824
ШҚО-да Абай Құнанбайұлына арналған ескерткіш қойылды
ШҚО-да Абай Құнанбайұлына арналған ескерткіш қойылды
Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданында Шәкәрім Құдайбердіұлының 160 жылдығы және Абай ауданының 90 жылдық мерейтойы аталып өтілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Биыл «Ұлылар мекені» атанған киелі жер - Абай ауданының құрылғанына 90 жыл. Осыған орай, Абайға аудан орталығынан қоладан ескерткіш орнатылды. Бұған аудан жұртшылығы, ауданда туып-өскен белгілі азаматтар мен жеке кәсіпкерлер демеушілік жасаған. Ал айналасын абаттандыру жұмыстарына қаражат жергілікті бюджеттен бөлінген. Ұлы Абай ескерткішін, бейнесін қоладан сомдап шыққан кәсіби мүсінші, абайлық Нұрбол Қалиев. Биіктігі 4 метр 60 см болатын ескерткішке мүсінші жарты жылын жұмсаған екен.
«Абай Құнанбайұлының заманауи ескерткіші ауданның ажарын арттырып, сәулетіне сән беретін, рухани күш сыйлайтын көрнекті орынға айналатынына сеніміміз мол», - деді облыс әкімі Даниал Ахметов.
Мереке барысында тойға қатысушы қонақтар аудан орталығындағы Шәкәрім ескерткішіне тағзым етіп, гүл шоқтарын қою рәсімі өтті. Шәкәрім шығармалары мен әндері насихаталды. Содан кейін аудан орталығындағы кітапханада жазушы Медеу Сәрсекенің «Абай әлемі» сериясымен жарық көрген көптомдық кітабының тұсауы кесілді. Өз кезегінде жазушы бастамаға қолдау білдіргені үшін облыс әіміне алғысын білдірді.
Аудан мерейтойына орай жүзу бассейні ашылды. Облыс әкімі Даниал Ахметовтың тікелей қолдауымен ашылған бассейн қарапайым ауыл балаларын қолдау, спорттың жаңа түрлерін дамыту мақсатында жасалған жұмыстардың нәтижесі. Заман талабына сай салынған спорттық нысан күніне 40 адам қамтымақ. Бес жолақты бассейннің ұзындығы - 25 метр,ені - 8,5 метр, тереңдігі -1,30-1,80 метр.