695
Садақаның сыртында «айыппұл» бар
Садақаның сыртында «айыппұл» бар
Кейде жүзі таныс қайыршыны базардың жанынан, бірде мешіттің маңайынан көресіз. Оларға жанашырлық сезім танытып, қалтасындағы ұсақ-түйек тиынын тастайтындар аз емес. Өткен жылдың соңында Мәжіліс депутаты Шәкір Хахазов үкімет басшысына жолдаған сауалында қайыршылар мәселесін көтерді.
Депутаттың айтуынша, бұл өзекті мәселе. «Өйткені 2015 жылы әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске қайыршылық үшін айыппұл түріндегі жазаны көздейтін түзетулер енгізілген болатын. Жаңа кодекс қабылданған кезден бері төрт жылдай уақыт өтсе де, біз заңнамалық түзетудің ешкімге әсері болмағанын нақты айта аламыз. Оның үстіне, кейбір жұмсартылған талаптың арқасында қайыршылық белең алып кетті. Мәселен, Елорданың оң жағалауында ересектер мен балалар – көршілес елдерден келген көшіп-қонушылар да, еліміздің азаматтары да қайыр сұрап жүреді. Мүгедектер арбасындағы адамдарды «қайыр сұрау нүктелеріне» әкеліп, «жұмыс істеуге», «ақша табуға» отырғызып қоятын адамдар бар. Оларды күнде кешке қарай сол адамдары тапқан ақшасымен бірге алып кетеді. Олар – қайыр сұрау арқылы «бизнес» жасап жүрген топ. Құқық қорғау мекемелері мұндай деректердің жолын кесуі тиіс», – дейді депутат.
Қайыршыны қалай жазалай аламыз? Онсыз да қайыр сұрап жүрген адамға айыппұл салуға бола ма? Олар жалқаулық, масылдық көзқарас, қоғамның белсенді мүшесі болуға деген ынтаның болмауы салдарынан осындай күйге түскен. Бұл тұрғыда депутат Шәкір Хахазов: «Сондықтан жүрегі жұмсақ, қайырымды азаматтар оларға садақа беріп, үлкен қателік жасайды. Бұл – арамтамақтықты одан сайын өршітетін жағдай. Біздің берген садақамыз оларды тура жолдан тайдырады. Еңбек етуге деген талпынысын жояды. Бұл түйткілді шешу үшін шет елдердің тәжірибесін алған жөн. Ол жақта қайыршыларға емес, оларға садақа беретіндерге айыппұл салынады» дегенді айтады.