273
1439 байланыс орталығы жұмыс істейді
1439 байланыс орталығы жұмыс істейді
Бүгінде 2019 жылға арналған тегін берілетін дәрі-дәрмектердің 90% сатып алынды. Бұл туралы «СК-Фармация» ЖШС басқармасы төрағасының міндетін атқарушы Берік Шәріп айтты.
«Үстіміздегі жылға арналған дәрілік препараттардың 90% сатып алынып, бүгінде еліміз бойынша қоймаларға жеткізу жұмыстары жүргізілуде. Келесі аптадан бастап дәрілер емханаларға түсе бастайды. Биыл жалпы сомасы 23 млрд теңгеге есептелген дәрі-дәрмек алынды. Сондықтан тегін дәрі бойынша тапшылық мәселесі болмайды, бастысы оның дұрыс жеткізілуі», - деді Берік Шәріп ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында. Оның айтуынша, 2019 жылы тегін қамтамасыз ету үшін сатып алынған дәрі-дәрмектің тізімі 1144 құрайды. Оның ішінде, 45 ауру түрі бойынша диспансерлік есепте тұрған пациенттердің еміне 421 дәрі-дәрмек белгіленді. Одан бөлек, Б.Шәріп халықты тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету қатаң бақылауға алынатынын атап айтты. «Халықты тегін дәрілермен қамтамасыз ету бойынша 1439 байланыс орталығы жұмыс істейді. Ол арқылы кез-келген азамат дәрі-дәрмекті жеткізу мерзімі, көлемі және жоспарланған күні туралы ақпаратты біле алады. Сол сияқты SMS жүйесі бар, ол арқылы пациент тиісті дәріні уақытында алған немесе алмағаны туралы ақпарат бере алады», - деді ол. Бұған дейін, елімізде дәрі-дәрмек бағасының қалай реттелетіні туралы хабарлаған болатынбыз.