654
БҰҰ-ға сыйланған оюлы тұғыр
БҰҰ-ға сыйланған оюлы тұғыр
Сонымен, былтыр Қазақстан мемлекетін төрткүл дүниеге танытқан БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесіндегі жұмысын еліміз сәтті қорытындылады. Осыған орай, Біріккен Ұлттар Ұйымының штаб-пәтерінде Қазақстанның БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілдігі 2019-2020 жылдарға БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне сайланған елдердің ұлттық туларын орнату ресми рәсімін өткізді.
Өз миссиясын нәтижелі аяқтаған Боливия, Қазақстан, Нидерландтар Швеция және Эфиопияның орнына БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің жаңа тұрақты емес мүшелері ретінде Бельгия, Германия, Доминикан Республикасы, Индонезия және Оңтүстік Африка келді. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне жаңа тұрақты емес мүшелердің қосылуының салтанатты рәсімі БҰҰ тарихында тұңғыш рет Қазақстанның бастамасымен 2018 жылдың қаңтарында оның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде төрағалығы кезінде өткізілді. БҰҰ-ға мүше мемлекеттер осы жаңа енгізілімді Қазақстанның «жарқын жеке карточкасы» деп атады. Қауіпсіздік Кеңесінің залы алдындағы баспасөз қабырғасының жанында БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі тұрақты емес мүшелерінің туларын ауыстыруы техникалық рәсімі болды. Жаңа дәстүрді енгізуімен бұл рәсім БҰҰ-ға мүше мемлекеттердің және әлемнің жетекші бұқаралық ақпарат құралдарының Біріккен Ұлттар Ұйымы жанында аккредиттелген өкілдерінің кеңінен қатысуымен ресми іс-шараға айналды.
«Бұл салтанатты іс-шараның мақсаты – БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің жаңа мүшелерін тану мен құрмет көрсету. Кеңестің барлық 15 мүшесі бұл рәсім БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің жыл сайынғы дәстүріне айналатындығын бірауыздан растады», – деген ҚР БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілі Қайрат Омаров іс-шараның маңыздылығын және оған назар аударылғанын ескеріп, Қазақстан болашақта осындай дәстүрді жалғастыруға ниетті екенін жеткізді. Ол БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің жаңа тұрақты емес мүшелеріне бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге жауапты БҰҰ негізгі органының жұмысына сәттілік тілеп, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің құрамында болуы әрбір мемлекет үшін бірегей мүмкіндік және құрмет екенін баса айтты. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі мен оның мүшелерінің жұмысын аса құрметтеудің белгісі ретінде Қазақстанның Тұрақты өкілдігі БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі мүшелерінің тулары үшін Қазақстанда жасалған және ұлттық оюлармен безендірілген арнайы тұғыр сыйлады. Осылайша, Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде екі жылдық жұмысын 2018 жылғы 31 желтоқсанда аяқтады.