502
ШАЯХМЕТОВТЕН ШӘМШИДИНОВАҒА ДЕЙІН...
ШАЯХМЕТОВТЕН ШӘМШИДИНОВАҒА ДЕЙІН...
Білім және ғылым саласы әлі күнге реформадан көз ашқан емес. Неге екенін қайдам, осы салаға келген басшы алдыңғысы қолға алған реформаны жалғастыруға бейіл емес. Бәлкім, министр ретінде жаңалық енгізбесе, өзін жайсыз сезіне ме, әлде талап сондай ма, әйтеуір бұрынғының бәрін жоққа шығаруға құмар.
Тәуелсіздік алған 27 жылда білім саласын 15 министр басқарыпты. Олардың қазақ білімі мен ғылымының тасын өрге домалату үшін қаншалықты тер төккені жұрттың есінде. Атап айтқанда, 1988 жылдан Қазақстан Республикасындағы бірнеше министрліктер біріккенде, Шайсұлтан Шаяхметов Қазақстан Білім министрі болып сайланды. Бұл аумалы-төкпелі кезең еді. Ол Қазақстандағы білім мен ғылым туралы заңдарды дайындап, оқу жүйесіндегі реформаларды сәтті бастады. Министрлікте сол жылдары Елбасының тікелей нұсқауымен мемлекеттік деңгейдегі қаншама жаңа ойлар, талай тың идеялар, қыруар игі бастамалар жүзеге асып жатты. Әсіресе, бұрынғы одақтық бұғаудан ажырап, егемен ел болған сәттегі жалпы білім саласына байланысты сан алуан заңнамалық-құқықтық актілерді, бағдарламалық-нормативтік құжаттарды, білім мен тәрбие берудің әр саласы үшін оқу-білім тұжырымдамалары мен стандарттарын, оқу жоспарлары мен бағдарламаларын жасау, дербес жас мемлекеттің оқу-тәрбие жүйесі дамуының стратегиялық бағыттарын белгілеу, жоғары оқу орындары жұмысын тәуелсіздік талаптарына сай қайта құру, әлемнің әр түкпіріне тарыдай шашылған қандастарымыздың балаларын ата жұртқа оқуға тарту, мемлекеттік тіл мәртебесін көтеруге байланысты ана тілі мен әдебиеті мұғалімдерін екі жылда жеделдете даярлау, аудармашы, іс қағаздарын жүргізу мамандықтарын, қазақ тілін үйрену орталықтарын ашу, Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың тапсырмасымен «Болашақ» бағдарламасын жасап жолға қою, білімді бағалаудың тестік жүйесіне көшу, еліміз мектептерін жаппай компьютерлендіру, т.б. талай-талай жұмыстарды атқару тәуелсіздік тұсындағы тұңғыш Білім министрі Ш.Шаяхметұлының тікелей еншісінде болды. Бұл асқаралы міндеттерді Шаяхметұлы үлкен абыроймен атқарып, елдің оқу-білім жүйесін жаңа жолға салып, бағыттап берді деп айта аламыз. Сондай күрделі кезеңде министр жалпы білім беретін орта мектептерге арналған төл оқулықтар мен өзіміздің ұлттық сипаттағы оқу құралдарын тездетіп даярлау жұмысын да оңтайлы шешті. Айталық, өткен ғасырдың 20-жылдарындағы ұлттың рухани көсемі болған Ахаңның (Ахмет Байтұрсынұлы) үлгісімен барлық интеллектуалдық мүмкіндіктерді іске қосып, жалпы зиялы қауымды осынау жауапты жұмысқа жұмылдырды. Тағы бір айта кетерлігі, Шаяхметов білім саласында ұзақ отырған басшы.
1990 жылдары білім-ғылым да басқа салалар сияқты тоқырау кезеңін бастан кешірді. Мұғалімдер мен оқытушы-ғалымдар жаппай білім беру мекемелерін тастап, жұмыс орнын базарға ауыстырды.
Ал саланы 1993 жылы тізгіндеген Ережеп Мәмбетқазиев Елбасының тапсырмасына сәйкес бес облыс орталығында – Павлодар, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Талдықорған, Атырауда өңірлік университеттер ашуға атсалысты.
Ол бір сұхбатында сол кезді былайша сипаттайды. «Иә, талай қиындық келтірген сәттер бастан өтті. Тіпті, мұғалімге жалақы, студентке шәкіртақы төлей алмаған кездер болды. Сол кезде Елбасының да, министрдің де, жергілікті атқарушы биліктің де жұмысы аса ауыр болатын. Дегенмен, білім саласы ешқашан мемлекет, Елбасы қамқорлығынан тыс қалып көрген емес. Ал қазір білім беру жаңа жүйеге көшіп жатыр. Әлі де жетпей жатқан тұстар жетерлік. Әркім өзінің жаңалығын жасап, оны оқу бағдарламасына бірден енгізіп жатады. Біріншіден, жасалып жатқан реформаларға жүйелілік керек сияқты. Бұл лауазымға келген адамдар міндетті түрде өз ісінің кәсіби білгірі болуы керек. Бүкіл елдің ұрпағын тәрбиелеп, елге білім беру жауапкершілігін мойнына алып отырғандықтан, жаңа бастамаларды қолға алмас бұрын, оның жүзеге асыру механизмдерін бүге-шігесіне дейін алдын ала ойластырып алу қажет» депті.
1995-1997 жылдары министр болған Мұрат Жұрыновтың ел есінде қандай ісімен есте қалғаны белгісіз.
Осы саланың басы-қасында жүрген мамандардың айтуынша, кандидаттық және докторлық диссертацияны шенеуніктер қорғады. Сондай-ақ, жоғары оқу орындарын сапасына қарамастан, университеттер мен академияға ауыстырды. Бұдан өзге оқу орындарында заңгерлер мен экономист мамандар көптеп дайындала бастады. Және 3 айда оқулық жазу да осы министрдің кезінде басталған көрінеді.
1997 жылы білімді мәдениет пен денсаулық сақтау саласымен біріктірді. Бұл тұста оның тізгінін Иманғали Тасмағамбетов ұстады.
Алайда бұл ведомство көпке бармады. Оның «Сіздер оқу орнының педагогикалық бағытын сақтап қалудың маңызын ескерулеріңіз қажет. Егер де заң және экономика сияқты жаңа танымал мамандықтарды енгізуге ұмтылатын болсаңыздар, өздеріңіз басшылық етіп отырған оқу ордасының негізгі орнын жоғалтып аласыздар. Өйткені, кез келген кәсіптің негізі ұстаз саналады» деген пікірі көптің көңілінен шыққан. Екі жылдан кейін одан мәдениетті бөліп, орнына спортты қосты. Қырымбек Көшербаев басқарып тұрған 1999 жылдың соңында ведомство Білім және ғылым министрі болып атала бастады.
Ал 1997-2000 желтоқсанына дейін министр қызметін атқарған Қырымбек Көшербаев салаға айтарлықтай жаңалық енгізбесе де, өзіне дейінгі реформаларды жүзеге асыруға еңбек еткен. Бір өкініштісі, мектептегі үйірмелер осы министрдің тұсында жабылып қалған көрінеді. Сондықтан да Көшербаевтың: «Әр министр білім саласына жаңа реформа жасамай, өзіне дейінгі жасалған жұмысты жалғастыра отырып, бұл саладағы жүйелі жұмысты қамтамасыз ету керек» деуі бекер емес.
Тек 2000-2004 жылдар аралығында ғана төртінші министр басқарып тұрғанда төрт бағдарлама қабылданған. Қ.Көшербаев 2000 жылдың қараша айының аяғында «2005 жылға дейінгі білім беруді дамыту туралы» бағдарламасын ұсынды.
Бір қызығы, 1999-2000 жылдары министр болған Владимир Школьник туралы дерек жоқтың қасы.
Оның аты білім саласынан гөрі, мұнай-газ төңірегінен жиі естіледі. Соған қарағанда бір жылда аса ештеңе тындырмаған секілді.
Н.Бектұрғанов 2001 жылы «2010 жылға дейінгі білім беруді дамыту стратегиясын» жасаған. Осы мақсаттарды жүзеге асыру үшін, 126 құжат пен арнайы бағдарламалар дайындалыпты. Мәселен, тек 2000-2004 жылдар аралығында 4 министр 4 бағдарлама қабылдаған.
2002-2003 жылдары министр болған Шәмшә Беркімбаеваның атына сын көп айтылмайды.
Ол 2003 жылы «Ауыл мектебі» бағдарламасын енгізіп, көптің алғысына бөленді. Қазақтың парасатты қызы Шәмшә Көпбайқызы өзінің өнегелі өмірінде екі мәселеге қатты көңіл бөлді. Ол біріншіден, ана тілінің тағдыры, екіншіден, қазақ мектебінің тағдыры. Мемлекетіміздің халықаралық беделінің өсу алғышарттарының бірі – мемлекеттік тілінің қай салада да салтанат құруын қатты қадағалаған ұлтшыл ұстаз қайда еңбек етсе де, ана тілінің абыройын алға қойды.
Іле-шала 2004 жылы Жақсыбек Құлекеев «2015 жылға дейінгі білім беруді дамыту» тұжырымдамасын қабылдады.
Соның ішінде Ш.Беркімбаева мен Ж.Құлекеевтің еңбегін ерекше бағалайтын жұрт көп. Себебі бірі ауыл мектептерінің болашағына алаңдаса, екіншісі мемлекеттік гранттың үлесін 60х40 етіп, қаракөздердің тегін білім алуына мүмкіндік жасаған еді. Бір өкініштісі, бұл үлес кейінгі министрлердің тұсында өзгере қойған жоқ. Құлекеевтiң тағы бiр қолға алған бастамасы өзге тiлдi мектептерде мемлекеттiк тiлде оқытылатын пәндердiң санын көбейту болды. Өкiнiшке қарай, ол бұл бастамасын аяқсыз қалдырды. Бiлiм министрлерiнiң iшiндегi реформаторы деген атаққа ие болған оның тұжырымдамасын сынаушылар қолға алған ісін аяқтауға мүмкіндік бермеді. Білім жүйесіндегі атышулы реформа ұлттық бірыңғай тестілеу жобасын 2004 жылы Жақсыбек Құлекеев іске асырды. Шын мәнінде, сынақтың бұл түрін енгізу 1993 жылы сөз болса, араға он жыл салып жүзеге асқанын айта кеткен жөн.
Сондай-ақ, 2004-2007 жылдың 8 қаңтарына дейін білім саласын басқарған Бiрғаным Әйтiмованың iстеген iстерiн санамаласақ, есте қаларлық көп ештеңе жоқ секiлдi.
Бiлiм саласында қолға алған ең басты реформасы Жақсыбек Құлекеев енгiзген ұлттық бiрыңғай тестiлеудiң жаңа әдiсiн ойлап табуы. Ол ҰБТ-дағы «Қазақстан тарихы» пәнiне шүйлiктi, сондай-ақ, келесi жылдан бiлiм деңгейiн анықтайтын пән саны 4-еу емес, 6-ау болатындығын жария еттi. Соңында, талапкерлердiң бiлiмiн анықтау үшiн қазiргi ҰБТ-ның жүйесiн өзгертетiндiгiн мәлiмдедi. Демек, еуропалық бiлiм стандарттары бойынша дүниеге келген ұлттық бiрыңғай тестiлеу Әйтiмоваға ұнамаса да, жаңа бастама енгiзе алмады. Ол ұлттық бiлiм берудi енгiзуге, соның iшiнде өзгетiлдi мектептерде мемлекеттiк тiлдi үйретуге құлықсыздық танытты. Сол кездегі депутаттар Мұхтар Шаханов, Амангелдi Айталы сияқты тіл жанашырлары ұсынған Бiлiм туралы заң жобасын қолдамады. Яғни, министрлік мектеп түлектерi Ұлттық бiрыңғай тестiлеуде (қай мектептi бiтiргенiне қарамастан) мемлекеттiк тiлде емтихан тапсырсын деген бапты «бұл елiмiздегi басқа ұлт өкiлдерiн тiлдiк тұрғыдан дискриминацияға ұшырату» деп қабылдады. Тіпті, оның кезінде мектептерде мемлекеттік тiл пән ретiнде аптасына 3 сағат қана жүргiзiлдi.
ҰБТ дауы одан кейінгі министрлерді де тыныш отырғызбады. Әсіресе Жансейіт Түймебаев министр болған жылдары министрлікке тестілеудегі олқылықтарға байланысты шағымдар көп түсті.
Осы жылдары талай уақыттан бері талқыға салынып, бір қайнауы ішінде болып келген «Ғылым туралы» заң қабылданды. Түймебаевтың кезінде көп іс атқарылды. Мысалы, халықаралық деңгейдегі Болон декларациясына қол қойылды. Осының нәтижесінде жастарымыздың шетелде оқуына көп жағдай жасалды. Сосын мектептердің интернет желісімен қамтылуы, электронды тақтаның орнатылуы, жоғары оқу орындарында электронды кітапханалардың жұмыс істеуі – міне, осының бәрімен Түймебаевтың командасы жақсы жұмыс істеді. Тағы бір түйткіл, білім ошақтарында хиджаб киюге тыйым салуы.
Бақытжан Жұмағұлов Түймебаевтың бастаған ісін жалғастырды. Еліміздің облыс орталығы мен ірі қалалары тұрмақ, аудан орталықтарындағы саны бар, сапасы төмен жоғары оқу орындарын жабуға кірісті. Ол жыл өткен сайын сырттай оқу орындарының қатарының сирейтінін де алға тартқан. Мұнымен қоса, ол ұлттық бірыңғай тестілеу талаптарын күшейтіп, тест жауаптарының қолды болуына қатаң тыйым салуға белсене кіріскен министрдің бірі.
Бірақ ата-ана мен ұстаз қауымы министрліктің «колледж студенттері жоғары оқу орнына түсерде кешенді сынақ тапсырады» деген бұйрығын қолдамағанын айту керек. Мамыр айында Экономикалық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі Өскемен қаласындағы 700 оқушыға арналған білім ұясының құрылысына бөлінген 1,5 млрд теңгені қолды қылғаны үшін Білім және ғылым вице-министрі Саят Шаяхметовті қамауға алған болатын. Сол кезде Жұмағұлов орынбасарының мұндай әрекетке барғандығы жөнінде қандай да бір түсініктеме беруден бас тартқан еді. Ал кейбір сарапшылар орынбасары қылмыспен қолын былғап жатқанда басшысы өз еркімен отставкаға кету керектігін айтқан. Демек, министрдің қызметтен кетуіне негізгі себептің бірі осы болса керек. Оның үстіне бір топ ғалым Жұмағұловты докторлық диссертация жазу кезінде плагиаттықпен айналысты деп шу көтерді. «INSIDERMAN» интернет-басылымында «Министр Жумагулов подозревается в масштабном и беспринципном плагиате» атты материал жарық көрдi (авторы – А.Құдайқұлов). Оның айтуынша, Бiлiм және ғылым министрi Бақытжан Жұмағұлов өзiнiң 1997 жылы қорғаған докторлық диссертациясын түгелге жуық өзге ғалымдардың еңбектерiнен жымқырған. Атап айтсақ, орыс ғалымдары В.Н. Монахов, С.Н. Антонцев, А.Н. Коновалов, О.Б. Бочаровтың еңбектерiнен көшiрген. Айтпақшы, Бақытжан Жұмағұлов министр болып тұрғанда қолға алған маңызды бастамасы ретінде шетелдегі қазақ ғалымдарын елге қайтаруға әрекеттенгенін атап айтуға болады. Ол шетелдерде еңбек етіп жүрген қазақ ғалымдарын елге қайтару жөнінде мәжіліс депутаттары алдында бастама көтеріп, сыртта жүрген 125 ғалымның Қазақстанға қажет екенін ашық айтқаны есімізде. Нәтижесінде біраз ғалымдар елімізге оралып, жұмыс істей бастады.
Ал Білім және ғылым министрі қызметіне Аслан Сәрінжіпов тағайындалған кезде
белгілі саясаттанушы Дос Көшім: «Жаңа министр білім саласында оншалықты жұмыс істемеген, ЖОО-да тәжірибесі жоқ көрінеді. Қазақстанның білім саласы өте тұралап қалған сала. Бұған бір министрдің шамасы жетпейді. Оған концептуалды реформалар керек. Осы уақытқа дейінгі келген әр министр жақсартудың орнына, былықтыра түскен сияқты. Әрі бастаған ісін аяқтамай кетті. Әйтпесе, белгілі бір нәтижесін көретін едік қой. Сондықтан министрдің кемінде бес-алты жыл отырғаны дұрыс деп санаймын. Қолға алған дүниесін жүзеге асыруына мүмкіндік беру керек. Біріншіден, ЖОО-ын жайлаған коррупцияны жою керек. Екінші, оқулықтардың жағдайы. Үшіншіден, тұралап қалған ғылым саласын көтеру» деген еді. Сәрінжіпов енгізген бір реформа – Қазақ Ұлттық техникалық зерттеу университеті мен ҚБТУ-ды біріктіру болса керек. Ол еліміздегі жетекші оқу орындарын өз мәселесін өзі шешетін «автономды университетке» айналдыруды мақсат тұтты. Қазақстандағы ЖОО-ын біріктірумен қатар жеке меншік университеттерге әжептәуір қысым жасаған еді. Экс-министрдің қызметтен кетуіне «Ақжол» партиясының жетекшісі Азат Перуашевпен арада болған дау да әсер еткені анық. Министрліктің жұмысын сынға алған депутат «Заңды өзгерткеннен министрді ауыстыру оңай болар еді», – деп Сәрінжіповтің жұмысын іске алғысыз етіп тастады. Министр де қарап қалмай, депутатты әлдебір топтардың, атап айтқанда шағын оқу орындарының мүддесін қорғайтын «Лоббист» деп айыптады. Бұған шамданған Перуашев полицияға арыз жазып, министр тергеушілерге осы айыптауына қатысты түсінік берген де болатын. Алайда, депутат пен министр арасындағы бұл дау бейбіт аяқталған еді. Аслан Сәрінжіповтің министрліктегі қызметіне байланысты мін таққандардың бірі экс-депутат, бүгінде Сенат төрағасы Дариға Назарбаева болды. Дариға Нұрсұлтанқызы Сәрінжіповтің білім саласында жасап бастаған реформаларын «колхозшылдыққа» теңеген еді. Бұдан басқа ғылыми-зерттеу жұмыстары үшін бөлінетін мемлекеттік грантты бөлуге қатысты талаптар да Аслан мырзаның бас ауруына айналғанын жасыруға болмас.
2016 жылғы ақпаннан 2019 жылғы ақпанға дейін тізгінді ұстаған Ерлан Сағадиевтің іске асырған реформалары ата-ана, бала-шаға тұрмақ, білім саласындағы мамандарды титықтатып жіберді.
Көпшілік министрдің үштілділік оқыту жүйесіне, оқулықтағы олқылықтар, ЖОО-на түсу жүйесінің өзгеруіне қатысты реформаларына сын тақты. Сағадиевтің «саясаты» сауат ашуға емес, сауатсыздыққа әкеп соққандай әсер бар. Айдың-күннің аманында әліппесіз қаламыз деп кім ойлаған? «Сауат ашу» пәнін оқу бағдарламасына енгізген министрлік «Әліппені» мектепалды дайындық тобында оқытуға кірісті. Сағадиевтің тағы бір шығынды шаруасы – сырттан маман шақыруы. Білім және ғылым министрлігі 2016-2018 жылдар аралығын қамтитын бағдарлама қабылдаған. Соның аясында былтыр шеттен 22 адам қызметке алынып, 40 топ-менеджер шақырылған. Оларға бюджет есебінен 2 миллиард 78 миллион 200 мың теңге бөлінетіні де айтылды.
Биыл ақпанда бұл қызметке талай жыл білім саласының майын ішкен маман Күләш Шәмшидинова келгенде қуанбаған адам кемде кем.
Дүйім ел «Салаға өз ісінің білгірі келді» деген баға берді. Жаңа министр келе салып мектеп оқулықтарындағы олқылықтарды түзейтінін жеткізді. «Оқулықтарда кемшіліктер бар. Республикалық комиссия кейбір оқулықтарды қайта түзетуге жіберді. Оқулықтар басып шығаруға жібермес бұрын, былтырғы жылдағыдай қоғам талқылауынан өтеді», – деп мәлімдеді. Күләш Шәмшидинова балалар ең алдымен өз ана тілін, қазақ тілін білуі керек деп есептейді. «Заман талабына сай, балаларымыз, ең бірінші, өз ана тілін, қазақ тілін білуі керек. Себебі, қазақ тілін біз тек Қазақстанда ғана дамыта аламыз. Екіншіден, жалпы интеграциялану үшін, басқа көрші мемлекеттермен жұмыс істеу үшін бізге орыс тілі мен ағылшын тілі қажет. Міне, осы жағдайға байланысты қазір мектептерде пәндер қазақ, орыс және ағылшын тілінде оқытылып жатыр», – деді. Сондай-ақ, министр келесі жылы жаңа білім бағдарламасы қабылданатынын тілге тиек етті. «Қазақстанның білім бағдарламасы биыл аяқталып, келесі жылға жаңа білім бағдарламасы қабылданады. Бірақ, жаңа білім бағдарламасы аясында үлкен күрделі өзгерістер туралы әңгіме айтылып отырған жоқ. Біз басталған шаруаны өз биігіне шығаруымыз керек», – деді.
Министр бір-екі күндікте тағы бір жағымды жаңалықтың шетін шығарды. 1 шілдеден бастап бюджеттік сала қызметкерлерінің жалақысы 30 пайызға артып, осылайша жоғары санаты бар қала мұғалімінің жалақысы 158 034 теңге, ауылдық жерлерде 180 908 теңгені құрайтын болады. Мұнымен қоса, соңғы кездері кәдімгідей бәсекеге айналып кеткен түлектердің кешін мектепте өткізу керегін айтып: «Артық ақша шашудың да қажеті жоқ. Аста-төк отырыс жасамау керек. Лық толы дастарқан жайып, қымбат көйлек алудың да қажеті шамалы. Түлектер кеші өзара бәсеке үшін жасалмайды. Мектеп бітіру кеші киім көрсетіп, жарысу үшін ғана емес, ата-аналар мен балалардың кездесуі үшін жасалады» дегенін көпшілік бірауыздан қолдағанын айта кеткен жөн.
Қазақстанның Білім және ғылым министрлері кімдер? 1988-1993 жылдың қазанына дейін – Шайсұлтан Шаяхметов 1993-1994 жылдың қарашасына дейін – Ережеп Мәмбетқазиев 1994-1997жылдың наурызына дейін – Мұрат Жұрынов 1997-1997 қазанына дейін – Иманғали Тасмағамбетов 1997-2000 жылдың желтоқсанына дейін – Қырымбек Көшербаев 1999-2000 жылдары – Владимир Школьник 2000-2002 жылдың қаңтарына дейін – Нұрәлі Бектұрғанов 2002-2003 жылдың 15 маусымына дейін – Шәмшә Беркімбаева 2003-2004 жылдың 13 желтоқсанына дейін – Жақсылық Күлекеев 2004-2007 жылдың 8 қаңтарына дейін – Бірғаным Әйтімова 2007 жылдың 10 қаңтарынан – Жансейіт Түймебаев 2010 жылғы 22 қыркүйектен – Бақытжан Жұмағұлов. 2013 жылғы 2 қыркүйектен 2016 жылдың 10 ақпанына дейін – Аслан Сәрінжіпов. 2016 жылы 10 ақпаннан – 2019 жылдың 2 ақпанына дейін Ерлан Сағадиев 2019 жылдың 2 ақпанынан Күләш ШәмшидиноваЕрсайын Ерқожа, Білім министрлігінің бұрынғы қызметкері: – Ш.Шаяхметовтен бері 15 министр тағайындалды. Жаңа министрден де аса ештеңе күтпеймін. Білім саласында қызмет істеп жүргенде де ашық пікір айтып, кемшілікті түзетуге дайынбыз дегенді айтқан емес. Қысқасы, шешуге тырысқан жоқ. Алайда министр болғалы айтқан ұсынысының бәрі құлаққа енеді. Мысалы, үштілділікке, материалдық-техникалық базаға, тестілеуге байланысты дұрыс пікір айтты. Бірақ оны орындау жағына күмәнім бар. Себебі, оның айналасындағылар білім саласының баспалдағынан өтпегендер. Маман жоқ жерде білім саласын түзеу мүмкін емес. Екіншіден, кез келген мәселеге дайындықпен кірісу керек. Мысалы, Шәмшидинова министрдің орынбасары болып жүргенде талай мәселені айттық та, жаздық та. Бірақ бірде біріне жауап қайтарған жоқ. Оқулықта 1998 жылдан бастап қате кете бастады. Соны бұл кісінің толық түзеуге мүмкіншілігі болды. 12 жылдыққа көшу мәселесі де сол кезде көтерілді. Оған мұғалімдер тапшы, материалдық-техникалық база, көрнекі құралдар дайын еместігін айта алмады. Меніңше, Шайсұлтан Шаяхметов пен Ережеп Мәмбетқазиевтен басқалары білім саласын құлдыратып жіберді.
PS:
Біз еліміздің білім және ғылым саласын басқарған министрлердің қолға алған бастамалары мен енгізген реформаларының жай-жапсарына тоқталдық. Саралай келе, бірі бастаған істі екіншісі іліп әкетпейтініне көз жеткіздік. Білім саласына тиімді талай реформаның аяқсыз қалып жатқаны содан шығар. Ендігі үміт – Шәмшидиновада.
Динара
МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ