Шымкентте мәйіті табылған әйелдің туыстары марқұмның өзіне қол жұмсағанына сенбейді

Марқұмның туыстары істің “кісі өлтіру” бабы бойынша тергелуін талап етіп отыр.

Шымкентте мәйіті табылған әйелдің туыстары марқұмның өзіне қол жұмсағанына сенбейді
Фото: Марқұмның отбасының жеке мұрағатынан
909

5 ақпан күні Шымкенттегі көпқабатты үйлердің бірінің ауласынан 42 жастағы әйелдің мәйіті табылды, деп хабарлады turkystan.kz Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.

7 баланың анасы, марқұм Шолпан Ақмырзанының туыстары әйелдің өзіне қол жұмсағанына сенбейтіндерін айтады. Қайғылы оқиғадан бір күн бұрын Шолпанның 4 жыл бұрын ажырасқан күйеуі қайта келіп, келіншек балаларының әкесімен қайта табысқан көрінеді. Алайда, арада 1 күн өткенде әйелдің терезеден секіріп көз жұмғаны анықталды. 

"Мен өзі өлгеніне сенбеймін. Үшінші қабаттан секіргеннің өзінде де ондай жарақаттар болмайды. Інімнің айтып тұрған сөзіне мен сенем. Ұрған, сүйреген, терезеден лақтырып жіберген дейді. Одан алдын да бізде күнде ұрыс-керіс болатын. Анам 2020-да заңды түрде ажырасса да мекенжайымызды біліп күнде тықылдатып тұрып кіретін", – дейді марқұмның қызы Перизат Қалдарбек. 

Қайғылы оқиғаның екі ғана куәгері бар. Олар марқұмның 10 жасқа толмаған балалары. Қара жамылған отбасы балалардың сөзіне сенеді. Өйткені ер адам тергеуде әйелінің өзіне қол жұмсағанын мәлімдеген.

"Төрт жасар баласы айтып отыр. Гантельмен басын ұрып-ұрып құлады. Одан кейін қашып бара жатқанда тізесінен тағы гантельмен ұрды. Мына қашқан аяғың ба деп. Құлаған адамға ұқсамайды. Әбден білгенін істеп, ұрып-ұрып, денесіне бұрауыш тыққан, пышақ тыққан денесінің бәрін көгала қойдай қылып тастаған”, – дейді марқұмның әпкесі Ақмарал Ақмырза. 

Марқұмның туыстары істің “өзін-өзі өлтіруге жеткізу” емес, “кісі өлтіру” бабы бойынша тергелуін талап етіп отыр. Ал жергілікті полиция департаменті тергеу құпиялылығын алға тартып, істің қай бап бойынша жүргізіліп жатқанын мәлімдеген жоқ.

"Азаматшаның өлім жайты бойынша полициямен қылмыстық іс тіркелген. Қазіргі таңда жайттың барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу іс-шаралары жүргізілуде. Сот-медициналық сараптамасы жүргізілуде. Күдікті қамауда", – делінген шымкент қалалық полиция департаментінің хабарламасында.

Азаппен ажал құшты деген Шолпан Ақмырза жолдасымен 22 жыл бірге тұрған. 4 жыл бұрын заңды түрде ажырасқан жұбайлар, одан кейін бірнеше рет табысып, тағы екі бала туылыпты. 7 перзентінің екеуі кәмелет жасына толған. Ал қалғандары әзірге балалар үйінде. Марқұм сауда жасап, перзенттерін жалдамалы пәтерде жалғыз өзі асырап келген көрінеді.

 

Серіктес жаңалықтары