303
Виза электронды болады
Виза электронды болады
Қазақстан Республикасында 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап шетелдіктерге бір мәртелі визаны электрондық форматта алу рәсімі енгізілді. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, электрондық виза (іскерлік, туристік және емделу үшін) Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің көші-қон қызметі бөлімшелерінде белгіленген тәртіппен рәсімделген қазақстандық тараптың шақыруы негізінде беріледі.
Шетелдіктер жарамды электрондық визамен тек Астана және Алматы қалаларындағы халықаралық әуежайлардың бақылау пункттері арқылы Қазақстан Республикасының аумағына кіріп-шығады. Туристік электрондық визалар 117 елдің, іскерлік және емделу үшін – 23 елдің азаматтарына беріледі.
Электрондық виза тек визаны алушы үшін ғана жарамды және онымен бірге жүрген тұлғаларға қолданылмайды. Төленген консулдық алымдар қайтарылмайды. Виза алушының ұсынған паспорты келесі өлшемдерге сай келуі тиіс: 1) түпнұсқалығына және иесінікі екендігіне күмән келтірмеуге, ұзартулар, белгілер, ескертпелер, жазбалар, өшірулер мен түзетулер, жыртылған немесе тігілген беттері болмауы тиіс; 2) кемінде 2 таза бет болуы тиіс; 3) қолданылу мерзімі сұратылған визаның қолданылу мерзімінің аяқталу күнінен бастап 3 айдан бұрын аяқталмауы тиіс. Қабылдаушы тұлғалар келіп-кетушілер туралы көші-қон қызметі органдарына олар келген күннен бастап үш жұмыс күні ішінде хабарлайды (аталған қызмет онлайн режимде Визалық және көші-қон порталында қолжетімді).
Электрондық визаны рәсімдеу алгоритмі – электрондық визаны алу үшін Визалық және көші-қон порталында тіркелу (www.vmp.kz); – тіркелуден кейін электрондық визаны алу талаптарымен танысу; – шақыру нөмірін енгізу (Қазақстан Республикасындағы шақырушы тараппен жіберіледі) және визалық сауалнаманы толтыру; – консулдық алымды төлеу; – электрондық визаны басып шығару (виза жеке кабинетте қалыптасады және сауалнаманы толтырған кезде берілген электрондық поштаға жіберіледі); – Астана және Алматы қалаларындағы халықаралық әуежайларында паспорттық бақылаудан өту кезінде басып шығарған электрондық визаны ұсыну қажет.