Зеленскийдің жеңісі

Зеленскийдің жеңісі

Зеленскийдің жеңісі
ашық дереккөзі
293
Сонымен, демократиялық құндылықтарға бой ұрған Украина жаңа президентін сайлады. Екінші кезеңге өтіп, көш бастаған Петр Порошенко мен Владимир Зеленский сайлауалды дебатта да барын салды. Алайда, биліктен жаңа леп, тың серпіліс күткен халық даусын әртіс Зеленскийге берді. Халықтың құлағы екінші кезеңдегі дебатта түрік болды. Порошенко қанша мәрте дебатты өткізетін жерді өзгерткісі келсе де, оны қарсыласы құптаған жоқ. Сөйтіп, Зеленскийдің таңдауымен Киевтің «Олимпийский» стадионында кездескен екеу арасындағы ашық пікірталас талайдың айызын қандырғанға ұқсайды. Мәселен, Зеленский Украинаның басына түскен саяси-экономикалық жағдайдың бәріне Порошенконы айыптады. «Бес жылдан бері Донбасстағы соғысты тоқтата алмады. Сонда халық оған сөзге шешендігі, қаржы жағынан мықты маман болғаны үшін дауыс берді ме?», – деді. Алайда, оның уәжіне де қарсы жауап берген Порошенко: «Зеленский өте әлсіз үміткер. Себебі ол Путиннің соққысын көтере алмайды» деді әзіл-шыны аралас. Ал Зеленский Украинаны бес жылдан кейін не күтіп тұр деген сауалға жауап беруден бас тартты. Ол іле-шала «Мен бір кезеңге ғана президент боламын. Мен пайғамбар, ал сіз Мойсей емессіз» деп қысқа қайырды. Порошенко да қалыс қалмады. «Зеленский өз бетімен жүре алатын саяси тұлға емес, ол олигарх Коломойскийдің қуыршағы», – деді ол. Бұл дебатта не айтылмады дейсіз ғой. Бұрын-соңды осындай саяси пікірталасты сағынған жұрт көкейіндегі біраз сауалға жауап алды. Алайда, халықтың таңдауы Зеленскийге түсті. Мәліметтерге сәйкес, Зеленскийге 73,4, ал Порошенкоға 24, 61 пайыз дауыс берген. Орталық сайлау комиссиясы Украина президентінің есімін 1 мамырдан кешіктірмей жариялауы тиіс. «Мақсатымызға жеттік! Маған қолдау көрсеткен ата-анама үлкен алғысымды білдіргім келеді. Мені жеңісіммен құттықтаған Украина президенті Петр Порошенкоға ризашылығымды айттым. Ол кез келген уақытта көмектесуге дайын екенін жеткізді. Себебі, ол менің және командамыздың жеңгенін мойындады», – деді ағынан жарылған Зеленский   экзит-полл нәтижелерінен кейін. Украина билігіне келетін Владимир Зеленский ең алдымен жемқорлықпен күресіп, жаңа реформаны жүзеге асырмақшы. Сондай-ақ, Мәскеумен келісімге келіп, елдің шығысындағы халықтың берекесін қашырған соғысты тоқтатуға бар күшін салатынын да тілге тиек етті. Ал Украинадағы Майданнан кейін билік басына келген Порошенко президент болып сайланғанда Донбасс пен Луганскідегі соғысты тоқтатып, Ресей аннексиялап алған Қырымды аз ғана уақыттың ішінде кері қайтарам деп уәде берген-ді. Өкінішке қарай, Порошенко халыққа берген уәдесін орындай алған жоқ. Ол билік құрған бес жылда Украинада экономикалық даму күрт төмендеп, жең ұшынан жалғасқан жемқорлық әрекеттер өріс алғаны жасырын емес. Порошенконың Панамгейт дауында аты аталуы, елінде соғыс болып жатқанда Мальдив аралдарында жүздеген мың доллар жұмсап, демалуы халықтың ашу-ызасын туғызғаны белгілі. Қысқасы, ол сайлаушылардың сенім үдесінен шыға алмады. Осылайша, Украинадағы президент сайлауы да мәресіне жетті. Бір айта кетерлігі, халықаралық бақылаушылар сайлаудың демократиялық талаптарға сай, әділ және ашық өткенін баса айтты.

Динара Мыңжасарқызы

Серіктес жаңалықтары