ҒАРЫШҚА КЕТКЕН КЕНТАВР

ҒАРЫШҚА КЕТКЕН КЕНТАВР

ҒАРЫШҚА КЕТКЕН КЕНТАВР
ашық дереккөзі
279

Қазақта бір өзі ғана Халықаралық Х.Андерсен атындағы сыйлықты иемденген жазушының әр жылдары жазылған дүниелерін табу мұң болды бізге. Жалғыз жапырақ публицистикалық кітабы «Қазақ, қайда барасың?» «Қазақстан» баспасынан 1995 жылы жарық көрген екен. Оның өзі бар болғаны 400 данамен шығыпты. Одан кейін қаламгерді іздеген жан болды ма? Шығармалары, әр жылдары баспасөз беттерінде жарық көрген сараптамалық мақалалары жинақталып, неге топтастырылмады екен деп ойлап қоямыз әрегідік. Әлде, іздеушісі болмаса, сөз жетім деген осы ма? Қаламгер қайтыс болғанында, «Кентавр» сыйлығын тапсыру жөнінде әңгіме қозғалған екен. Айтылған сөз айтылған жерінде қалды. Одан кейін «Кентаврды» жоқтаған жан болды ма? Жыл сайын журналистердің төл мерекесі қарсаңында, тілші қауымға арналып, тәуелсіз «Кентавр» сыйлығы ұсынылғанда, марқұмның әруағы риза болар ма еді?! Қалай десек те, атында бір көше немесе мектеп аты берілмеген жазушыны іздейтін оқырман жоқ дегенге сенгіміз келмейді.

Көлденең келген дерт жанын қина­ма­ғанда, қаламгер арман еткен «Кентавры» жазылар ма еді, кім білсін?! Қаламгердің өзі айт­қандай «грек мифологиясындағы адам басты, жылқы денелі әйгілі кентаврдың» образын сомдау онсыз да ауру жүрекке оңай соқпаған болар. Қалай десек те, қазақтың публицист-жазушысының жанын жегідей жеген құрт қоғамның дерті болған шығар, бәлкім!

Жанын ауыртқан дүниелерді қала­мы­мен қозғаған, ұлттың жайы, мұңы бас ауруына айналған қаламгердің елге, халыққа осыдан он жыл бұрын айтқан жазбалары әлі де сол күшінде! «Өзі өлсе де, сөзі өлмейтінін» бүгін тағы бір рет­ дәлелдеп тұрғандай. Публицистің әр жылдары баспасөз беттерінде жарық көр­ген мақалаларынан үзік-үзік ойла­рын жариялауды жөн көрдік. Ел ұмыт­пасын деп, оқырман тағы бір мәрте сүй­ікті қаламгерімен қауышсын деген мақ­са­тымыз еді бұл. Оның ұмытылмайтын жөні де бар. өйткені артында өлмейтін, өш­пейтін хаты қалды.

***

… Таланттар, әсіресе, қазаққа өкпелі. Көшпелі қазақ алтын ұстамаған. Алтыны – алдындағы төрт түлік малы болатын. Ол төрт түлігі сонсоң бір жұттан қалмай ақсүйек болып, сағымға айналған. Қазақтың өз таланттарына деген көзқарасы да адам – малдың осынау айнымалы қарым-қатынасына лайықталып құрылған ба деп ойлайсыз кей-кейде. Талантын талапайға салып тұрып, көңілі түссе, сал-серілерін ауыл сыртынан ақ киізге көтеріп алып, еркелете білген, хан, сұлтандары от ауызды, орақ тілді би, шешен, жырауларына жүгінген. Әйткенмен, жүрекке қуаныш ұялататын мұндай сұлу суреттер біздің тарихта аз. Талантты табиғат сыйласа: «Е, Алла, бергеніңе шүкір!» деп бет сипап, бермесе оған да көп қиналмаған. Асылы, көшерін жайылым, қонарын қыстау белгілеген көшпелі тұрмыс, ауыз әдебиеті мен ән-күй болмаса, ми шаршатып, бас ауыртатын басқадай күшенулерді қажет етпеген. Осылайша өзге елдер талантын әр унциясына дейін таразыға тартып, ұлттың қазынасына қуана-қуана қосып, мемлекет арбасына жегіп жатса, біздің таланттар қу жағына сүйеніп, домбыра мен ауылдың алты ауызының аясында қалып қойған.

Бұл келеңсіздікті кәрия тарих бізге кешірмеді – ың-жың ХХ ғасырдың табал­ды­рығын қазақ үмбеті феодал боп аттап, ХХІ ғасырдың салтанатты сарайына тым қазақы шапанымызды жарым-жартылай шешкен күйі кіріп бара жатырмыз. Бүтін феодалдықтың нәтижесі белгілі – халқымыздың тең жартысынан аспан ашық, жер жазықта айрылып қалдық. Ал, шала феодал, шала капиталистігімізден не шығады, оның төрелігін келер ғасыр айта жатар….

***

Қазақстанда қазір көбіне талант, адал еңбек емес, алдап-арбау, сауда-саттық, коррупцияның сөзі өтімді. Оған күйреп, күйзелмеу керек, өйткені кез келген елдің өтпелі дәуірінің сиқы осы. Бұрынғы кадр таңдау жүйесі жаңа заманда талант таңдауға айнала алмады. Бармақ басты, көз қысты тұрғанда оған орын жоқ. Аға, орта буынды бұған беріп алдық, енді жас ұрпақты құтқарып қалуымыз керек. Талант пен адал еңбек алға шықпаса, Қазақстанның осы қалғаны қалған. Тұлпардың таланттысы Құлагер еді. Құлагерді өлтіріп ек, орнына басқа Құлагер табылды ма? Махамбеттің басы шабылғасын, талай жас махамбеттер Махаң болудан безіп кетті. Мұқағали мен Асқардың өлімі болашақ талай мұқағалилар мен асқарлардың жолын кесіп тастаған жоқ па? Қазіргі Мұқағали, Асқар, Төлеген, Оралхан, Сағаттар базарда телмеңдеп жүр. Жас Қаныш Сәтбаевтар қой соңында. Провинцияның Парижді жасағаны рас болса, алдымен халық арасына неге көз талғанша үңілмейміз? Аузы қисық болса да бай баласы сөйлесе, бұл – біздей мемлекеттің соры. Барлық трагедия әркімнің өз орнында отырмауынан туындайды. Әркімнің қолдан жасаған «ағаш аты емес», табиғат шебер тудырған тұлпар озуы керек. Алғы елдер әркімді өз орнына қоятын, талантты тауға сүйрейтін жүйе жасай білді. Бізде ондай нышандар жоқ емес, бар. Әйтсе де ілуде біреу. Таланттарды табу, тәрбиелеу, ұқсата білу ұлттық сипат алуы керек. Талант – ұлттан да, мемлекеттен де жоғары. Құм жиылып тас, күл жиылып бас болмайды.

***

Мәселенің тағы бір ұшы мынада – империя заманында қазақ жерінде орыс ұлты, орыстілділер, қай жағынан болсын, титулды ұлт болып келген. Енді, амал жоқ, демократия заңы бойынша, қара қазақпен терезесі ойда жоқта теңесіп қалды. Олардың арасындағы шовинистік топтардың (қарапайым, еңбекқор орыс халқына тинәмдай да өкпеміз жоқ!) сол үстем титулын жоқтап отырғанын ұғу үшін көп ақылдың қажеті шамалы. Олардың қабатында орыстілді қандастарымыз да өз ұпайларын түгендеп қалмақ. Ресейдің неге шовинистер жаққан бұл отқа қайта-қайта тамызық тастап отырғаны да белгілі – олардың қазақстандық орыстардан басқа да шаруалары бастан асады. Онсыз да түстік республикалардан, Прибалтикадан бас сауғалап қашып келгендерді, әскери адамдарын қайтеміз деп миы ашып отыр. Ашығын айтқанда, жүз мыңдаған қазақстандық орыстарды қарсы алуға, үй, жұмыс тауып беруге халдері жоқ. Сол себептен де «қазақстандық орыс» деген уайым-қайғыдан басын арашалай тұру – міне, олардың ойлаған түпкі саясаты осы. Оның үстіне қалың орыс диаспорасы Қазақстан келешекте икемге көнбей бара жатса, қорқытып-үркітіп отыруға да қолайлы. Бұл әзәзіл саясат өз ішіміздегі шовинистер мен нигилистердің мүддесімен дөп келіп, біте қайнасқан ортақ майдан құрылды, ақыры мұның өзі қазақ ұлтының барлық аспектілерде шегінуіне әкеліп соғып отыр.

***

Орыс ұлты туралы әңгіменің басы ашық – дәл біздің алдымызда олардың еш кінәсі, айып-айбанасы жоқ. Қазақпен қоса олар да алдымен патша ағзамның отарлау, одан кейін түрі кеңестік, заты интернационалистік жаңа отарлау саясатының құрбаны. Көбіміз түптің түбінде әлемде жалғыз-ақ ұлт – коммунистік ұлт қалыптасатынына сендік, әрқайсымыз: «Жер шарының алтыдан бір бөлігінің» кез келген шаршы метрі – өз шаршы метрім» деп ұқтық. Ондай уды бал екен деп ең алдымен орыс халқы түгесіп ішті. Түгесіп ішпесе, күні кеше қалың орман, көкорай Ресейді тастап, Қазақстанға қарай жөңкіліп көшпес еді. Енді бүгін: «Осы нақ Отаным қайсысы – Ресей ме, Қазақстан ба?» – деп миы ашып отыр. Сол себептен екі оттың ортасында қалған оларға көз алартуға еш хақымыз жоқ. Ермак атаман, Скобелев, Черняев генералдарда есеміз кетті десек, Бату ханның әр жүздігінің 99-ы қыпшақ болғаны кім үшін жаңалық? Бүкіл әлем ол кезде тек қылыш жүзінде сөйлесті. Яғни өткенге – салауат, келешекке – бақуат! Орыс ағайындар бүгін де мойнымызға екі аяғын салбыратып мініп отырған жоқ, мұржаларын сорайтып, завод, фабрикалар салып берді, егін екті, техника бақты, тас жол, темір жол, электр жүйелерін тартты, кен қазды. Осы кеше ғана 700-дей қазақ мектебін жапқан да орыс емес, өзіміз. Қайта-қайта қырылып, әбден әлсіреген шақта өнер, білімі басым орыс халқына еліктеп, коммунистік ертегіге сендік. Орыс тілін өздерінен асыра сөйлеп, қолындағы арақ, шарапқа: «Маған да қарайлас!» – деп жармаса бергесін олар да: «Мыналар бізден де асқан орыс екен. Ендеше қазақ тілін үйреніп, несіне әуре боламыз?» – деп, бізге қолын бір сілтеді. Ол үшін бүгінде жарым көңіл, жартыкеш болып отыр. «Күні ертең қазақ Балтық бойындағы елдер сияқты «түгел біздің тілге көшесіңдер десе қайтеміз?!» – деп қыпылдайды. Есін жиып, елін тауып жатқандары қаншама. Қалғандарына: «Қайтсеңдер де қазақша сөйлейсіңдер, әйтпесе екі ара бұзылады» деп жер тоқпақтап отырған тағы біз жоқ. Біздің ойлағанымыз – құрып кете жаздаған ана тіліміздің жайы, қай ұлт екенін ұмытқан мәңгүрт қазақтарды қазақша сөйлетудің қамы.


***

Тағы да қайталап айтамыз: саны аз, сапасы жоғары, қалтасы қалың бұл кілегей мен қаймақ бұған дейін «сен тимесең, мен тимен, бадырақ көз» еді, енді көп қауымнан ілік-шатыс, одақ іздегендей. «Азамат соғысының алдындамыз» деп, ұлт дәстүрінде жоқ жаман ырым бастап, өз төбесіне өзі күл сеуіп отыр. Бұл қазақ тілді қалың ырғын топқа сес, ноқ көрсету, бірақ бұл шабуыл да емес, өз сферасын, қалың қазақ арасында жасап алған алақандай өз оазисін шырылдап аялай қорғау. Жұмыссыздық жайлай бастаған ауылдан қалаға ағылып келе бастаған ауыл жастарының алдына Ұлы Қытай қорғанындай тас қамал орнату. Бұл қаракеттерімен шовинистік топтардың қолтығына су бүркіп, шетел инвестициясы мен көмегін қорқытып-үркітіп отырғанын ұғып та отыр. Бірақ әркімнің өз мүддесі өзіне ыстық. Бұл, шынтуайтына келгенде, орыс пен қазақтың арасындағы қақтығыс емес, орыс тілді қала қазағы мен ана тіліндегі ауыл қазағының арасындағы көрінбейтін майдан… және де есіңізде болсын, кедей орыс тілді қазақтар емес, байып үлгерген орыс тілді қазақтардың қамын ойлап салынған алдын ала байбалам, жағылған от…Орыс кедейі мен қазақ кедейіне – қалың бұқараға бұл майданыңыздың бұты бес тиын, Карл Маркс айтқандай: «Пролетариаттың бұғаудан басқа жоғалтары жоқ».

***

Бізде жерінің құнары мен құйқалысын, өзен, көлін, желкілдеген құрағын басқаға беріп, өзі шөл мен шөлейтте күнсіп мал бағып жүрген көнбістік пен көнімпаздық бар, өзгенің ұлын өзіміздікінен артық көрген кеңпейілділігіміз де жоқ емес. Сөйте тұра, үстелді арақ пен шарапқа сықыстыра толтырып қоюды байлық пен шайлық деп түсінетін дарақылығымызды қайда қоярсың, соңғы баспағына дейін сатып, қыран жапқандай той жасап, ертеңінде қара нан мен қара шайға қарап қалатын шашпа-төкпелігімізді кімге мақтан еткендейміз? Бізде бәрі де бар – баяғы американдық үндістердің арзан жылтырақ темірге бола бүкіл бір аралын бере салатын әсіре қызыққыштығымыз бен еліккіштігіміз бастан асады: оны тағы дархандық пен кеңпейілділік деп ұғындыруға тырысамыз. Өз тілінен айнып, басқаның тіліне менікі деп жармасып, елге күлкі болғанымызды, мұны тағы асқан білімділік, басқадан ат мойыны озғандық деп ұқтырмақ болған нигилистігімізді кімге сатып өткіземіз? Оныңды тегін берсең ала ма? Бізде бәрі бар – далаң толы астық пен мал, жер асты қатпар-қатпар кеніш, сөйте тұрып, осы Қазақстанда Қожанасырдың бейітіндей қисайған жаман лашықта: «Е, Алла, осы бергеніңе де шүкір!» – деп күн кешіп жатырмыз. Бізде бәрі де жоқ – жер шұқып, көкөніс еккеннің орнына, дас­тархан басына тіс шұқып, бұ дүниедегі бар ісі бітіп кеткендей ән айтып, күй күйлеп, дүрілдейтінімізді айтпаңыз, ал, жер шұқығанды қазақтың көрін шұқып қазып жатқандай көріп тіксінетініміз бар…

***

Орыстілді ақ желке қазақтарға келсек, жақсы қазақты бізге кім берейін деп отыр, бұрын сай түбінде жылап қана ағып, суалуға айналған қазақ тілі көпе-көрнеу бұлқан-талқан тасқынға айналып бара жатқасын шошып кеткен шығар, «қара орыссың» деп құйрықтарына шала қоңырау іле бермей, «тентек баламызсың» деп бауырымызға тарталық, сәл-пәл мығым оқу мен ойда жоқат үйірілген аз-мұз байлық көтеріп жүрген шығар, өз үйірін айналып кеп, ақыры табар да, не бопты. Қотарылып көшіп кеп жатқан шетелдік туыстар ең әуелі қанымызды жаңартып, тілімізді түзеуге септігі тиіп, көп жоқтың бірінің орнын толтыратынын есте тұтайық та, құшақ жайып қарсы алайық. Ең бастысы, ұлт тамырына жегі құрт боп жүрген жікшілдігіміщ бен блатымызды – көп жамандықтың құжынаған ордасы бұл! – басқа шығара бермей, замана дауылы ұшырып әкете жаздаған ақ ордамыздың шаңырағын биік көтеріп, уық, керегелерін тігіп, үзігін тағып, бауларын бекем байласақ, ақ киізді сонсын айқара жабайық, жабайық та алдын мыңғырған малға, артын жайқалған егінге толтырып тастайық, ағайын!

***

Бір-бірімізге көз алартып, жоқ жерден азамат соғысын аңсап (империялар тұсынан қалған рудимент психология! – авт.), қазақ – орысқа, орыс – қазаққа, қазақ – қазаққа шоқпар ала жүгірсе, ол өз-өзімізді шоқпарлағанымыз! Саясаткерлер қателесіп кетсе, оның зардабын ең алдымен қара халық тартады. Жаңадан сайланған саясаткерлер шоғыры – Жоғарғы Кеңесіміз осыны ұмытпаса игі. Бұл күнде айшылық алыс жерді демде алатын хабардың, байланыстың дамығандығы сондай, Қазақстанда кетпеннің басын бассаң, оның сабы американдықтың маңдайына сарт етіп тиеді. Қазақстанның қара қазаны асылған ошақтың шегесін суыртпақтап суырмақ түгілі, сәл талтайыңқырап, «мынаусы басыбайлы менікі!» – деп өзімізге тартсақ – беті әрі! – қисайған қазанның ернеуінен төгілген ыстық сорпа аяққа төгіледі. Қазанның қақпағын әлсін-әлі ашып, демін көріп, тұз, бұрыш, пияз салғанның орнына, астына үңіліп, ілік іздеп, шоқ көсеп, тамызық қалаған арам ниет адамның аяғы түгілі, басына төгіледі әлгі ыстық сорпа. «Дәм атты», – дейді мұндайды қазақ. Қызықтың шыжығын сонда көреміз. Ол шыжық не десеңіз алыста емес, дәл қасыңызда – Таулы Қарабақ пен Грузия – Абхазия, Солтүстік Кавказ, Тәжікстан мен Молдова көңірсіген түтіні аспанға шығып, ыстық табада балықтай шыжғырылып жатыр. Ошақтың үш тағанын жармасып, тарбайтпақшы болып, солқылдатып тартып жүрген ұлтшыл, шовинист, мәңгүрт мырзалар мен ханымдарға қатаң ескерту бұл!


***

Есебі, бір кезде құл болсаң, өзгелер біздің бойдан ылғи да құлды көргісі келіп тұрады екен.

Көне сөзге сенсек, өзі құл болған: «Келешекте, әттең шіркін, құл иеленуші болсам!» – деп армандайтын көрінеді. Бұл ауру бізде жоқ емес, бар. Бірақ бұхара халықтың бойындағы ауру емес, ат төбеліндей ұлтшылдарымыз бен ескі номенклатура, коррупционер, мансапқорларымыздың бойындағы алапес. Бұған орыс түгілі өзіміз де қиналып отырмыз. Орыс пен қазақтың тәжікелесуінен пайда тауып жүрген қаңғымалар екі ұлтта да жетерлік. Аздың ауруын көпке таңбайық. Ондайлар Ресейдің өзінде де ырғын. Кадр жөнінен орыс ағайындардың қолын қаққанымыз рас, бірақ оны істеген – қазақ емес, қазақ мансапқорлары. Қазақ: «Менің тілімде неге сөйлемедің?» деп ешбір орыстың жағасынан алған емес. Алмайды да. Орыс ағайын ауса, пана болатын Ресей бар. Қазақтың басқа жері, тілі жоқ. Сондықтан да жері, тілі үшін жаны пида!


***

Ұлтшылдар күш алса, не болатынына Кавказ дәлел. Диаспора дандайсыса, Босния – Сербия мысалы көз алдыда тұр. Мұны Қазақстанның бас ұлттары болып отырған қазақ та, орыс та ұққаны жөн. Қара халық мұны біздерден гөрі бұрын ұғып үлгерген. Анау ашаршылық жылдары қазақ атаулы баудай түсіп, қырыла бастағанда, орыстың Ефим деген шалы көлге ау салып, балық аулап, бір ауылдағы тәмәм қазақты ажалдан алып қалғанын Зайсан көлі қазақтары әлі күнге дейін жыр етіп айтады. Өткеннен құбыжық жасамай, бүгіннен сәулетті сурет салу керек. Мынау отырған өзбектер «өз ағаң» дегенді өзіннен артық көріп, төбесіне көтереді. Мәселен, өзбек бояуын әлемге паш еткен қазақ Ораз Таңсықбаевтың атына көше, даңғылды былай қойып, бүтіндей маққаланы (квартал) беріп тастады. Бұ да – бізге бір тәмсіл.

***

Оның үстіне алып дала, арғымақ ат пен алкеуде аңқаулыққа, сал-серілікке негізделген рухани дүниемізді ХХ ғасыр өркениеті жанын шығарып тұрып жаншыды. Және де бұл темір-терсек заманға біз ең соңы боп іліктік. Шығыстың жеті жұлдызына Абай сегізінші болып қосылғаны осы міне. Ал Еуропадан сусындаған Шоқан, топырағымыз табанын тартып тұрса да, біздің мәдениеттің сол кездегі қисындарына, шынын айту керек, қиғаштау ерекше тұлға. Біз мадақтайтын бес арыс пен алыптар тас қайната бастағанда, өзге елдердің сол деңгейдегі марқасқалары бұл кезде көрде-тін. Қалғанымыз кеңестік қара нанға мелдектеп тойғанға мәз болып, соның тоғымен, буымен өз-өзімізді, неге екені белгісіз, зиялы екеміз дедік. Әлі де болса – кәрия тарихтың қазақты қытықтап ойнаған зілді әзілдерінің бірі.

Осы мең-зең мастықтан ұлтымыз әлі де айықпай, беліміз шойырылып, жатқан жерімізден үйелеп тұра алмай жатырмыз. Кеңес тұсында мұны: «Іс бітті, мәдениетіміз әлем деңгейіне жетті, енді ішіс, жес керек» деп түсіндірдік. Он шақты жыл бұрын шаң берген жаңа заман бізге, керісінше, «Түйе теуіп, ішің кеуіп, жолда жатырсың!» – деп анық айтты. Және, сорымызға қарай, онысы рас та.

***

Ең жаманы – сақалды көрінген жерде сапситып, саудаға салатын болдық. Өлер алдында жиырмаға жуық ақын-жазушыға батасын беріп кеткен ұлы Мұхаңның қадірлі сақалы ұмыт. Біздің кейінгі қазақы сақал – кеңес заманында өскен, кеңес қайшысымен күзеліп, түзелген сақалдар. Колбиннің тұсында қырық түрленіп, құлпырған олардың біразы бүгінде: «Өкшемізді басып, жас толқын келе жатыр-ау, олардың халі мына аумалы-төкпелі заманда не болады-ау?» – дегенді естен шығарған, ойлағандары – алып қалу, қарпып қалу. Әдебиетке алты жасар талант келсе, баяғыдай алпыс жасына қарамастан орнынан тұрып, сәлем беру қайда, қазір: «Ой, мына біреу рұхсатсыз қайдан кіріп келді? Кәпірдің түрінің жаманын-ай!» деп, қарадай үркіп, көпе-көрінеу жасқаймыз. Қасымыздағы өз бала, інімізден қас іздеп тұрамыз. Оларға салсаң, қолға құман алып, иыққа сүлгі іліп, өмірбақи қызмет етіп тұруға тиістісің. Яғни феодализм, кеңестік құлдықтың жалғасы. Қазақтың ақсақалы – оның зиялысы еді. Талантқа тар, халтуршикке кеңбіз. Жалпы, бір ұйықтасақ Алпамыстай қатты кететін халық екенбіз. Кеңестік летаргия әбден меңдеп алыпты. «Ұлт» деген кішкене ғана күркешік жасап алып, соның ішінде «сәби болғым келеді, сәби болғым» деп әндетіп қойып, бесіктен беліміз шықпай жата бергіміз бар. Қарттарымызда қадір, жастарымызда жалын қалмай барады.

***

Сонымен, әпкем – ешкі, жездем – теке ме? Негізінен, зиялы – қазақ топырағынан бастап, әлем мәдениетін толық меңгерген, өз ұлтына жөн сілтейтін, асып жатса, өзге ұлыстарға да үлгі болатын, қара халық пен болашақтағы аристократияны жалғастырушы алтын көпір тұлға. Орыс тілдіміздің басқа жарағы сай болса да, өз ұлтын білмейді. Қазақ тілдіміз өзін білсе де, өзгеден хабары аз. Екеуі де жарым жанды, жарты санды, жартыкеш. Екеуінің де қарны аш. Сондықтан қомағай. «Біз бармыз!» деп өзімізді өзіміз алдамайық. Бар секілдіміз… «Секілді» – лерден тәлім-тәрбие алған қазақ баласы қазір көшеде сауда жасап, реті келсе кісі тонап жүр. Келешек – күңгірт. Қазанның қақпағындай диплом мен интеллектілікті шатыстырып алдық. Ұлтқа бас болу үшін алдымен өзіңе қарау керек.

***

Айт, айтпа, біздің қоғам бүгінгі күні сау мен аурудың арасында есі кіресілі-шығасылы төсек тартып жатыр – жоғарыда айтқандар соның дәлелі. Және бұл деректер аспанмен таласқан айсбергтің – қоғамдағы ішмерез аурулардың мұхит бетіндегі оннан бір бөлегі ғана. Ол дертке нендей дауа тауып, тұрмысты қайтып түзейміз, төніп келе жатқан жамандықтардың алдын қалай аламыз, бұл туралы бас ауыртып, бармақ майыстырып, қаза жазып жүрген ұлт журналистері аз ба, көп пе? Жоққа тән. Біз, қазақ баспасөзі басқадай да толып жатқан жоқ-жітігімізді былай қойғанда, коррупцияға белшесінен батқан бастықтарды, шенеуніктерді іздеп жүріп, әшкерелемек түгілі, прокуратура тексеріп, сот үкімін шығарып қойған істерді қинала-қинала жариялаймыз – ылғи да оқиға соңында итпектеп жүреміз.

***

Ғасырлар бойы жеке түтін түтетіп, өз алдымызға қазан-ошақ көтеруді аңсарымыз ауа армандап ек, ақыры құдай жолымызды оңғарып, оңтайынан түсіп, ол тілек орындалды. Енді ары қарай қалай адам боламыз, қалай күн көреміз? Былай қарасаң, бас қатыратын дәнеңе жоқ. Шүкір, ешкімге қол жаймаймыз, ешкімнен қарызға жер сұрамаймыз, ұлан-байтақ даланың асты да, үсті де, еңкейіп ала білсең, еңбектеніп өсіре білсең, телегей теңіз қазына, байлық. Ең бастысы, ел іргесі аман, жұрт тыныш. Ендеше ай, күннің аманында бұл не қорқыныш, не күдік? Оған бір емес, бірнеше себеп табылады. Ел азып, жер тозып барады. Десек те, бұл әлемнің бас ауруы. Ал есікті шалқасынан ашып тастап, тебініп кірген удай қымбатшылықты, қысқасы, нарықтық экономиканы қайда қоясыз? Иә, ескілер айтпақтайын, «Бәрін де кадр шешеді»… Бұл бізді әлдеқашаннан шаңына көміп кеткен Батыс елдері мен Қарт Азияның Оңтүстік Корея, Тайвань, Сингапур, Малайзия тәрізді «жас жолбарыстарының» да отыз жылдан бергі ұлттық ұраны. Етекті қымтап, қамшы мен құрықты қымқыра ұстайтын сергек те сақ, мазасыз уақыт жетті.

***

Қазіргі «қара орыстар» орыс болудан, қазақтар тым қарабайыр қазақ болудан ғасыр аяғына таман өздері де жалыға бастайтын шығар деген үміттеміз. Ол көнбістіктің тәуір баламасы жоқ екенін, екеуі де қазақтың арық арқасына тақ етіп тиер жуан таяқтың екі басы екенін өмір көрсетіп отыр. Дала менікі екен деп, Пржевальскийдің жылқысымен етектің ашылған-жабылғанын білмей бәйгелете беруден бірдеңе шықса, оның да түбін түсірдік қой. Қазекем қиын заманда көз жазып қап, айдалада қаңғып жүрген соңғы тұлпарымыздың жерге сүйретілген қыл шылбырын келешекте кім ұстайды? Әрине, бүгінде шалғай түкпір-түкпірде, құм мен шөл далада қаптап ашылып жатқан қазақ мектептерінің қабырғасында талмай оқып-тоқып жүрген қарадомалақтар. Батыс пен шығыстың нәрлі емшегіне мойнын қаншама ғасыр созса да, жеткізе алмай ындыны кепкен қазекем сонда грек мифологиясындағы адам басты, жылқы денелі әйгілі кентаврға айналып, өз топырағымызда туған жаңа Геракл, Алпамыстарды да тәрбиелеп шығар. Арыстандай ақырып, атандай бақырып, аруақты шақыратын заман жаңа туды. Дәл қасымыздан күлдір-күлдір кісінеп, ауыздығын шайнап, парылдай ағып, келешекке кетіп бара жатқан құшақ құйрық сәйгүліктердің жібек жалынан бір талын үзіп, өзімізге ырымдап алып қалайық, сонсоң керек кезінде, ертегілерде айтқандай, шырпы тигізіп, елесі көгімізді кезіп жүрген Тайбурыл тұлпарды өзімізге құр-құрлап шақырайық.

***

Жер көп, халық аз. Аз халықтың өзі қырық құрау. Яғни бір ұяда ондаған балапан шиқылдап отыр. Жетім балапандар! Шөже кезінде тарих көкек өзге ұядан алып кеп, тас­тап кетіпті. Қазақтан басқасын. Тағдырдың бізбен ойнаған ең зілді әзілі осы. Жетім қазақ аз болғандай, орыс, неміс, украин, қысқасы, ірілі-ұсақты жүз шақты ұлт тарихтан таяқ жепті. Қазағы екі – қазақ, орыс тілінде, өзгесі жиылып орыс, өз тілінде сөйлейді. Кең дүниені қусырып, тар еткен тарихи дамудың дегені осы. Қанаттары қатайғаны өз ұяларына ұшып кетіп те жатыр. Қалғандарымен тату-тәтті, ынтымақты тұрыс керек. Ең алдымен қазақ үшін. Құдай басқа бермесін, бір-бірімізбен шоқысып-тебісіп кеп кетсек, «Қазақстан» атты ұя әлем бәйтерегінен жерге құлап түсуі әбден ықтимал. Басқалардың бұдан ештеңесі кетпейді, негізгі ұяларына самғап кете барады. Құритыны – тағы қазақ!

Ендеше барлық балапандардың ынты­мағы керек. Әйтсе де, әр ұлттың, әр тілдің өз мүддесі бар. Жүз мүддені бір ұяға сиыстыра білу керек – біз таңдайтын басқа жол жоқ. Бүлік шыққан елді ешкім сыйламайды. Сиыстыруға да болады. Қытай, Үнді, Швейцария, АҚШ, Бельгия секілді ондаған елдер халқы түрлі-түрлі тілде сөйлегенмен, бір қазан-ошақтың отын жағып отыр. Ошақтағы отты шашып, үйін өртеп жатқандар да бар. Біз тату-тәттілікті қалаймыз. Бірақ оған ұйытқы болатындай, бәрімізге ортақ темірқазық қағида болу керек қой.

Оны да адамзат бізден бұрын ойлап тауып қойған. Сынап көріп, дұрыс деген. ОЛ – ОТАН СҮЙГІШТІК, ПАТРИОТТЫҚ СЕЗІМ!

Гүлзина БЕКТАС

  

Серіктес жаңалықтары