын тәрбиелейтінін естен шығармауы керек. Бізге метродағы музыканы кімнің қадағалап отырғаны белгісіз. Біз тілге тиек еткен ұсыныс сол мамандарға құлаққағыс болса екен.

 

Тоғжан ТӨЛЕГЕН 

 

Ингушетия үлгі көрсетті. Бірақ…   

Әне-міне дегенше, қасиетті Рамазан айы да келіп жетті. Жыл сайын Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасы ораза айы қарсаңында еліміздің кәсіп өкілдеріне арнайы үндеу жасайды. Онда азық-түлік бағасын арзандату жөнінде ұсыныс та бар. Алайда, Рамазан айы кезінде ірілі-ұсақты дүкендерде спиртті ішімдіктің сатылуына тыйым салынбайды. Тіпті, кейбір дүкенге бас сұқсаңыз, бөтелкелердің түр-түрін тізіп қоятынын қайтерсіз. Ал басқа мұсылман мемлекеттері бұған бүгіннен бастап тосқауыл қойды.

 Ингушетия президенті міндетін уақытша атқарушы Юнус-Бек Евкуров Рамазан айына арналған жаңа қаулыны қабылдады. 2013 жылдың 8 шілдесінен бастап Рамазан айында елде алкогольді ішімдіктердің сатылымына тыйым салынды. Сонымен қатар, жұмыс берушілерге жұмыс істеу уақытын бір сағатқа азайтуға тапсырма берілді. 

 

Ю.Евкуров қабылданған жаңа қаулыға сәйкес, қасиетті Рамазан айында алкогольдің саудасымен қатар, қоғамдық орындарда ішімдік ішіп, шылым шегуге де тыйым салынды. Қаулыда «азық-түлік өнімдері сатылатын мекемелер, дүкендер қасиетті ай бойы күнде 23:00-ге дейін жұмыс істеу қажет», – деп атап өтілген. «Жұмыс істеу уақытының бір сағатқа қысқаруы мемлекеттің заңына қайшы келмейді, себебі, елімізде тұрғындарының дені қасиетті Рамазан айында ораза тұтып, түс кезінде жұмысын атқарады», – делінген Ингушетия президентінің баспасөз қызметі басшысының хабарламасында. Бірақ біздің Қазақстанда арақ ішкендер босып жүреді, ал жұмысқа сабылғандар автобусты тосып жүреді…

 

Жәнібек Әшім

 

 

ЭКСПО көрмесі: саясат пен сенім салтанаты

 

Қазақстан егемендік алған тарихынан бері сан тарапты экономиканың, тамырлы тарихының, мөлдір бұлақтай мәдениетінің, өрелі өркениетінің дамыған даңғыл жолын салып, келешекке анық айқын бағыт-бағдар алып, оны тек өз елімізде ғана емес, Орта Азия, кәрі құрлық Еуропа елдерімен терезесі тең, керегесі кеңдей байланыс орнатып, алпауыт мемлекеттер санасатындай деңгейде дамып келеді.

 Жер жаһанның қай бұрышында болмасын, бүгінде қазақ елі жұрт сүйсінетін берекелі істердің бастамашысы ретінде өзінің сөзін мінберден анық айта алатын жағдайға жетті. Қазақ тарапынан туындаған идеялар бүгінде БҰҰ мінберінен айтылып, даусы Еуропадан естіліп келеді. 2010 жылы еліміз ЕҚЫҰ кезекті саммитін қабылдап, 56 елдің басшысын әлемдегі ХХІ ғасырдың жаңа елордасы Астана қаласына жинап, тұңғыш рет өз тарихында бұрын болмаған серпілісті жасады. Елімізді танытқан қаншама спорттық шаралар өтті. Көш мұнымен тоқтамады. Саралы соқпақтың ендігі сөзі ЭКСПО болмақ. Қазақстанның аталмыш көрмені өткізуге берген өтініші өзге мемлекеттерден оқ бойы озып шығып, 2017 жылы ЭКСПО-ны Астанасында қабылдауға мүмкіндік алды. Қазақстан ЭКСПО-2017 көрмесінің тақырыбын энергиямен ұштастырып, болашақтағы баламалы энергиялық бағдардың жобасын жасамақ.

 ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін Астанада өткізу – Қазақстанның негізгі жобаларының бірі. Ең алғашқы ЭКСПО көрмесі 1851 жылы Лондон қаласында өткізілген. 2012 жылғы 14 наурызда Елбасы Астанада ХКБ-нің сарапшылар комиссиясымен кездесу өткізіп, аталмыш көрмені өткізу біздің еліміз үшін ұлттық жоба екенін ерекше атап өтті.

 ЭКСПО-2017 көрмесіне Қазақстан ұсынып отырған «Болашақ энергиясы» тақырыбы ешкімді бей-жай қалдырмақ емес. Қазіргі кездегі ең көкейкесті және жаһандық маңызы бар, бүкіл әлемді толғандырып отырған мәселе –  энергияны тұрақты пайдалану. Астана осы саладағы ең таңдаулы жобалар мен трендтердің алаңы бола алады. Экономиканы әртараптандырудың, өндірістік қуаттылық пен ғылыми базаны жетілдірудің, технологиялар мен инвестициялар тартудың қуатты импульсі болады.

Астанадағы бүкіләлемдік көрме 3 айға дейін жалғасады. Оған әлемнің 100-ге жуық елі мен 10 халықаралық ұйым қатыспақшы. Көрмеге 5 млн.-нан астам адам қатысады деп жоспарлануда. Мұндай ауқымды іс-шараны өткізу шағын және орта кәсіпкерліктің дамуына да елеулі серпін береді. Бұл сондай-ақ инфрақұрылымға жеке меншік инвестицияны тартуға мүмкіндік бермек. Өйткені ЭКСПО – бүкіләлемдік бірегей көрме. Бұл маңызы жағынан  халықаралық экономикалық форумдармен, ал туристік тартымдылығы бойынша ең танымал әлемдік деңгейдегі спорттық жарыстармен салыстыруға тұрарлық жаһандық ауқымдағы оқиға.

 ЭКСПО-ның қазаққа берері мол, ашар жолы сан тарау. Ол өзіндік саясаты мен дамуы үйлескен қазақ елін тағы бір мәрте күллі әлемге паш етпек. Өзге мемлекетпен тәжірибе алмасып, әлем саясаты сахнасында тағы бір рет өз орнын алтын әріппен қалдырмақ.

 

Нұржан Әлжанова,

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің профессоры  

Серіктес жаңалықтары