375
Жансая Әбдімәлік әлемдік рейтингте көш бастап тұр
Жансая Әбдімәлік әлемдік рейтингте көш бастап тұр
Жансая Әбдімәлік шахматтың барлық түрінен 20 жасқа дейінгілер арасында әлем рейтингінде көш бастады. Бұған дейін бірде-бір қазақстандық шахматшы бұл биікке көтеріле алмаған, деп хабарлайды ҚазАқпарат Қазақстан Шахмат федерациясына сілтеме жасап.
Әлем чемпионатында Динара Сәдуақасова мен Жансая Әбдімәлік бір-бірімен шахмат ойнады. «Қызым - менің мақтанышым. Ол үнемі еңбектенеді, шеберлігін тынымсыз жетілдіріп отырады. Осынау тарихи көрсеткіш - оның қыруар еңбегінің жемісі», - дейді спортшының әкесі Данияр Әшіров. Жансая кішкентай күнінен шахмат ойнайды, 14 жасында Қазақстанның ең жас гроссмейстері атанды. Қазір он сегізге толған бойжеткеннің қоржыны республикалық және халықаралық турнирлердің жүлделерімен толған. «Мен үнемі ойынға барымды салуға тырысамын. Осы күнге жеткізген ата-анамның, бапкерлерімнің алдында борыштымын. Иә, бұл - жақсы нәтиже, бірақ тоқмейілсуге болмайды. Мен үшін ең бастысы - күн сайын кешегіге қарағанда жақсырақ ойнау», - дейді жас спортшы. 2018 жылдың қарашасында ересектер арасындағы әлем чемпионатында дебютін тойлаған Жансая Қазақстан шахматы тарихында ширек финалға шыққан алғашқы спортшы болды. Ал желтоқсан айында рапид және блиц бойынша өткен әлем чемпионатында әйелдер арасында жылдам шахматтан 6-орынды иеленді.